Ермұрат Бапиді жау көру – жақсылықтың жолын кесу...

Уақыты: 2019-03-06 Көрлімі: 2333 Сипаттама

Қазақ журналистикасында өзіндік мектебін қалдырған ақтаңгер журналист, Республикалық...

744BA9A5-32A9-4225-80B2-D3B97F7080F1_w1200_r1_s.jpg

Қазақ журналистикасында өзіндік мектебін қалыптастырған ақтаңгер журналист, Республикалық "Дат" жобасының авторы, "Дат" газетінің Бас оқырманы Ермұрат Бапи алпыс  жасқа толды. Ермұрат Бапи пікір қарама-қайшылығы үшін өзгені жау санайтын көзқарастың іргесін сөккен тұлға. Тәуелсіздіктен кейінгі ширек ғасыр уақытта өзінің азаматтық көзқарасына бекем болып, ақиқат пен шындық үшін күрескен қайраткер азамат. Біз әріптесімізді осы мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Сонымен бірге, Ермұрат Бапи туралы Abai.kz журналистері дайындаған, бірқатар қаламгерлердің пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.  

Марат Тоқашбаев, журналист:  

"Ермұрат Бапи - өте адал азамат!"

– Ермұрат Бапи - өзінің кәсіби мамандығына берілген, өте адал азамат. Оның журналистік шығармашылығының үлкен көрініcі - 20 жылдан астам уақыттан бері шығарып келе жатқан “Дат” жобасы.

Жалпы, әрбір журналистің өзінің мықты ұстанған ұстанымдары болуға тиіс. Ал, Ермұраттың ұстанған басты ұстанымы – қоғамдағы келеңсіздіктердің бәрінің бастауында тұрған бүгінгі иірімге қарсы күреске бағытталған. Осы бағытта талмай, қоғамда болып жатқан оқиғалардың бәріне беткі тұрғыдан емес, оның түпкі тамырларына тереңдей үңіле отырып, оған авторларды тарта отырып тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы шынайы ақиқатты айтатын, шындық үшін күресетін керемет басылымды дүниеге келтіріп, соны жалғастырып келе жатыр.

Ермұраттың азаматтық, батырлық мінезі бар азамат деп айта аламын. Шын мәнінде Бөгенбай батыр бабамыздың бүгінгі ұрпағы деуге болады. Оның ісінің барлығы қазақ халқының ертеңіне, қазақ халқының болашағының баянды болуына бағытталған.

Мына еліміздегі болып жатқан өзгерістердің бәрінің сипаты ұлттың болашағына қызмет етуі керек. Оның негізгі күресінің идеясы осында. Сол жолда ол Үкіметтің, дәлірек айтқанда билік тармақтарының әрқайсының саласы бойынша орын алып жатқан қиғаштықтар жөнінде, экономикалық қиғаштықтар, саяси қиғаштықтар, Қазақстандағы демократиялық ахуалдың жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны жөнінде жүйелі түрде жазып келе жатыр. Кез-келген басылым бұлай батыл айта бермейді, жаза алмайды. Бізді риза ететіні – Ермұраттың осындай азаматтық ұстанымнан айнымауы.

Қоғам дамуы үшін онда міндетті түрде қарама-қайшы пікірлер өрбуі керек. Қарама-қайшы пікірлерді езіп-жаншып, тек қана бір бағыттағы ғана үгіт-насихат жүргізілетін болса, ол қоғам бірден теріс жолға түсіп кетеді. Ал, Ермұраттың жобасы, оның журналистік қарым-қабілетінің бәрі осы Қазақстан қоғамындағы сол қиғаштықтарды болдырмауға, солардың түзетілуіне, қазақ халқының ертеңі мен болашағының дұрыс болуына бағытталған. Осы тұрғыдан өз басым Ермұраттың еңбегін өте жоғары бағалаймын. Азамат ретінде сыйлаймын!

Ал, Дат газетінің жабылмай келе жатқанының негізгі сыры – бұл басылым шет елдерде танымал. Бұл басылымды Қазақстандағы Еуропалық мемлекеттердің АҚШ елшіліктерінің барлығы жаздыртып алады, сондағы негізгі материалдарды ағылшын тілдеріне аударып, өздерінің жұмыстарына пайдаланады деп ойлаймын. Ал, бұл басылымның аяқ астынан шықпай қалуы, тоқтап қалуы  батыс әлемінде еуропадағы демократиялық тұрғыдан дамыған елдердің ішінде үлкен алаңдаушылық туғызады. Әрине мұндай жағдайда қазіргі биліктің, қазіргі режимнің демократиялық бағытты ту еткен басылымдарды тұншықтырып жатыр деген атқа ие болу имидждеріне кері әсер етеді, абырой әпермейді.

Сондықтан олар мүмкіндігінше қанша басып тастағысы келгенмен бүкіл әлемдік қауымдастықтың ықпалынан аяқтарын тартады. Одан кейін газетті ұстап тұрған оның оқырмандары. Яғни, оқырмандар газетті сатып алу арқылы ары қарай өмір сүруіне қолғабыс жасайды.

Рысбек Сәрсенбай, журналист:

"Ер мұраты  - елді  жақсылыққа жеткізу"                         

– Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде журналистердің жаңа шоғыры пайда болды. Әрине, ескі жүйеден қалған ойлау, әрекет ету машығынан арылмаған және жаңа қоғамға бейімделгенімен, бәлендей өзгермеген, билікке құлша қызмет қылғандардың жөні бөлек. Кеңестік заманда коммунистік идеологияның жаршысы, насихатшысы міндетін атқарған ақпарат құралдары мен оның «жауынгерлік» сапындағылар дербестікте, еркіндікте болған жоқ. КОКП-тың,  КСРО -ның қатар күйреуі қалыпқа салынып, санаға сіңірілген қоғамдық ұстанымды, ұжымдық мақсат, мүддені, идеялық сенімді  тас-талқан етті. Осындай алмағайып сәтте өзгеріске етене араласып, айналадағы оқиғалардың мән-жайын шынайы баяндап, жұртшылықты хабардар ететін, бүгінгі мен ертеңгіні болжамдап, өзіндік пікірін қоса білдіретін журналистер алға озды. Олардың айтқандарына, жазғандарына, ақиқатты айқара ашқандарына сенген көпшіліктің көзқарасы мен пікірі басқа арнаға ойыса бастады. Қоғамдық сананы өзгерту құдыретіне иелік еткен ақпараттық қызмет  саласындағы сондай әріптестеріміздің ішінде ерекше атап көрсетуге тұратын бір азамат бар. Ол – Ермұрат  Бапи.

«Сықиған «СҚ»-ны  («Социалистік Қазақстанды») сірескен қалпынан жазып, халықтық басылымға айналдыру, бойына  қан жүгіртіп, кеудесіне  жан кіргізіп, елге қызмет еткізу» міндетін Шерхан Мұртаза сексенінші жылдардың соңында өз мойнына алған еді. Жаңа редактор істі кадрларды жаңартудан бастады. Жан-жақтан қабылетті, қарымды, талантты журналистерді редакцияға қызметке шақыртты. Сондай  тың лектің қатарында Ермұрат Бапи, Әмірхан Меңдеке, Жарылқап Қалыбай, Әміржан Қосанов, Қайнар Олжай және басқаларымыз тарихи басылымның қара шаңырағында бас қостық. Жоғарыдағы қоржын-қоржын міндетті керуенге артып, жабыла жүріп көшті түзедік. «Егемен Қазақстанды» ұлттық мүддені, тәуелсіздікті ту еткен ел газеті жасауға Ермұрат та үлкен үлес қосты. Уақыт ағысымен бірге ол басылым басқа күйге түссе, оған енді біздің қатысымыз жоқ.

Ермұраттың жазу мәнері өзгеше, тілі шұрайлы, ойы астарлы, сыны мірдің оғындай нысанаға дөп тиеді. Тақырыбының өзі мені оқы деп шақырып тұрады. Жазғандарының шынайылығына шек келтіре алмайды оқырман. Мақтамен бауыздайтын жұмсақ  әзіл, қасыған жерін осып  түсетін өткір әжуа араласып жатады. Бұл оның қаламгерлік шеберлігінің бір қыры ғана. Ал, қордалы мәселелерді қотара көтеріп, қыртысын сөгіп, бетпердесін сылып, ақиқатын шашып тастауға келгенде, батылдығы мен білгірлігі ұштасып жатады.

Шын мен сынды пенде біткеннің суқаны сүймейді. Егер ол  дөкей атаулының  көкесіне бағытталса,  тіптен қауіпті. Соған қарамастан Ермұрат, басқа бақа-шаянды былай қойып,  таққа төрт тағандап жатып алғандардың өзіне сын жебесін  қадайды. Халықтың көз алдында мінін бетіне басып, ұрлығын, сұмдығын, сұрқиялығын төпеп жазып жатады. Төніп тұрған қауіп-қатерге, келетін залал зобалаңға қараған емес. Бұл не көзсіз ерлік пе? Жан бақылықты, бала-шағаны ойламаған ессіздік пе?  Журналист болып майлы жілікті ұстаған, атақтар мен құрметтерді қосақтап алған, дүниені шарлап, думан-қызыққа тоймаған жігіттер өріп жүр емес пе айналада. Солардан ақылы кем бе, мына жалғыз рет келетін жалғанды жалпағынан басып  өмір сүргенге? Ермұрат Бапи олай ете алмайды. Оның бірақ себебі бар – АРЫ жібермейді. Адамгершілік ары және шынайы қаламгерлік ары!

«Халыққа қызмет қыл. Әділетті бол. Арыңды сатпа». Бала кезден бойға дарыған, сүйекке сіңген қасиетті ұғымды арқалап өтеді енді. Жасытпайтын, жасқантпайтын, ерлікке парапар іске қайрап салатын бұл ұстаным оны бүгінгі заманның батырына айналдырды. Ал Батыр шегінбейді, оны намысы ұстайды. Ер Мұраты – елмен бірге көру, жақсылыққа бірге жету. Жақсылық өздігінен келмейді. Оны күреспен келтіресің, айқаспен аласың. Азан шақырып ат қойғанда сол ЕРМҰРАТЫ ескерілсе керек.

Адамзатқа сөйлесін деп тіл, ойласын деп ми берген Алла. Ал сөз еркіндігін, ой бостандығын шектеп, қаламға кісен салуды көксеген билеуші президентке, үкіметке не дерсің?! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деп қамшыны алға тастап «Датын» айтқан ұлтпыз. Сол ұлттың көрнекті тұлғасының бірі – өзіміздің Ермұрат Бапи. «Дат»  - басылымның,   «бапиевский, мынауский проектінің»  ғана емес, жалпы  қазақи мінездің, үрдістің аталуы. ДАТ-ты өміршең еткен,  қудалаудан, айыптаудан, соттаудан, жауып тастаудан, бұғаттаудан, тәркілеуден кейін де қайтадан құлпыртып, оқырманымен қауыштыра білген Ермұратқа және оның жанкешті серіктеріне мың алғыс! Қиындық пен қауіп-қатерге бас тіге жүріп ақиқатты жазғандары, саналарға сәуле жібергені, күрес рухын, сенім отын сөндірмегені үшін!

Шынайы оппозицияны Ермұрат Баписыз ойға оралту мүмкін емес. Оппозиция ол – отандастарының мүддесі жолында отқа да, суға да түсетін, қиянатпен қуғындалып, таяқ та жейтін, жаламен сотталып қамалатын, айыппұл арқалайтын, бірақ бағытынан қайтпайтын нағыз қайсарлардың ұйымы. Міне, сол ортада өзінің саналы ғұмырын өткізу, күрескерлік, қайраткерлік бабында ұзақ жүру әркімнің қолынан келе бермейді. Көпшілік адамнан оның бір өзгешелігі осында. Жеңісті күндерге дейін шыдайды, сол күндерді жақындатуға сіңірген еңбегі ақталады деп, алпысқа толатын  азаматқа сенім артамыз.

Ғаббас Қабыш, жазушы-журналист:

– Ермұрат жайында бос сөз айтпау үшін осыдан он жыл бұрынғы жариялаған пікірімді қайыра ұсынғым келеді.

Қаламдас, сырлас Інім, Ермұрат!                        

Сенің жасың ЕЛУГЕ толатынын азуын айға білеп жүрген жігіттердің ешқайсысынан кем емес ақжарқын қарындасым Бақытгүлдің уәлі аузынан естігеніме алты күн, ал билікке «ләппәй, тақсыр!» демеген, демейтін де гәзеттерден оқығаныма үш күн болса да, әлі сене алмай жүрмін.  Біріншіден, мен – ЕЛУДІ анда-санда  сағынып қоятынына жиырма төрт жыл болған пендемін. Сол себептен сенің ЕЛУДІ  ерттеп мінгеніңе сенгім келмейді, неге, қайда асықтың екен, ҚЫРЫҚТЫҢ ауылында 10-15 жыл неге жүре тұрмадың екен, - әлі менше сағынасың ғой?!. Екіншіден, кешегі Кеңес дәуірінде мөлшермен он сөз ақиқаттың арасында екі-үш сөз ғана өтірік жүруші еді, ал сол дәуірден ат-тонымызды ала қашып, алақайлай бастағалы он сегіз жыл десек, өз басым осы мерзімде он сөз өтіріктің арасынан бір сөз ақиқатты әрең  көріп жүрмін. Ертеңді-кеш еститінім, оқитыным:

Қазақстан тәуелсіздікке табанды күреспен жетті; демократия жолына бірден түсті; адам құқын қадірлеуді бірден қолға алды; экономикасын гүлдендіруге бірден кірісті; ауыл шаруашылығын ғажап  реформалады; ғылым-білімнің өрісін кеңейтті; сайлауды әділ өткізуді жүзеге асырды; сөз бостандығы мен ой еркіндігін қамтамасыз етті; жер бетіндегі ең бай елу елдің қатарына ұмтылды. Иә, Нобель силығының болашақ иесі, Елбасы Н.Назарбаевтың данышпандық басшылығы арқасында! Бүгін Қазақстанға бүкіл дүние жүзі қызыға көз тігіп, жан-жақты өркендеу тәсілімізді зерттеп, құлшына үлгі-өнеге алуда және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ғасыр саясаткері деп мойындауда; біздің президент кешегі қазақ Абылай ханмен, түрік Ататүрікпен, ағылшын Вашингтонмен терезесі тең тарихи тұлға!..

Бетіне бірден пәрәнжә киген биліктің, оның шабарманына айналған бұқаралық ақпарат құралдарының айтатындары - осы. Бетпақ биліктің азаншысы,  қолшоқпары, езуінжалары болып алған, ат-атақтарынан жер үстіндегі жылқы тұрғай, судағы итбалық үркетін сарай ақын-жазушыларының жыры  - осы.  Жақында ғана бүгінгі бір жазушы депутат оны «2-Нұх пайғамбар!» деп,  ертеңгі  депутат  ақын «Мұхаммед пайғамбардың бейнесі!» деп  жазып, Күн мен Айды бағыттарынан адастыра жаздады. Пой-пой-ой!..

Ал өмірімізде бәрі де - керісінше! Міне, осындай тірліктен кейін, Ермұрат-ау, жасың елуге келгеніне қалай ғана сене алайын?!. Алайда сенейін, себебі көзі тірі тарихи тұлғалар: саясаттың сақасы Серікболсын Әбділдин, экономиканың ғұламасы Әкежан Қажыгелдин, ақиқаттың ақ семсері  Ғалымжан Жақиянов сынды ардақты інілерім бастап, басқа шыншыл шырайлы іні-қарындастарым да қостап, сенің ЕЛУ жастағы ержүрек қаламгер екеніңді айтты, жазды.

Әлбетте, сенің КІМ екеніңді ешкімнің мағлұматынсыз-ақ баяғыдан білемін. Ендеше: құдай қосымша қуат беріп, енді бір ЕЛУ жаса және келін екеуің бала-немере-шөберелердің тек қызығын көріп, дос-жолдастарыңның ортасында жақсы жаса!  Бұл - өзімнің де,  Отбасымның да  тілегі.

Ғаббас  Қабышұлы  03. 2009 ж. 

Дәурен Қуат, жазушы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы:

– Ермұрат Бапи – «еліме болсын» деп еңіреген ерлердің сойынан жаралған рухты тұлға. Иә, дәл солай: ол – тұлға! Ерекең тоңмойын қоғамның тоны қалың, тоңы жібімеген тоқсаныншы жылдары ұлықсыған қауымға ел атынан «Дат» айтып дара шықты.

Датты таңдауға биліктің дәті жетпеген соң тасты жарып «Тасжарған» болып түледі. «Тасжарғанды» табанына салып таптаған билік оны баспасөз ауылынан аластауға тырысып баққан соң бас оқырманға айналған батыр Бапидың ұрпағы қазір қоғамдық ұстын – «Общественная позиция» мінберінде тұр.

Бір өзі – бір әлем. Қазақстанда қағажу көріп жатқан сөз бостандығының жолындағы жанкешті күрескердің қара басының қамын күйттеген кезін көрген емеспін. Ол баспасөз бетінде   Қазақстанның азат ойлы жаңа келбетін жасауға барын салып бағуда. Сондықтан Ермұрат Бапиді жау көру – жамандықты жағаттау, жақсылықтың жолын кесу деген сөз.

Мен білетін Ерекең әлдекімдердің елірме идеясына еріп, әлдекімдердің көкейіндегі көрбалақ пиығылына қызмет етіп жүрген жоқ, сөз басында айтқанымыздай, «еліме болсын екен» деп қана жүр. Бұндай адамның бұратылып бұттың арасынан үретіндерден пайдасы әлдеқайда зор; бұндай адамның бұғып сөйлеп, ықтап күн көретіндердің сапында емес, ақырып теңдік сұрайтын баспасөздің бас оқырманы боп отырғаны керек. Әсіресе, билікке керек. Соны биліктің біліп, түсінуі, түсінбесе түйсінуі және керек. Бірақ, біз «керек» дегенді кекірігінен айнып біткен орта керек қылмаған соң амал кем...

«Общественная позицияны» оқимыз. «Адамзаттық комедияның» авторы Бальзак айтқан екен дейді: «Мен Наполеон  қылыштың жүзімен жаулап алмақ болған әлемді қаламның күшімен тізе бүктіремін». Ермұрат Бапи де осы күні Қазақстанды қаламының қуатымен алып болды. Қазіргі Қазақстанның халқы – «бас оқырман» қол қойып отырған газеттің оқырманы.

«Қалам қуаты» дегеннен шығады, бас редакторлардың ішінде қаламы жүрдек, тілі көркем, тілдей жазбасының өзі әңгіме-повесттерге бергісіз Ерекеңді мен кейде жазуым жайдақталып бара жатқан жоқ па деп те оқимын. Үйренемін, үлгі тұтамын. Ел есейер, «ертең», «ертең» деп жүргеніміз ертең емес, бір күндері бүгіннің таңы болып атар, сол кезде етігімен су кешкен Ерекеңнің бәріміз барып қолын алатын боламыз.

 

Жарас Кемелжан,

Ермұрат Бапи - журналистикадағы болмысы биік азамат!

– Жалпы, журналистика деген мамандықта жақсы редакторлар болады, сосын жақсы журналистер болады. Жақсы редакторлар деген кімдер? Олар – журналистердің жазған-сызғанын үстінен өңдеп, қосатынын қосып, алатынын алып, редакциялаған кезде журналист өз мақаласын өзі танымай қалады. Бұлар жақсы редакторлар. Мысалы, кезінде Шерхан Мұртазаның алдын көрмеген журналист жоқ қой. Шерханның шекпенінен шыққан деген дүние қалыптасқан. Ол жақсы редактор болғаны  үшін сондай атаққа ілінді. Сол Шерханның шекпенінен шыққан редактордың біреуі – Ермұрат Бапи.

Ол кісіде де сондай редакторлық ерекше бір қабілет бар. Қазақ журналистикасында өзіндік стилі мен бөлек жазатын журналист. Сонымен қатар, редакторлығы ерекше.

Мен ол кісінің қолына екінші курсты бітірген студент кезімде бардым. Бірге жұмыс істедім. Ол кісі кез-келген тақырыпта өңін айналдырып, әдемі бояуын жағып, жазғаныңды  адам танымастай өзгертіп жібереді. Өз басым ол кісінің редакторлығына бас иемін.

Ал, азаматтық болмысына келетін болсақ. Адам болудың өзі үлкен бір жауапты дүние ғой. Сол жағынан келгенде Ерекеңде баяғыдан қалған бір қазақылық, кеңдік, бұрынғы үлкен адамдардың алдын көрген, сол кісілердің жолын жалғаған, кісілік қасиеті сарқылмаған азамат.

Ол кісден кейін де қанша редакторларды көріп жүрміз, қанша басшылардың алдынан өтіп жүрміз, қанша азаматтармен бірге жұмыс істеп жүрміз. Сонда іріліктен айнып кеткен адамдар көп екенін көреміз. Ұсақ әңгіме, өсек-аяңға үйір, журналистикада болмашы бір дүниеден қорқып, анаған тиіп кетеді, мынаның көңіліне қарау керек, оның артында анау тұр, мынау тұр деген сияқты күйбеңдей беретін адамдар көп қазір журналистикада. Ал, Ерекең ондай емес. Оның азаматтық болмысы биік. Ол кім болсада бұрысты бұрыс, дұрысты дұрыс деп қарайтын азамат. Әділдік, ақиқаттан айнымай келе жатыр.

Оның ұстанған бағытында тура жолдан тайдыңыз ба, әкем болсаңыз да жазып, сынауға тиіспін дейді. Және сонысын істейді.

Мен қасында бес жылдай істедім. Журналистикадағы ұстазым екенін үнемі айтып жүрем. Мен ғана емес, қаншама адам бұл кісінің алдынан өтті. Тіпті журналистикасы әбден қалыптасқан азаматтардың өзіне қайта жазғызып үйрететін. Жалпы, жазуды адамға басқаша үйретеді. Мектебі бөлек.

21 жылдың ішінде Дат газеті бірнеше рет жабылды. Бірақ, бұл кісі өзін тәуелсіз журналистикаға арнаған адам болған соң, сайтанмен тіл табысса да шығарудың амалын табады.

Сондықтан, Ермұрат Бапи - журналистикадағы болмысы биік азамат.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • Сайрагүл ісінде АБЗАЛДЫҢ ЕҢБЕГІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ – АДАМГЕРШІЛІК ПЕ?
    ӘЛИХАН АЙТҚАН АСЫЛ СӨЗ

    Ұқсас тақырыптар