Жәркен Бөдеш: Кіндік қаның тамған жерді аңсағанда соған жете алмай боздаудан ауыр қасірет жоқ

Уақыты: 2019-04-10 Көрлімі: 2580 Сипаттама

Екі-үш жыл бұрын барғанмын. «Құлагер» ықшамауданындағы көк түсті үйлердің қайсысы ақын...

1539250858_l.jpg

Екі-үш жыл бұрын барғанмын. «Құлагер» ықшамауданындағы көк түсті үйлердің қайсысы ақын үйі деп арлы-берлі жүрдім. Ақынға телефон шалсам, тұтқаның ар жағында ғыр-ғыр еткен дауыстан ештеңе естілмейді. Байланыс нашар сияқты. Алты деп жатқанын әрең түсіндім. Алтыншы үй. Ары қарай, өзі айтпақшы, мидай жазық. Өзі балконға шығып тұр.

Үйге кірдім. Бір бөлмеде өзі оқып болған кітаптар ретсіз жатыр. Жалғыз екен. Екі-үш күн бұрын ғана бір арнаның журналистері сұхбат алғанға ұқсайды. Көңіл күйі жақсы. Әңгімеміз бірден басталып кетеді деп ойлаған жоқпын.

***

— Арғы бетте мені танитын, мен танитын ешкім қалған жоқ. Бірінің артынан бірі бауырларым кетті. Қазір мынау Жәркен деп айтпаса, мені біреу танымайды. Қазір маған баруға да болмайды. Шулатып келген адаммын ғой.

Соңғы рет қашан бардыңыз?

— Сексенінші жылдары бір топ қаламгер бардық. Осындағы ақын-жазушылардың шығармалары сол жақта басылды. Сол кезде бардық.  

— Бері қай жылы өтіп едіңіз?

— Жетпісінші жылдың басында келдім.

— Әке-шешеңіз сонда қалды ма?

— Иә, мен осы жақта жүргенде қайтыс болды.

— Неге өзіңіз ғана өттіңіз?

— Әкемнің тілін алдым. Ол кезде Қытайда мәдениет төңкерісі деген болды. Ақын-жазушылардың бәрі айдалды. Менің әдебиетке жақындығымды білетін әкем: «Менің тілімді ал. Атажұртты тап. Кетіп қалмасаң, сенің көзіңді жойып жібереді», – деді. Содан мені Жабақ дейтін кісіге тапсырды. Сонымен, бері қарай өтіп кеттік.

Жабақ осы жақта туып-өскен кісі. Семіз атына төрт-бес кісі мінгестік. Әлімғазы Дәулетхан бар. Жолда тағы адамдар қосылды. Шекараға келгенде төбемізден қалықтап ұшақтар келді. Алдымыздан қарсы алғандар: «Қорықпаңыздар, біз сіздерді ешқандай қылмыскер деп есептемейміз. Өз елдеріңізге келдіңіздер. Туысы барлардың туысы алып кетеді. Туысы жоқтар Көкшетау деген керемет жер бар. Сол жаққа жібереміз», – деді.

Сіз Көкшетауға кеттіңіз ғой? Ол жақта қанша уақыт болдыңыз?

— Иә. Онда екі жыл болдым.

Қой бақтыңыз ба?

— «Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр дегейсің.

Қойны-қонышын өлеңге,

Қойма ғып жүр дегейсің.

Қойға кетті дегенше,

Ойға кетті дегейсің.

Өлең дейтін бір елге,

Тойға кетті дегейсің», деп Қабдешке хат жазған кезім сол ғой. Сонда ол кісі Алматыда комитетте істейді екен. Жұмекен екеуі. Ең алдымен Жұмекенмен таныстырды, содан кейін Жұмекен мені Тахауиға алып барды. Өлеңдерімді оқып бердім. Жұмекен маған жұмыс сұрады. Тахаң өлеңімді тыңдап болып, азырақ мақтап: «Ертең Қоғалыға картошка теруге бір топ қыз жіберуші едім. Соның бастығы болып бар», – деп қойды. Маған бәрібір емес ме?! Бойдақ адаммын. Соған кеттім. Жақсылап істеп, олардан мақтау қағаз алып, Тахауиға әкеп бердім. Ары қарай бәрі қолдап кетті. Мұзафар Әлімбаев алғаш болып өлеңдеріме пікір жазды. Марқұм Оразақын Асқар бастығым болды. Үлкен кітап дүкені. Барлық дүние сонда бар. Жатып оқыдым, жұмыс істедім.

Көкшетауда қой бағып жүргенде елді сағынасыз. Жерді аңсайсыз. «Ұқсайсың меніменен бір туғанға» деп басталатын өлеңіңіз сол кезде жазылыпты ғой…

— Иә, елді сағынып жүргенде жазылған өлең. Көкшетауда жүргенде арғы беттен бір жігіт келді деп естідім. Көрші қыстақ. Бір-екі күн барып, көре алмай кеттім. Содан бір күні осындай жерде, осындай кісінің үйінде отыр дегенді естіп барсам, тура менімен бір туғандай, бауырымдай бір жігіт отыр. Өзі елден шалғайға кетсең, ұзақ уақыт көрмеген, бір ауылда бірге жүрсең қадірі болмайтын адамның өзі асқақтап кетеді емес пе?! Тура солай әлгі жігіт өз бауырымдай көрінді. Сол кезде жазған өлең ғой.

Ұқсайсың меніменен бір туғанға,

Ұқсайды мінез-құлқың, түр-тұлғаң да.

Анамның саусағының табы түскен,

Ағатай, жан қалтаңда құртың бар ма?

Кейін соған Қайрат Сейітқазин деген жігіт ән жазыпты. Менімен бір ауылда туған. Сол жақта басылған өлеңдерімнің ішінен көрсе керек.

Қазақстанға келгеннен кейін қанша жылдан соң елге бардыңыз?

— Он шақты жылдан кейін бардым. Ол кезде әлі Кеңес өкіметі бар. Заң қатал. Паспортың болса, баратын жерің шақыртса кез келген елге шыға бересің. Мені інім шақыртты. Сол шақыру бойынша бардым.

Шекарадан кезек бойынша шақыртып өткізеді. Оның алдында паспортты алып, тексеретін болуы керек. Мен алғашқы болып өткізгем, бірақ мені шақырмады. Әлі күтіп отырмын. Жоқ. Жұрттың бәрі өтіп кетті. Ең соңында мен қалдым. Бітті, мені өткізбейді деп ойладым. Сонша жыл сарғайып күтіп, зарығып тосып жүргенде тура туған елімнің табалдырығына келіп тұрып қайтып кетсем, маңдайымды тасқа ұрғандай болар едім. Жаным ауырып кетті. Бір кезде мені шақырды. Бәрі жақсы деп өткізіп жіберді. Сөйтсем, менің паспортым бір қуысқа түсіп кеткен бе, әлде ең астында қалып қойған ба, сондай бірдеңе. Содан ары өткен соң, машинаға салды да, алып кетті.

«Дертіңнен кеттім жауыр боп, Жәйірдан басқа жауым жоқ» деп жаздым ғой. Сол «жауыма» барып бас ұрдым. Тізерледім. Жеңілдім. Мен өмірден бір нәрседен жеңілген болсам, ол сағыныштан жеңілдім. Адам сағынғанда сол аңсаған дүниесіне жетіп, мауқын, сағынышын басады. Мен олай істей алмадым. Қазір де жете алмай отырмын. Сол сағынышымнан жеңіліп, Жәйір жауым болды. Дертім жауыр болды. Дүниеде кіндік қаның тамған жерді аңсағанда соған жете алмай боздаудан ауыр қасіретті мен білмеймін.

Тіпті менің Жәйір туралы өлеңдерім туған жер шекарасынан асып, туған ел, Отан туралы реңдерге ие болды. Жәйір арқылы күллі қазақ даласын жырладым десем де болады. Бірақ соның бәрі менің сағынышыма дәру бола алған жоқ. Жүрегімнің бір түкпірінде қатқан шемен сол.

Шекарадан өткенде кім күтіп алды сол кезде? Қайда апарды?

— Елдің бір жігіті күтіп алды. Үрімжіге апарды. Бұрын оқыған жерім. Шыңжаң университетінің тіл-әдебиет факультетін бітіргем. Ол жерде жолдас-жора бар, соларды көріп, содан кейін ауылға тарттық.

Ауылдың әр нәрсесін сағынғанмын. Иісін, түтінін, суын, тамағын. Әңгімесін. Дастархан басындағы сөйлеп отырған әр адамның аузынан шыққан сөзді желге қақтырмай қағып алғым кеп отырды. Ондай сағынышпен барған адам көсіліп сөйлеуі мүмкін емес екен. Ықылас керемет болды. Мен тек сол ыстық ықыласқа майдай еріп қана отырдым.

Серік Қапшықбай деген ағамыз болды. Сол кісі менің орта мектептегі оқытушым еді. Бөлек Иманбатыр деген ұстаз болды. Сондай көп кісінің ортасында өлеңге құмартып отырдым. Жалпы, менің бала кезімдегі өлеңге құштарлығымды осы кісілер оятқан шығар. Омарғазы Айтан деген үлкен ақын өткен. Маған нағашы болып келеді.

Омарғазыны көрдіңіз бе?

— Көрдім. Менің әкем әдебиетші екенімді біледі. Бір күні қос атпен, төте жолмен Қарамайды басып, Үрімжіге барған. Омарғазы сонда «Шұғыла» журналының бас редакторы. Шет жақта бір кіші үй бар екен, соған аттарды байлатып қойып, Омарғазының үйіне барып, неше күн әңгімелескен. Сонда мен үшін Омарғазыдан ақыл-кеңес сұраған. Көрдің бе, әке дегеннің қандай екенін?! «Осы өнерді тастама. Бастық боларсың, болмассың. Бірақ атажұртқа бар, қаламнан айырылма» деді. Мен соны орындадым.

Кейін елге барғаныңызда басына бардыңыз ғой…

— Иә, әке-шешемнің басына барып, дұға оқыдым. Топырағын құшақтап жыладам, бетіме бастым. Бәлкім, менің сағынышымның «жауыма» айналғаны, Жәйірдің «дұшпаным» болғаны осы ата-ана өлімінен кейін шығар. Әкем мектеп директоры болған адам еді. Сауатты, зиялы-тұғын. Көп газет-журналды оқып беретін, оқытатын. Тек қана әке емес, өмірлік бағытымды, тағдырымды айқындап берген тұлғам, ұстазым болды. Сол қайтқанда топырақ сала алмаған басым етегіне жас толып, еңіреп, тасын құшақтап жатты.

Сол жолы Дәм деген өзенді, өзі күркіреп ағып жатады, қиып өттім. Өркештеніп тасып жатқан еді. Жайшылықта ол өзенді жүзу мүмкін емес. Мен сондай алып сағынышыммен асау өзеннің өзін бауырымдап бас салсам керек.

Одан бері неше жыл өтті, ә?

— Көп өтті ғой. Анау күні жақсы көретін жігіттер шекараға апарды. «Біз көмектесейік, сіз барып келіңіз» деді. Бардық. Шекарада да адам құсаған жігіттер бар екен. Маған «Сізді білеміз. Сізге арғы бетке болмайды. Ұстап кетеді» деді. Алматыны бетке алып, кейін қайттық қой, баяғы.

Қазір де сағынып, елегізіп отырасыз ба?

— Маған қазір Алматы ыстық. Жәйірді сағынамын, әрине. Бірақ қазір ол ойымда ғана қалды. Жүректегі барлық сезімді Алматы басты. Өйткені осы жерде үйлендім, бала көрдім, немере сүйдім. Тұңғыш балам үйленбекші болып, сөйткен кезде тойға өңшең жойыттарды шақырыпты. Бала үйленді, енді той жасау керек. Амалсыз «Тастақтағы» үйімді сатып, соның ақшасына той жасадық. Оған менің арманым жоқ. Әрине, қарызданып-қауғаландық. Бірақ сол үй құтты болған. «Сол үйден кетпеуің керек еді» деп менің біраз ағаларым ренжіді. Сенің ең керемет үйің сол еді деген.

«Тастақтағы» сол үй шынымен керемет болатын. Мына жағында дүкен, мына жағы базар. Балаларымның өсіп-өнген жері ғой. Қазір солардың баяғыда ойнап жүрген кезі көз алдыңа елестегенде не айтарыңды білмей қаласың…

***

Сол кезде ақынның телефоны шырылдады. Ар жақта халын сұрап, жағдайын біліп жатқан әйел адамның даусы. Сірә, апамыз болса керек. «Кешке келесің ғой. Сонда сөйлесеміз» деді.

Қарт адамдарға әлдекімдер хабарласып халын сұраса, көңілденіп, жақсы болып қалатын әдет бар. Жәркен де сөйтті. Адамға біреу сен үшін алаңдап тұрса, ол да ­­қуаныш қой.

***

— Алаңдайды. Кеше аяғым тартылып қалды. Отырған жерімнен не телефонға қолым жетпейді. Тіземен жүре алмаймын. Е, келіп қалған екен деп ойладым. Сөйтсем, уақытша жағдай екен. Кейін жақсы болды. Бір жігіттер екі таяқ әкеп береміз, екі жағыңызға сүйеніп, аяққа салмақ салмаңыз дейді. «Өлеңге сүйеніп өстім, өлеңге сүйеніп өлемін» дедім. Сенен жасыратын түк те жоқ.

Қанша балаңыз бар?

— Екі балам болды. Айбын, Айдар дейтін. Айдар деген ұлым қайтыс болып кетті. Айбын ғана қалды. Одан екі немере сүйдім. Абылай, Альбина дейтін. Біреуі он бесте, біреуі он үште. Олар көрші тұратын. Қазір ажырасып кетті, бөлек тұрады. Құдай бұйыртса, бір күні барамын. Туған күндерін білемін. Жақсылап отырамыз. Келін жақсы, гәп жоқ. Балалар менің атымда.

Одаққа барсам, бәрі жамырап көмектеседі. Қалтамды алмаға толтырып барамын. Балаларды көргенде жылағың келеді.

Балаңыз үйленейін деп жүр ме?

— Үйленгелі жүр, қырықтан асты.

— Қайтқан балаңыз шаңырақ көтеріп үлгермеді ме?

— Үйленемін деп, қызын әкеліп таныстырған. Үлгермеді. Сөйтсем, ауырады екен. Оны бізге айтпайды. Жазылып кетем деп жүреді екен. Таза өзінің ауруымен кетті. Ешқандай сөз жоқ. Керемет сұлу, жақсы бала болатын. Қыздар бірінен кейін бірі ғашық боп жүретін (күліп). Кітап палатасына өзім ертіп барып жұмысқа тұрғызғанмын. Менімен бірге жұмыс істеді.

Кезінде «Простор» журналында Иван Шухов деген кісі жұмыс істеді. Соғысқа қатысқан, шетте жүрген. Қартайғанында ешкімге көрсетпей кішкене ғана бөтелкеге құйып алып, қалтасына салып қояды екен. Ешкім жоқ кезде теріс бұрылып, бір ұрттап қояды. Ешкім білмейді. Бір күні оны Ғафу жарықтық көріп қойған ғой.

«Иван Шухов дегенің мына кісі,

Қалтада сылдырлайды флягісі.

Жасырып ішкен кезде сол арақты

Адамның келеді екен жылағысы», – деп әзіл өлең айтыпты. Сондай «адам жылататын әдет» бізде де бар.

…Бір күні мұнда балкон ашық тұр. Сырттан дауыс ап-анық естіліп тұр. бір-екі адам, өзім жақын дейтін, «президентшіл ақын жоқ боп кетті ғой» деп өсек айтып тұр. Сондай сөздерді естіп отырған соң, сыртқа да шыққың келмейді. Мен бәлендей президентшіл ақын емеспін. Бірақ құрметтеймін. Бір емес, бірнеше мәрте президент стипендиясын алдым. Жақында Махамбет атындағы сыйлықты алдым.

Құтты болсын! Ақшасы бар ма екен? Біздің көп сыйлықтардың ақшасы жоқ не аз ғой.

— Бес мыңға жуық ақшасы бар.

Жақсы екен. Енді тағы Мемлекеттік сыйлыққа түсесіз бе?

 Жоқ, түспеймін. Менен жас жігіттер алып жатыр. Соларға даусымды бердім осы жерде. Енді маған оның атағының түк қажеті жоқ. Бізге сол ақшасы керек. Дәрі-дәрмектің өзі қымбат. Қазір жастарға орын беріп жатырмыз. Бірақ кей ағаларымды менің өзім түсінбеймін. Бәріміз де қартайдық. Қабдеш аға президенттің қабылдауында болды ғой. Онда не сөйлегенін тыңдадың ғой. Жә, жарайды. Жаман емес. Ол кісінің еңбегін бағалады деп іштей риза болдым. Кейін: «Қабеке, ана кісі кетіп қалды ғой. Енді қалай болады?» – десем, «Қашанғы отырады?! Отыз жыл отырыпты. Енді бала-шағасы бар, солармен отырсын», – дейді. Дұрыс, Қабдеш ақылды адам ғой.

***

«Темекі тартып алайын» деп балконға шықты. Кітаптарының тұсынан өтіп бара жатырмыз. «Қалағаныңды ал» дейді. Байрон, Пушкин, Тұманбай… Тағы біраз ақын. Қайсысын алсам екен деп ойлап тұрмын. Бірақ айнып қалдым…

***

— Бұл барлық кітабыңыз емес қой?

— Бұл оқыған кітаптарым. Гүлшаттың апасының үйі бар. Үлкен. Сонда бір залы тұтас менің кітабым.

Мынау суретте – әкем. (Сақал-мұрты келіскен, қоңыр кісі). Абылай хан деген мына кісі. Мынау оның ақ ордасы (күліп). (Немересінің суреті тұр. Жанында ойыншық киіз үй).

— Сағынған шығарсыз бұ кісілерді?

— Әкемді де сағына-сағына суалдым. Немерелерімді сағынғанда қандай?! Дүниенің ендігі қызығы соларда, соларға қалып барады.

***

Балконға шығып, шылымын асықпай сорғыштап отырды. Бүр жара бастаған ағаштарды айтсам, олардың көк түтіннен ауыра бастағанын айтады. Кештеу көгеретін көрінеді.

Есік алдындағы сауда үйін айтсам, оның балалардың ойнауына кедергі келтіріп тұрғанын айтады.

Жасының енді 74-ке келгенін, Әбдіжәміл ақсақалдың жасына дейін әлі біраз жыл барын айтсам, жүрегін, тұрмысын айтады.

Мен әр ненің сыртын ғана айтады екем. Ақын дүниенің тек ішіне үңіледі. Бұрыннан солай ма, қарттықпен пайда болған қасиет пе, мен білмеймін.

Енді не сұрасам да, орынсыз болардай көрінді. Біткен темекінің желмен ұшып жатқан күлі мен тұқылын езе өшіріп жатқан ақын жүзіне қадалып қалыппын.


Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Дереккөз: "Жас Алаш"

Фото: massaget.kz


Пікір жазу
  • Мұратбек Иманәлиев:Қытаймен әріптестік құру үшін, біз оның қандай екенін түсініп алуымыз керек
    Транзиттік үдерісті сайлау аяқтайды