Мәулен Әшімбаев: Бұл дағдарыстың уақытша екенін ұмытпайық

Уақыты: 2020-04-04 Көрлімі: 853 Сипаттама

Қазір бүкіл əлеммен бірге біздің еліміз де сын-сағатын бастан өткеруде. Бұл тығырықтан...

10051521.jpg

Қазір бүкіл əлеммен бірге біздің еліміз де сын-сағатын бастан өткеруде. Бұл тығырықтан шығу үшін Мемлекет басшысы ауқымды шаралар қабылдағанын білесіздер. Олар негізінен індетпен күресуге жəне халық пен бизнесті қолдауға арналып отыр. Соған сəйкес орталықта жəне өңірлерде тиісті жұмыстар қолға алынды. Алдағы уақытта оның бəрі оң нəтиже беретініне ешқандай күмəн жоқ.

Сондықтан бізге дәл қазір сабыр сақтау керек. Біз бұдан да қиын кезеңдерде сағы сынбаған халықпыз. Өткен ғасырдың өзінде алапат аштық пен дүние жүзін шарпыған сұм соғыстан аман өттік. Соның бəрін аталарымыз ынтымақ пен төзімнің арқасында еңсерді. Қандай қиын-қыстау кез болса да бірлігіміз бен берекемізге еш сызат түсірген жоқ. Қайта сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жұдырықтай жұмыла білді.

Қазір де дəл солай бірігуіміз қажет. Бүгінмен ғана емес, болашақты ойлап өмір сүрейік. Мемлекет ешкімді аш-жалаңаш қалдырмайды. Президентіміздің тапсырмасымен мұқтаж азаматтардың бəріне көмек көрсетіледі. Тек шыдамдылық танытқан жөн. Қашанда жоққа сабыр, барға қанағат еткен халық едік қой. Сол құндылықтарымызды жоғалтпайық. Осындай сындарлы сəтте жаға жыртыспай, байбалам салмай, қайта ұлт болып ұйысуды, ортақ іске жұмылуды ойлайық. Тəуелсіздіктің, елдіктің қадір-қасиетіне мəн берейік.

Қолдау шараларын жүзеге асыру кезінде техникалық ақаулардың болғаны рас. Мықты деген жүйенің өзі бір мезетте мыңдаған адам қосылған кезде сыр береді. Алдағы уақытта ондай олқылықтардың қайталанбауы үшін жаңа ресурстар іске қосылып жатыр. Сондықтан, қайталап айтамын, ешкім қолдаусыз қалмайды.

Ең бастысы, бұл дағдарыстың уақытша екенін ұмытпайық. Одан аман-есен өтеміз. Оған ешкімнің күмəні болмауы керек. Ұсақталмайық. Мына қиындықты ұйысуға берілген мүмкіндік деп қабылдап, бірлігімізді, ірілігімізді танытайық. Тəрбиелеп отырған ұл-қызымызға солай үлгі көрсетейік. Біртұтас ұлт болып қалыптасудың қамын ойлап, елдігімізді нығайтуға баса мəн берейік.

Осы дағдарыстан кейін кейбір басымдықтардың өзгеретіні түсінікті. Тіпті бүкіл əлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басады десек те артық емес. Сол сәтте бізге осалдық танытуға болмайды. Осындай кезде əлсіз тұстарымыз да көрініп жатыр. Соларды жетілдіруіміз керек. Соның бəрін ескеріп, Мемлекет басшысы медицина, білім беру, цифрландыру салаларын дамыту үшін нақты міндеттер жүктеп отыр. Яғни, дағдарыстан кейін осы бағыттарды жандандыруға басымдық беріледі. Экономиканы əртараптандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Президент бұдан басқа да нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Соның бəрі өз жемісін беру үшін бірлігімізді күшейтейік.

Халқымыз «көппен көрген – ұлы той» дейді. Бұл сынақпен тек біз емес, бүкіл жаһан жұрты бетпе бет келіп отыр. Сондықтан еңсемізді түсірмейік, ел екенімізді естен шығармайық. Қандай дүрбелең болса да мойымай, морт сынбай, лайықты еңсере білейік.

Біз – рухы мықты халпықпыз. Азаматтарымыздың кешегідей əнұран шырқап, бекем бірліктің озық үлгісін көрсетуі соған дəлел. Еліміздің барлық өңірінде белсенділік танытып жүрген волонтерлердің де ерен еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Арамызда өз еркімен əскерге барғысы келетіндердің де қатары қалың екені қуантады.

Ендеше, қазіргідей қиын шақта бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып, Президентіміздің қасына топтасайық. Сонда осы сынақтан сүрінбей өтіп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақ елі мəңгі жасасын!

Мәулен ӘШІМБАЕВ

ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары


Пікір жазу
  • ІНДЕТ пен МІНДЕТ
    Мақсат Халық: Санадағы дағдарыс басталып кетпесе екен