Ерлан Саиров: Заң еңбек адамына қызмет етуге тиіс

Уақыты: 2018-11-09 Көрлімі: 1613 Сипаттама

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, белгілі саяс...

big_1c38196b4996a790.jpg

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров өндірістік кеңестерді елдегі еңбек дауларының алдын алудың тиімді жолы деп атайды. Дегенмен осындай 12 мыңнан астам кеңестің мыңы ғана өнеркәсіпте болуы ойлантады.

-                     Ерлан Биахметұлы, өзекті мәселенің тікелей ахуалына қанық сарапшы ретінде, еңбек нарығындағы кикілжіңдерді шешудің басты тетіктерін нұсқай аласыз ба?

-                     Жалпы тұрақты даму даңғылынан айнымаймыз десек, әрбір кәсіпорында жұмыс беруші мен жұмысшы арасында өзара үйлесім, тең қарым-қатынас болғаны жөн. Өкінішке қарай, жеке компаниялардың біразында жалақы төлеу, әлеуметтік қамту сынды еңбеккер құқықтары лайықты қарастырылмаған. Егер жағдайды реттеп, зерделеп отырмаса ушығып, тұрақсыздыққа әкеп соғатыны анық. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы заңнамалық тұрғыда әрекеттеніп, қажетті баптарды жетілдіруге күш салуда. Нәтижесінде заң тармақтары, сөзсіз, соңғы жылдары еңбекшілер жағына ойысып келеді. Мәселен, Еңбек кодексінің 203-бабында өндірістік кеңестерге қатысты көзқарас айқындалды, яғни тиісті ақылдасу алқасы өндірістік үдерістің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

-                      Бүгінде бұл көрсеткіш қандай дәрежеде қалыптасқан?

-                     Міне негізгі түйткіл де осы тұста назар аудартады, яғни 12 мыңнан астам өндірістік кеңестің мыңы ғана ірі зауыт-өнеркәсіп орындарында болып, қалғаны мектеп, аурухана сынды әлеуметтік, мәдени салаға келіп отыр. Байқағаныңыздай, алшақтық орасан. Өйткені жұмыс беруші жақ өндірістік кеңестердің әлеуетін дұрыс, терең түсінбейді. Ал Германия, Франция, Жапония секілді мемлекеттердегі халықаралық тәжірибені талдау аңғартқандай, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғаудан тыс, тұтас әлеуметтік-экономикалық өркендеуге қол созуда сәйкес мәжіліс түрі үлкен ұжымдық әсерге ие. Бүгінгі таңда дүниежүзінде маңызды шешімдерді ұжымдық сипатта ашық қабылдау жақсы үрдіс сипатына енген. Біздің елімізде де оң өнегені іске асыра білгеніміз ләзім. 

-                     Не істемек керек сонда?

-                     Неге осы өндірістік кеңестерге тіреліп қалды дейсіз ғой? Ең басты құндылық адам өмірі мен денсаулығы деген асыл қағиданы еске салсақ, еліміздегі өндіріс ошақтарында жарақаттану деректерінің көптігі алаңдатады. 2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі мағлұматқа жүгінсек, республика бойынша 975 адам зардап шегіп, оның ішінде 133-ы қаза тапты. Алтауы – әйел. Топтық бақытсыз жағдайлар барлығы 58 жайтты құрап, жапа шеккендер 146-ны төңіректеді. Бұдан байыптайтынымыз, күнтәртібіндегі мәселелер кешенді түрде талдауға сұранып тұр. Қазақстан үшін бұл өте үлкен олқылық. Кәсіподақтар федерациясының басшылығы ахуалдың күрделілігін жан-жақты ұғынып, осы мақсатта құрамына тепе-тең негізде жұмыс берушінің өкілдері, жұмысшылардың өкілдері, техникалық еңбек инспекторлары кіретін өндірістік кеңестер ауқымын арттыруды бұлжымас ұстанымы ретінде белгіледі.

-                     Өндірістік кеңестер өнеркәсіп алпауыттары алдында қаншалықты қауқарлы?

-                     Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамы жұмыс беруші мен жұмысшылар өкілдерінің біріккен шешімімен бекітіледі және шешімі жұмыс беруші мен жұмысшы үшін міндетті болып саналады, сондай-ақ, әрі қарайғы бұйрық-құжаттарда көрініс тапқаны маңызды. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды кәсіподақ ұсынады. Ескерте кетерлігі, мұндай мамандар кезінде еңбек қатынастарына белсенді атсалысып, ортақ іске жемісті үлес қосқан. Қазіргі шақта ол беделді қалыпқа келтіріп, ірі компаниялардың акционерлерімен және менеджментімен сындарлы сұхбат алаңын орнатуды көздеп отырмыз. Бір анығы, жұмыс істеп жатқан азаматтардың қал-жағдайына салғырттық танытыла берсе шиеленіс те жиілеп, компания қазынасына түсетін кіріс те күрт төмендейді, өндірісте өң болмайды. Өзіңнен төмен қызметтегі әріптеске менсінбей қарау психологиясын түбегейлі өзгертіп, әлеуметтік әділетсіздікті жою керек. Қарапайым еңбек адамының қолынан шығатын игілік әлі күнге дұрыс бағаланбайды. Кәсіпкерліктің қайнар көзі де адами капитал. Сол шетелге тағы ойша саяхат жасасақ, басқа тараптың, яғни еңбеккердің мүддесіне көңіл бөліп, санасуды әдетке айналдырған. Алайда сол халықаралық еңбек нарығындағы аутсорсинг тәрізді кейбір тұстары толыққанды еңбек шартын айналып өтетін, тіпті қайшы келетін жағымсыз дүниелерге абай болған жөн.

-                     «Кәсіподақ қуатты күшке айнала алмай отыр» деген пікірге қалай қарайсыз?

-                     Біз бұл пікірмен мүлде келіспейміз. Биылғы Елбасы жолдауының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуы да болашақ бағындырар белестердің келбетін дәл кескіндеп, жаңсақ түсінікті толық терістейтіндей. Жолдаудағы 1 миллион 300 мың қазақстандықты қуантатын жаңалық, ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру мәселесін Кәсіподақтар федерациясы бұрыннан талап етіп, көтеріп келді.

Қрағандыдағы кеншілер ереуілі бар, Абу-даби Плазадағы құрылысшылар жанжалын қоссақ, осының барлығында біз тікелей оқиға орнына барып, қос тараппен де жолығып, түйткілді ұзаққа созбай тарқатуға тырыстық. Сырт көзден тыс қалып жататын қиын да қажытатын келіссөздер, кездесулерді санап тауысу мүмкін емес. Мысалға, әлеуметтік серіктестермен жедел ақпарат алмасудың, кәсіподақтың жауапты маманының оқиға орнына шұғыл жетіп, алдын алу шараларын өткізудің арқасында Қостанай облысындағы Тобыл жол станциясы мен Маңғыстау облысындағы Oil Services Company компаниясындағы ірі еңбек даулары қатерлерінің беті қайтарылды. Дер кезінде ауыздықталғандықтан, қақтығыс тәуекелдері бұрқ етпей тұтанған жерінде сөніп, бұқараға жария болмайды.

Тұрақты кәсіпорын орнықты қоғамға ұштасып, мемлекет те бақуатты өмір сүреді. Жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлерге әрдайым жауапкершілікпен, адамгершілікпен қарауы қажет. Әрбір кәсіподақ мүшесі, жалпы ел азаматы Конституция мен Еңбек кодексін жұмысына арқау еткен Кәсіподақтар федерациясының қырағы бақылауында десем, артық кетпеспін. Қай жерде еңбек адамының құқығы бұзылады, біз сол жерден табыламыз.

-         Кәсіподақ өкілдерінің кәсібилігін шыңдау шаралары қандай?

-     Ондай оқыту іс-қимылдары толассыз әрі сапалы тындырылуда. Сөзіме дәлел, еңбеккерлерді жалпылама құқықтық оқытудың бірыңғай жүйесін құру аясында, «Самұрық-Қазына» қорымен тізе қосқан райда «Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі» жобасы жүргізілуде. Бұл жоба қызметкерлерді кәсіподақ көшбасшылығы, құқықтық және қаржылық сауаттылық негіздеріне оқытуға бағытталған. Қазақстанның түрлі өңірлерінде осы мектептің алғашқы шығарылымы өтті. Бастауыш және салалық кәсіподақ ұйымдарының 67 көшбасшысы оқытылды. Қордағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығына алғысымызды арнап, әлеуметтік серіктестікке тың серпін сыйлаған бастаманың жалғасын табуын қолдаймыз.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Дерееккөз: «SKNEWS»

 





Пікір жазу
  • Өрлеухан Қисаұлы: Артық техника істетпей-ақ көпірдің сілкініске қарсы төзімділігін арттыра алдық
    Талғат Ешенұлы: Кітаптар да – жалғыз, біз құсап серік іздейді