Латын негізді әліпбиге көшуде әр қаріптің, әр дыбыстың сақталуы ерекше маңызды

Уақыты: 2020-03-06 Көрлімі: 924 Сипаттама

Асығыстықтың арты – өкініш. Тіл мәселесіне келгенде жүз ойланып, мың толғанып барып шеш...

88237074_688883215268126_2465227179688984576_n.jpg

Асығыстықтың арты – өкініш. Тіл мәселесіне келгенде жүз ойланып, мың толғанып барып шешім қабылдануы керек. Алайда ұзын арқан, кең тұсауға салып созбақтауға да негіз жоқ.
Латын негізді әліпбиге көшуде, қазақтың ұлттық әліпбиін қалыптастыруда, әр қаріптің, әр дыбыстың сақталуы ерекше маңызды. 70-тен астам ғалым жұмылдырылған 4 жұмыс тобы ұлттық әліпбиді қалыптастыру, алдыңғы жобаларды жетілдіру мақсатында үлкен жұмыс жасады. Әр әріпті қалай белгілеу керектігі туралы сараптаулар жасалды, кеңестер өткізілді. Ғалымдардың пікірі тоғысқан бір мәселе, бұрынғы кириллицада қанша әріп болса, сонша дыбыс мұнда да болуы керек деген қағида жарамайды. Тілімізде еш қажеттілігі жоқ кірме дыбыстар да болғаны мәлім. Латынға көшудің бір мәні де сол – кезінде еліміз басынан кешкен бодандық заманда еркімізден тыс енген дыбыстардан құтылу, тіл тазалығына қол жеткізу. Бұрын 42 қаріп болса, енді 31 немесе 32 қаріп болуы мүмкін. Алайда бұл қаріптер қазақтың әр дыбысының өз үнін, әуезін, айту, оқу, жазу ерекшелігін толық бере алады.
Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен бұған дейін де 14 ақпанда өңірлердегі Тіл басқармаларын тарта отырып республикалық ашық талқылау өткізгені белгілі. Талқылауға ұсынылған жобаларға аймақтардағы филолог ғалымдар мен тіл мамандары өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын берген болатын. Осы және өзге де талқылау қорытындылары негізінде 20 ақпанда, Алматыда ғалымдардың Жұмыс тобы өз отырысын өткізіп, ұсынылған бірнеше жобаның әрқайсысының артықшылықтарын ала отырып, бір жоба жасап, мақұлдаған. Тек бірді-екілі кірме дыбыстарға қатысты ортақ пікірге келу қалған. Бұл мәселе бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Әшімбаев ғалымдармен кездесіп, аталған мәселені пысықтауға тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, Тіл комитеті аймақтардағы Тіл басқармаларымен бірлесе отырып, ертең, 5 наурызда, еліміздің барлық аймақтарында филолог ғалымдар мен тіл мамандары арасында республикалық ашық талқылау өткізгегі отыр.
Мақсат - жетілдіру үстіндегі әліпбиді тағы бір рет көпке салып талқылап алу. Осыған байланысты бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегі Тіл басқармаларымен онлайн конференция өткізіп, талқыланатын мәселені жеткіздік. Аймақтардағы ғалымдар бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтетін ашық талқылауға белсенді қатысып, өз пікірлерін ортаға салады деп сенемін.

Әділбек Қаба.
Тіл саясаты Комитеті төрағасының орынбасары.


Пікір жазу
  • "Коронавирустан қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес"
    Коронавирустан кейін не болады