Смиттің өсиеті. Құлдарды құлақкесті бағындыру жолы

Уақыты: 2019-03-26 Көрлімі: 1277 Сипаттама

19 ғасырдың басы. Ағылшын ақсүйегі Смит жентелмендіктің жетімсіреп, ақсүйектіктің қады...


B29E96D3-E6D0-43EE-AC06-13BFA8C6E061.jpeg

19 ғасырдың басы. Ағылшын ақсүйегі Смит жентелмендіктің жетімсіреп, ақсүйектіктің қадырінің қаша бастағанын байқайды. Жүз ойланып, мың толғанған ол есі барында мынау болашағы бұлыңғырлап бара жатқан елден етегін жиып, жаңадан дербестік жариялап, мәре-сәре болып жатқан Америкаға жол тартқанды құп көреді. Оның бұл ойын сырлас досы Джон да құптай кетеді де, екеуі Англиядағы барлық мал-мүлкінен құтылып, 3000 негр құл сатып алады да, Америка қайдасың деп тартып отырады. Құдай атқанда бұлар мінген лайсер айсбергке соғылып, суға бата бастайды. Шар тарапқа жанұшыра көз қыдыртқан Смиттің жанарына ұшы-қиырсыз мұхиттың көз ұшында сағым болып қараңдаған бір нәрсе елестегендей болады. Қарап тұрып батып кеткенненкөрі сол елеске қарай жылжып көруді шешкен Смекең жансақтау қайықтарын суға салуға пәрмен береді. Адамдар мен барлық мүкамалдарын тиеп әлгі сағымғажақындаған сайын, олардың үміті тұтана бастайды. Тәңірі дес бергенде, бұларға аумағы 100 милл шаршы шақырымдық,  тұмса тәбиғаты мен аң-құстарын айтпағанда, тұшы суы атқақтап жатқан кәдімгі арал кезігеді. Кері қайтудан күдері мүлде үзілген Смекең жанба-жан осы аралға меншік құқығын жариялайды. Ізінше жаңағы құлдарды өздеріне баспана салуға және аң аулап, жеміс жинауға жұмылдырады. Соныменен, жарты айға жетпей Смит пен Джонның отбасы--- ұзын саны 30 шақты жан сықырлаған ағаш үйге жайғасады. Енді өһ дей берген олар, анау қара құлдарда болмашы, бірақ, қандай да бір түрі жөн дегбірсіздіктердің пайда болғанын аңғарады. Олардың реніші көбейіп, тіпті, тіл алмайтын сыңай таныта бастайды. Бұл енді Смекеңнің ұйқысын қашырады. Мынау жеменейдің жер түбінде 3000 құл бірден бүлік бастаса қайтпек?! Аналардың топ-топ болып, өзара бірдемелерді күңкілдесулерінің көбейгенінен секем алған Смекең, бұл үрейін Джонға жеткізеді. Сөйтсе, Джонның да зәресі зәр түбіне кетіп жүр екен. Екеуі ақылдаса келе, аналарды орнына қоюдың түпкі тәсілі оларды да бірдеңеге иелік еткізіп, алдарқату деп шешеді. Ертесі-ақ аралдың тұңғыш жиналысын шақырған Смекең, реформа жасап, құлдарды да мүлік иесі еткізетіндіктерін, ал қанша мүлікті болатындықтары олардың еткен еңбектері мен төккен терлеріне байланысты болатындығын жариялайды. Мәселен, бәзбіреу бір балық ұстаса немесе бір ағаш кессе, оны аралдың орталығына яғни Смиттің іргесіне әкеліп тапсырады да, лайықты ақшалай ақысын алады. Сосын осы ақшаға өз керек-жарағын сатып алады. Мұны естігендегі құлдардың қуанышын көрсең! Олар өмірінде ақша ұстаймын дегенді түсінде де қиялдай алмас еді-ғой. Сөйтіп, Смит жасасын деп ұранға басты дейсің. Мұндай сәтті қалт жібермеген Смекең аралдың алғашқы заңын мағлұм етеді. Заң бойынша, құлдардың қару ұстауына, шаруаменбайланыссыз жиналуына, азық-түлікті немесе басқа бұйымдарды жеке сақтауларына болмайды, тапқандарының барлығын орталыққа табыстауы шартекен. Онан сырт, бір бірлерінің әлгіндей қылықтарын әшкерелеулері ләзім, әшкереленушілер табысынан айырылады, тіпті, аямай жазаланулары кәдік. Осылайша, аралдың тәртібі орныға бастайды. Десе де, Смит бұлардың мұндай жапакеш те қайсар екендіктерін ойламаған екен. Ақша дегенде күнді түнге ұрып істегенін айтпағанда, ауыздарынан жырып табысын жинай да білетін болып шықты. Сонымен не болды дейсізғой, екі мырзаның қалтасындағы ақша қара құлдардың ышқырларына ауыса бастайды. Енді мырзалар құлдарға төлегендерін қалай қайтарып алудың қамына кіріседі. Өйткені бұлардың қалтасы тым жұқарып кеткен еді. Аралға ала келген ақшалары түгесілейін дегенде, Джонның санасына саңылау түседі:көбейтіп ақша басып шығарып, аналардың қолындағы ақшаның құнынсұйылту керек болады. Мысалы, қазір аналардың қолындағы ақша 1000 фунт-стерлинг болса, тағы 1000 бірлік ақша басып шығарсаң, олардың қолындағы ақшаның сатып алу әлеуеті 500 бірлікке теңесіп, қалған 500 фунт бұлардың қалтасына қайта құйылғанға тең болар еді. Олар осылай жасады да. Қош, бірнеше ай өткен соң, мұның да кінараты ашыла бастайды. Ақшаны неғұрлым көп басқан сайын аралдағы баға солғұрлым шарықтай береді. Құл байқұстардың бұрынғысынан көп тырысып тапқан табысына алатын заттары, керісінше, азая бастайды. Бұған олар көнсінбе, наразылығын білдіруге көшеді. Мырзалар тағы бір амал ойлап табады. Аралдан жер көрсетіп, құлдарға ақысын төлеп үй салдырады. Ақысы төленетін жұмысқа қаралар аянып қалсынба, екі күнде бір үйден іркес-тіркес он үй тұрғызып тастайды. Ашылу салтында Смекең құлдар еңбегінің қаржымысын қайтаруниетімен тұрғызылған үйлердіңәрқайсысының 100 фунтқа бағаланып, түгелдей соларға сатылатынын мәлімдейді. Ал бір үйдің өзіндік құны небәрі 5-ақ фунт болатын. 

Бұл енді негрлерді қатты шабыттандырды. Өйткені, ол үйге иелік ету мәселесі ғана емес, қоғамдық беделге жету мәселесі де еді. Ең қызығы, үйің болса қалаған сұлуыңды қалпақпен қағып алар едің. Бір жыл өткен соң жеткілікті ақша жинаған бірінші негр, ақсүйектердің алдарына келеді. Қалған үйлердің де келешек иелері келіп ақыларын төлейді. Ырғын пайданы қалтасына басқан мырзалар үшін бұл табыстың бастамасы ғана еді. Олар тағы 5 үй салдырады да, оның құнын бір есе көтеріп, 200 фунт деп жариялайды. Баға өскеніне қарамай, сұраныс баяғысынан қыза түседі. Өйткені, негрлер үйдің қымбатынан емес, үй жоқтығынан қорқатын-ды. Алдында 100 фунт жинағанымен, үй алуға үлгермей қалғандар енді күн-түн демей тер төгіп, осы үйлерді сатып алабастайды. Алайда, олардың әлі баспанасы жоғы қаншама! Сөйтіп, қос мырза енді құны 500 фунт болатын үйлер салғызады. Бағаға наразы құлдарға олар жақсы ұсыныс тастайды. Бұлардың іштеріндегі осы 500 фунттың жартысын яки 250-ін төлеушіге, қалған 250-ін жаздырып қойып, 5 жылдан кейін 500 фунт қылып төлеуге мұрсат береді. Мұндай көпестікке қаралар дән риза болып, Смекеңе алғыстарын жаудырады. Екінші күні-ақ осы шартпен үй алуға ниетті құл келеді. Кім дейсізғой, баяғыдағы бірінші болып үй алған сабазың сол үйін өз серігіне 200 фунтқа сатқан да, оған биылғы жиған ақшасынан 50 фунт қосып ана 250 фунттық алғашқы төлемді өтеуге келіп тұрғаны екен. 5 үй лезде сатылып кеткеніне шабыттанған мырзалар, енді бірден 10 үй салғызуға жер бөледі, шарт баяғыдай. 

Күн артынан күндер өтеді. Джон жасы жетіп қайтыс болады. Смекеңнен де әл-қуат кетіп, ол барлық атағы мен жиған-тергенін баласына мұраға жазады. Бұл кезде аралдаға негрлер саны 6000-ға жетіп, әр үйдің бағасы 10000 фунтқа көтерілген еді. Кіші Смит болса, басқару құқығын ең бай 5 құлға бөліп тастап, қалған 6000 негрді солардың қолымен жайылтып-өргізетін күйге жеткен-ді. 

Күндердің күнінде ғайыптан тайып, бұл аралға кілең ақтар мінген бір кеме жетеді. Ақтар мен қаралардың мынадай етене демамыражай күйде өтісіп жатқанына жағасын ұстаған кеме капитаны кіші Смиттен мұның сырын білгісі келетінін өтінеді. Сондағы кіші Смиттің жауабы мынау екен: менің әкем бақыйлық боларында мынадай өсиет қалдырды, құлдарды құлақкесті бағындыру үшін екі нәрсені есіңде бекем үста. Біріншісі, олардың ойлануына мұрша беруші болма, өмір бойы арпалыстан бірдеңе ойлауға мағдұры болмасын. Екіншісі, оларды мүлдем түңілдіріп алма, иненің жасуындай болса да бірдеңеден дәмеленетін болсын.

 

 

 

Қытайша материалдан еркін стилде ықшамдап аударған

Құрмет Қабылғазы


Пікір жазу
  • ҰЛЫЛЫҚҚА ТАҒЗЫМ
    Д. Абаев: Қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың қажеттілігі арта түсті

    Ұқсас тақырыптар