Қанат қазаққа әлі талай қуаныш сыйлайды

Уақыты: 2019-10-28 Көрлімі: 1494 Сипаттама

Қанат қазақты бұған дейін талай қуантқан болса, әлі талай қуаныш сыйлайды. Бастысы Қанат Ислам 19 бен 20- ғасырдағы бөлінген қазақтың 21 ғасырдағы бас қосуының бокстағы паспорты болып қала береді.

...

news_full1572098664119088952c32b45f989b80986b968da0.jpg

Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында 26 қазан күні өткен кәсіпқой бокс кешінен кейін Қанат Исламға қарата әлеуметтік желіде түрлі сын-пікірлер айтылып жатыр. Сын-пікір дегенімізбен оның басым бөлігі кекету-мұқату мен Қанатты тұқыртуға бағытталғандай. Біреу сүрінсе, жығып тынбайтын әлеуметтік желінің әдеті бойынша, оңды-солды пікірлерді төпелетіп Қанатты қатардан шығарып тастауға тырысып жатқандар да жоқ емес.

Біреу мойындап, біреу мойындамай жатқан бұл кешкі жеңіс Қанат Ислам үшін де өте ауыр болды. Бокс кешінің алдындағы сұхбаттарында қарсыласының өте тәжірибелі және әккі боксші екенін айтқан болатын. Бесінші раундқа дейін Қанат Ислам қарсыласынан басымдығын көрсетті. Бесінші раундта  Вальтер Каутондокваны нокдаунға түсірді. Қанаттың бүгінгі әлеуметтік желінің негізгі тақырыбына айналуының себебі осыдан кейінгі раундтар болды.  7,8- раундта Вальтер Каутондоква Қанаттан басым болып, Қанат бұл кездерде шаршап қалғандай көрінді.  9, 10 раундта екеуі де бір-біріне ойдағыдай соққылар жасай алған жоқ. Қанаттың бұлай жанкүйерлерін алаңдатуының себебі бүгін белгілі болды. Qazaq Promotions промоутерлік компаниясының жариялауынша Қанат Ислам соңғы 4 раундта сынған қолымен жұдырықтасыпты.

191027174555048e.jpeg

Сынаушылармен бірге Қанатты қолдап пікір білдіріп жатқандар да аз емес. Соның бірі белгілі спорт комментаторы  Амангелді Сейтхан бұл кеште ешқандай ұялатындай себеп жоқтығын жазды.

«Бесінші раундта бір ұрып, қарсыласын екі бүктеген Қанат содан кейін естен танбаса болды, жеңісті еншілейтінін біліп тұрды. Қандай да бір соққыға шыдайтын жігіт емес пе, қашса да пысса да қарсыласына алдырмады. Нокдаун есебінен жеңіске жетті. Рас, тең беруге де болатын еді, бірақ бәсеке Қазақстанда өткенін де есте ұстау керек, негізі. Сіләмнің ұлын ақтау ойда жоқ. Қайта сүйсіндік. Не деген мінез! Қарсыласы ұрса езу тартады. Қасқыр секілді. Қақпандаға түскенін ұрып көріңізші, қыңсыламайды, ыр етуі, ыржың етуі мүмкін. Әйтпесе жата береді. Сізге назар аудармастан. Қанат та солай.

Жігіттің езі болғанда Қанат рингте езу тартпас еді. Қабақ шытқанын көрдіңіз бе? Өзі таңдады. Өзі соңына дейін жеткізуі тиіс екенін ұқты. Уолтер Каутондоквоңыз оңай қарсылас емес. Қанат та қызық. Оны неге таңдайды. Елге әкеліп, екпетінен түсіретін біреуді шақыруы тиіс еді. Жоқ, оған бармады. Өзіне ыңғайсыз, бойы да ұзын, қолы да ұзын әлемдік рейтингте өзімен қатарлас жігітті таңдаған. Тағы да қазақстандықтар шулаған соң. «Дұрыс біреуді әкеліп, жеңсей». – деп айқайладық қой. Уолтер өткенде Деметриуса Андрадеге қарсы сойқан салған. Белдік иесі болғаннан кейін таңдау Қанатқа тиесілі еді. Жоқ, бұл жерде Қанаттың қуылық жаққа аттап баспайтынын ғана айтқымыз келді. Мүмкін өзін сынап көруді де дұрыс көрген болар. Күні ертең Деметриуса Андрадемен кездесіп жатса өзін сауатты ұстау үшін»,- деп пікір білдірді Аман Сейтхан.

203111_fef35b95524e36d18b2bff5047dbfdd5.jpg

Қанатты сынап-мінеушілердің бірі жасын айтса, енді бірі Алматы әкімінің келгенін айтып, «Нұр Отан» партиясымен байланыстырса,  тағы біреулер Қытай елшісінің барып суретке түсуін әңгіме қылды. Онымен қоймай Қанаттың домбраның үнімен шығатынынан да мін іздеушілер табылды. Бұл пікірлерге жауапты біз бермесек те, Қанат Ислам бұған дейінгі сұхбаттарында тоқталып кеткен екен.

"Сын түзелмей, мін түзелмейді. Бүгін барып төр менікі деуге болмайды. Әркімнің өз жолы бар. Қыран шыңға қалықтап шықса, жылан өрмелеп шығады. Жетістікке әр адам әртүрлі жолдармен келеді. Мен кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайынмын. Алайда, ондай менде мүмкіндік жоқ. Саульді мексикалықтар қолдап отыр. Жекпе-жектері мен телетрансляциясын сатып алады. Ал бокс қарайтын қазақстандықтардың саны аз. Сондықтан мен қаншалықты аты шыққан боксшы болғаныммен, АҚШ-та маған көрермен жоқ. Онымен жұдырықтасуға мүмкіндік болғанда, бәрі де басқаша болатын еді.  Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 35-темін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. Шалмын десең, отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс", - депті Қанат Ислам бұған дейінгі сұхбаттарында.

2019_10_27_f525e44c64baed88aaa27df3a40fba80.jpg

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) намибиялық Уолтер Каутондоквоймен (18-2, 17 КО) жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, Ислам – WBO рейтингінде 8-нөмірде тұр және одан жоғары көтерілуі мүмкін. Бұл Қанат үшін ең керемет бокс кеші болмаса да, ол жеңіске жететіндей жеткілікті әрекет жасады», - деп жазды. Ал, Әлемдік кәсіпқой бокс порталы BoxRec бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (27-0-0,21 КО) осы жолғы жекпе-жегінің нәтижесін ресми тіркеді. Жаңартылған рейтингіге сәйкес, Қанат 137.9 ұпаймен орта салмақта 41- орыннан 17-орынға, қарсыласы Уолтер Каутондоква (18-2, 17 КО) 67.88 ұпаймен 25-орыннан 41-орынға ығысты. 

Қанат Ислам шетелде туып өскен қазақ баласының бірі ретінде Атамекеніне оралып, қандастарының ықыласына бөленді. Кәсіпқой бокста осы күнге дейінгі жеткен жетістігі болса, оған Нұр Отан да, басқа да емес қазақтың бірер атымтай жомарттарының қаржылай қолдаунда, өзінің қажырлы еңбегі нәтижесінде жетті. Шаршы алаңға күй ойнатып шықса, қазақ халқының ықыласына да солай бөленді. Қанат пен көптеген жанкүйерлерінің арасындағы байланыста осы күйдің үнінде жатқандай. Ағайын арасындағы бауырмалдық пен сыйластық, алыстағы ағайынға деген сағыныш, Қанаттың бойындағы рух пен шынайы болмыс қосылып, Қанаттың бокстағы абройын Жанат Жақиянов бастаған 4 әлем чемионынан кем етпеді. Қанат та соған сай өз миссиясын өтеді. Қазақ рухын асқақтатты. Өзі айтқандай алда тағы талай жекпе-жекке шығар, болмаса өзі шықбаған шыңға шәкірттері жетер. Қанат қазақты бұған дейін талай қуантқан болса, әлі талай қуаныш сыйлайды.  Бастысы Қанат Ислам 19 бен 20- ғасырдағы бөлінген қазақтың 21 ғасырдағы бас қосуының бокстағы паспорты болып қала береді.

Т. Құрметұлы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Зікірия Жандарбек: Орталық Азиядағы діни-рухани үдерістер астарында не бар?
    Камбоджаның байлығы кімнің қолында?