Шерхан МҰРТАЗА. Шындықты жазған жазушының шығармасы- қоғамның шипагері

Уақыты: 2018-10-10 Көрлімі: 3806 Сипаттама

Қазақтың халық жазушысы, қазақ журналистикасында өз мектебін қалыптастырған абыз ақса...

436958_1387939682.jpg

Қазақтың халық жазушысы, қазақ журналистикасында өз мектебін қалыптастырған абыз ақсақалымыз Шерхан Мұртаза 9 қазан күні 86 жасында дүниеден өтті. Жазушыны 11 қазан күні сағат 10:00- де М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрынан ақтық сапарға шығарып салады. Осы орайда марқұмның барша оқырмандарына, туған-туысқандарына, шәкірттеріне көңіл айта отырып, қаламгердің әр жылдары баспасөзде жарияланған мақалаларынан үзінділер жариялаймыз. 


***

ХХІ ғасыр қазағының рухани-мәдени деңгейі, мазмұны қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қиын, бірақ қажет.
Ол қазақ – тәуелсіз елдің азаматы, жанашыры. «Мен тәуелсізбін» деп кеудесін ұрмайтын, «Мен сондаймын» деп мақтана бермейтін, бар ісін үндемей тындыратын, елін жайғастырып, жерін жарастыратын азамат. Оның жүрегі таза, пейілі ақ, арманы асқақ. Ол – іскер де білгір. Ол өзінің тарихын білетін, ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін сүйетін, халық дәстүрін бойына сіңіретін, ата салтын қадір тұтатын халық перзенті. Ол көрші халықтармен байланыс, қарым-қатынасын үзбей, әлемдік рухани байлықтан нәр алуға барынша ұмтылатын, сан өнерді игере алатын, ғылым мен техникадан барынша хабардар болатын азамат.
Оның ішкі сарайы таза, жан дүниесі бай. Топырақ өңдейтін, кен өндіретін, құрылыс жүргізетін, егін суаратын, астық өңдейтін, күріш жинайтын машиналарды елімізде жетілдіріп шығару жаңа ғасыр үлесінде.


***

«Қазір кімсіз?» дейсіз. Тосын сұрақ. Әрине, алдымен адам шығармын. Азамат шығармын. «Жазушысыз ба, депутатсыз ба?» Жастар газетіне максимализм жарасатын болар. Салтыков-Щедрин жазушы болған ба? Әлде шенеунік болған ба? Ол қазірге дейін қай қасиетімен белгілі? Рас, мен Салтыков-Щедрин емеспін. Бірақ жазушы боп қалатын шығармын деп үміттенемін.
«Халықтың мүддесін қорғап айтқан пікірім есепке алынбады» деп кесіп айту артық шығар. Тіпті сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жер туралы, Жерді сату туралы заң қабылданбақ болған сын сағатта мен бұл заңның қабылдануына қасарысып қарсы болғандардың бірімін. Заң қабылданбады. Бірақ араға жылдар салып, бұл мәселе 2000 жылы қайта көтерілді. 2001 жылы «Жер туралы» заң қабылданды. Үкімет ұсынған жобаның сирағы мен тұяғы ғана қалды! Заң мүлде басқаша мазмұнда жарияланды. Мұнда менің үлесім бар деп батыл айта аламын.



***

«Жас Алаш» тарихының тағы бір елеулі тұлғасы мен үшін, мысалы Саттар Ерубаев.
Осы бір қыршынның тағдырын ойлағанда кей-кейде менің тамағыма өксік тығылады. «Жас Алашта» («Лениншіл жас») қызмет атқарып жүрген кезінде әріптестерімен бірге түскен Саттар суретінің түпнұсқасы менің архивімде сақтаулы. Анда-санда қарап отырамын. Жап-жас. Жүзі жарқын. Өмірі өлмейтін адамның дидары. Бірақ ол енді екі-үш жылдан кейін өмірден өте шығатынын білмейді. А, бәлкім, білмесе де сезген шығар. Кеудесіне сыймаған талантын тез-тез жазып қалуға талпынған сыңайлы. Қарағандыға жедел аттанып, күндіз-түні кеншілердің арасына жүріп, шахтаға түсіп, көмірдің тозаңын жұтып, жұлқына жұмыс істеп, роман жазды.
«Менің құрдастарым» романын мен жас күнімде жастанып жатып көп оқыдым. Кейін өзім де «Лениншіл жастың» тілшісі болып, Қарағандыда үш жылға жуық тұрып қалдым. Сонда бәлкім, мені жылы орыннан Қарағандыға қарай еріксіз жетелеген сол Саттардың әсері болар. Құдіретті кітаптар таптырмас тәрбиеші ғой.
Сол жоғарыда аталған ұжым суретінің қақ ортасында қасқайып Рахмалы Байжарасов отыр. Біршама уақыт «Лениншіл жасты» басқарса керек. Ол да Қарағандыға барып, қаланың партия комитетін басқарып тұрған жерінен, 1937 жылдың құрығына ілініп, он сегіз жыл Сібірдің дәм-тұзын татқан адам.
Мен ойлаймын, отыз жетінің құрығына Саттар да ілінер ме еді, оны мезгілінен ерте келген ажал құтқарып қалды.
Саттар киелі Түркістанда туып еді. Өзі жазғандай, оның жөпірейген үйі қаланың шет жағында, теміржолға жақын екен. Көршісі жұмыстан кешке қайтқанда бір бөлке нан алып келсе, оның әйелі баласына: «Е, балам, бағың бар екен, әкең нан әкелді», – дейді екен. Саттар: «БАҚЫТ деген НАН екен деп ойлаушы едім», – дейді.
«Лениншіл жастың» отызыншы жылдардағы тігіндісі сақталса, әр нөмірінен дерлік Саттар Ерубаевтың қайнар публицис­тикасы табылады.
Әлі есімде, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бізге қыршын кеткен Саттар Ерубаевтың моласын іздеп табуға тапсырма берді. Қарт комсомолдардың айтуынша, Саттар қазіргі Райымбек көшесінің бойындағы зиратта жерленген екен. Бірінші хатшының тапсырма беру себебі: осы зират таяуда тегістеліп, орнына автостанса салынбақ екен. Саттардың моласы табылса, сүйегін алып, басқа зиратқа жерлеп, басына белгі қою.
Бірақ моласы табылмады. Белгі жоқ. Көзі тірі қарт комсомолдар көмектесе алмады. Сөйтіп, Саттар автостанса астында қалды.


***

Қазақстанның жеріне «көз алартқандар» сонау І Петр дәуірінен басталған әлі жалғасып келе жатыр. Қазақтарды отаршылдар ноқталап мінгеніне жүздеген жылдар өтіп, енді тәуелсіздікке қолымыз жетті дегенде де, өзің куәсің, кешегі таратылған парламентте Головков, Михайлов т.б. депутаттар Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты орыстікі деп дау шығарған жоқ па? Солженицын, Горбачев, Жириновскийлердің Қазақстанға қадалған сұқ көздерін кейбіреулер байқағысы келмейді. Далбаса, сандырақ деп ойлайды. О басында Гитлердің әрекеттерін де жұрт сандырақ деп ойлаған.
«Құдай – сақтансаң сақтаймын» деген. Әрине, бетін аулақ қылсын, әсіре империя­лар шабуылына Қазақстан төтеп бере алмас. Бірақ тұяқ серіппей қалу да абырой емес. Сондықтан Қазақстан Қарулы күштері, Қазақстан әскері дегенге жеңіл-желпі қараудың қате екенін әрбір азамат сезінгені керек-ақ. «Әскерден қашыпты» дегенді естіп қаламыз, газеттен оқимыз. Бұған әскердегі тәртіпсіздік кінәлі деген пікір қалыптасты. Тәртіпсіз әскер – әскер емес. Ол бесенеден белгілі. Қазіргі әскербасылардың алдымен тындыратын шаруасы осы тәртіп болса керек.

***

… Таланттар – раушан гүлі сияқты: жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені – азабы өзіне.
Талантсыздар шошқатікен сияқты. Гүлдемейді. Азабы – өзгеге. Жамандық солардан.
Бес күн қонақ өмірде жарқылдап өткендердің бірі – Тахауи Ахтанов еді. Оның да азабы аз болмаған. Бірақ жаймашуақ жаралған.
Әдебиет әлемінің табалдырығын аттар-аттамас Мұхтар Әуезовтей алыптың оң назарына іліккен жігіт жаман болмас.
Кейде түсіме кіреді. Жазушылар Одағының ғұмырындағы бір жылымық кезең еді. «Горный Гигантта» жазушыларға арналып шығармашылық үй салынды. Кереметтей емес. Бірақ сонда Ғабит Мүсірепов жатып, «Ұлпанды», «Жат қолынданы» жазды.
Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесінді» жазды. Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабы «Тамұқты» жаздым.
Алмай-бермей, Тахаң мені іштартты. Інісіндей сырласты. Мен оның алпыс жылдық мерейтойына арнап, «Айға шағылған найза» деген эссе жаздым.
Әңгімеқұмар кісі еді, жарықтық. «Ант» атты атақты пьесасын жазғанда тарихты қалай қопарғанын айтады.
Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Бұл дүниеде әлдеқашан өтіп кеткен адамдарды қабірлерінен «қайта қазып алып» оларды тірілту керек. Оларды бір кездегідей тұрғызып, сөйлету керек. Күлдіру керек, жылату керек.


***

«Лениншіл жасқа» қызметке жаңа­дан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім.
Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады.
Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп, мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып-білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған.
Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, шопан үйі, қойы, иті т.б.
Ал Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен.
Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры жоқ, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.
Жазушы – халықтың ар-ожданы дегенде, міне осындай жазушыны айтады. Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы – жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар олардың артынан тас лақтырып, жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды, құр мақтауға күмпие бермейді. Ақылды басшы көпшілікті соңымнан ертем десе, көпшіліктің арасында, күнбағардан аулақ жүреді.
Қайран Орекем осы философияны айтып отыр. Әттең дәл осы заманда тірі болса, жанға дәру сөздердің көкесін енді айтар еді. Шындықты жазған жазушының шығармасы- қоғамның шипагері. Маман дәрігер жеке-жеке адамды аурудан сауықтырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма қол емес, адамдардың жүрегіне – жігер, көзіне – нұр, көкірегіне – сәуле қосу арқылы әсер етеді. Оралхан бұл жағынан шебер еді.


***

Желтоқсанды жай елеңсіз оқиға ретінде ұмыттырып жібермек болғандар да жоқ емес. Желтоқсан – тек Колбинге ғана қарсылық емес. Бұл империялық қорлыққа, зорлыққа қарсылық. «Мен – қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмай, тілі байланып, аузы буылған азапқа қарсылық. Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, аузыңды буа берсе, қорқақ боласың, бүгежек, именшек боласың.
Тәуелсіздік таңы жаңадан атқанда, тіл туралы Заң шығып, қазақ тілі жеке-дара мемлекеттік тіл атанғанда, қазақтың еңсесі едәуір көтерілді. Қазақша жаңадан мектептер ашыла бастады. «Болашақ – қазақ тілінде» деп көп ата-ана балаларын қазақ мектептеріне қарай жетектеді.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың тілі шын мәнінде үстем тіл болуына, мемлекеттік тіл болуына шенеунік топтар жол бермей қойды. Өйткені билік басында түрі қазақ, тілі орысша шыққандар отырды. Әлі де отыр. Олар мемлекеттік тілді жай әшейін қуыршақ тілге айналдырды. Өйткені қазақ тілінде олар іс жүргізе алмайды, ел алдына екі ауыз сөз айта алмай, шалалығын көрсетіп алады. Сонысын жасыру үшін де ол орыс тілінің мәртебесін асыруға өте-мөте мүдделі.
Нәтижесінде кешегі ата-аналар бүгін балаларын қазақ мектебінен қайтарып алып жатыр. Өйткені «мемлекеттік қуыршақ» тілдің болашағы тым бұлдыр. Билеуші топтың осы пиғылын көріп-білген Масанов сияқты ғалым-нигилистер: қазақ тілі – мемлекеттік тіл болуға жарамайды, мейлінше жұтаң, жетім тіл деп сайрап шыға келді. Бұлайша айту оған өте тиімді. Өйткені орыс тілінде ол судағы балықша жүзеді. Ал қазақ тілі үстем болып кетсе – жеп жүрген нанынан айрылып қалады. Өз қарнының қамы үшін халқын, ұлтын қорлап сорлағандар осылар.


***

… Мен бірдеңе білсем, қазақ тілінің жауы өзгелерден гөрі, өз қазағымыздың арасынан көбірек шығып тұр.
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған Парламент. Парламент мемлекеттегі биліктің үш тармағының бір тармағы. Өзі шығарған заңға өзінің билігі жүрмеген Парламент әйтеуір аман болсын. Қазіргі Парламенттің «Мәжіліс» палатасында 77 адам бармыз. Соның тоқсан пайызға жуығы қазақтар. Ал Мәжілісте қазақша сөйлейтіні жалғыз жарым, тоқты-торым. Іштерінде қазақша таза сөйлей алатындары бар-ақ. Бірақ орысша сөйлейді. Әуелі бір-екі сөзді қазақша бас­тап алып, содан соң: «Бәріне түсінікті болу үшін», – дейді де, орысша гөй-гөйіне басады. Аудармашы бар. Қазақша сөйлесең, лезде сөзбе-сөз тәржімалап отыр. Жоқ, орысша соғады. «Бәріне түсінікті болу үшін». Бұл нашақорлық сияқты айығуы қиын дерт. Сонда да өзінің ана тілін қорлап отырғанын сезбейді. «Бәріне түсінікті болу үшін».
Заң жүрмегеннен кейін, Конституцияның бабы іс жүзіне аспағаннан кейін, осыдан оншақты жыл бұрын беті бері қараған қазақ балаларын қайтадан орыс мектебіне қарай сүйрей бастады.



***

Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің үкімет шөп басын сындырған жоқ. Ал оның есесін теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқпарына айналды. Адамның адамгершілігін, пиғылын бұзатын аса қатерлі қару сол. Ұрлық пен қарлықты да, жауыздық пен жалмауыздықты да, арсыз, имансыз жәлептікті, адам өлтірудің нешеме түрлерін бесікте жатқан баладан бастап, бәрімізге үйретіп, санамызды улап жатыр, улап жатыр.
Камал, жазда Көкшетауда, тағы бір жерлерде обыр шегіртке егінді бүлдіріп кетті. Сол шегірткелер адам санасын да бүлдіріп жатыр. Құдай біреу, Құдірет біреу, ал дін көп екен, соның өкілдері Қазақстанда қаптап жүр. Бір отбасында біреу мұсылман, біреу баптист, біреу православ, біреу бахаист, біреу ахмади, бірі иудаист, бірі кришнаит, бірі католик болатын күн жақын. Қаһарлы қантөгістер негізі сол.


***

Камал дос! Экономикалық реформа түзу болу үшін алдымен адамның санасын, құлқынын, нысабын түзетіп ал. «Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе, «Жоқ, бай Құдай болсам» дейді. Бұл қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оппа. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады. Қазіргі жегіштердің көбі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді.
Осының бәрі халықтың несібесі емес пе еді? Жекешелендіру дегенді ойлап таптық та, әлі жеткен ту-талапай тонап алды да қойды, әлсіз халық құралақан қалды да қойды. Осы да реформа ма?! Бұл әлі арты ашылатын үлке-е-ен қылмыс.
Жекешелендір. Мейлі. Бірақ әділеттік қайда? Әркімнің еңбегіне, қоғамға қосқан үлесіне қарай бөлмеймісің? Қолы жеткен алды-кетті деген бола ма екен? Әділетті, құқықтық мемлекет орнатамыз деп жүріп, қадам басқан сайын әділетсіздікке жол берсек, құқықтық мемлекет құра алмаймыз ғой.

***

Камал! Заман түзелер, адам түзелсе. Тұрмысымыз оңалар, ақшамыз да орнығар. Үмітсіз шайтан деген. Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркім атақ-дәреже, мансап дегенді өз бойына, өз ойына, талант-талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиетті ұғымды ұмытпаса деймін ғой. Әйтпесе, қазір көшеде келе жатып, абайламай біреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик, кіші де академик. Мейлі ғой, қызғанбайық. Бірақ бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсінбейді «академикті» оңды-солды үлестірушілер? «Академик» деген атаққа шыннан лайықтымын ба деп бір сәт неге ойланбайды атақ-дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтпаевты елестетпейді бір сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Біле білсе, оңай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да.
Түрліше, қоғамдық негіздегі акаде­миялардың қаптап кетуі жөні түзу Ұлттық академиямызды Ғылым министр­лігіне қосуға мәжбүр еткен жоқ па екен?

***

Біз «балшықтан бала жасап ала алмай» жүрген елміз. Тарихи зобалаңдар соқпағанда қазақтар қазір қырық-елу миллион шамасында жүрер еді. Өткенге – салауат, тіріге – береке тілейік. Береке берсін, лайым. Ақтамберді ақын:
Атадан алтау туғанның,
Жүрегінің бастары
Алтынменен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның,
Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар, – деген. Ақын ғой, шіркін. Айтқан ғой сабазың. Ал енді Атадан алтау деген не? Ойландың ба, Камал? Неге үшеу емес, неге бесеу емес, неге он емес?
Әріден қалған Алты Алаш деген ұғым бар. Оны бізге ұмыттырған «бөліп таста да, билей бер» деген. Алты Алаш – түркі тектес алты ағайынды дегені, сірә.
«Алтау ала болса – ауыздағы кетер» деген нақыл сөз де сол заманнан қалған. Ажырама, алакөз болма дегені ғой.
«Алты бақан – алауыз» – бұ да бірлікті аңсағандықтан қалған сөз.


***

«Егемен болдық. Нарық экономикасына бет алдық. Әркім кәсіпкер болсын, өндіріс ашсын, өнім шығарсын!» деген ұран шыққанда Терещенколар несие ісін теріс жолға салып жіберді. Мемлекеттің жанды-жанды буынында отырғандар қолы жетіп, өз жақындарын алдымен жарылқады. Оларға банктердің есігі ашық болды. Нәтижесінде лезде «нувориштер», яғни кенет байлар қаулап шыға келді. Бота тірсек бозбалалар үлкен-үлкен көкелерінің, апаларының арқасында тез арада ұлттық «ақсүйектерге» айналды. Осылайша «жүзден- жүйріктер, мыңнан тұлпарлар» табыла кетті.
Жалпы халық жадау қалпында қала берді.
Оның үстіне коррупция, жемқорлық жоғарыдан, тау басынан домалаған тас сияқты етекке дейін ендеп кетті. Дәніккеннен құныққан жаман. Жемқорлардың жемсауы толмайды. Қанағат жоқ. Тойымсыздық психологиясы қиын.
Бірақ дүние болғалы сол шіріген байлықты ана жайға – өзімен бірге ала кеткен ешкім жоқ. Бай болсаң да өлгеннен соң басыңа алтыннан күмбез салмайды. Өйткені сен алтын емессің. Өлгеннен соң байдың да сүйегі әппақ, кедейдің де сүйегі әппақ. Әділет сонда орнайды.
Алайда тірілер мұны ойлап жатпайды.


***

Қазақтың мәйегі ауылда еді. Ауыл барда қазақ халқының нәсілі асыл еді. Сол мәйек қазір іри бастады. Американы алғаш жаулап алушылар байырғы тұрғын – үндістердің қиян-кескі қарсылығына тап болған ғой. Садақпен қаруланған үндістерді зеңбірекпен жеңе алмаған. Сонда бір сұңғыла зымиян айтты дейді: үндістерді жеңу үшін әуелі бизонды қырыңдар деп. Ал Зеңгі бабаның ірі түрі – бизон үндістердің асыраушы азығы еді. Бизон жаппай қырылды – үндістер жеңілді, рухы сынды… Үндістердің қазіргі қалған-құтқан ұрпағы… оны айтпай-ақ қояйын, өте аянышты.
Ал сонау бозала таңды заманнан бері қазақты асыраған мал емес пе еді, Камал? Қазақ малдан ажырады ғой. Қолдан ажыратты.
Сонау қаһарлы отыз екінші – отыз үшінші жылдары алдымен мал кеткен, артынша адам кеткен. Бір-екі жылдың көлемінде қырық миллион бастан бес-ақ миллион қалған.

***

Камал! Бұл Ұлы көш бір жылдық, екі жылдық емес, әлі көпке созылады. Көші-қон туралы жаңа заң Парламент құзырында тұр. Депутат мырзалар бұл жобадағы кейбір мойны бос бұлғаң-бұлғаң тұстарын қатайтатын шығар деген үміттен күдер үзбейік. Және сол заң бойынша, заманымыздың аса күрделі проблемасы екенін қатты ескеріп, Көші-қон мемлекеттік органын құрып, оның басына қазақ халқының мүддесін қорғай алатын, өзгелерді де ренжітпейтін, «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген қағиданы ұстанатын, ұлт психологиясын, мінез-құлқын, салт-санасын, дәстүрін жақсы білетін азамат тұлға тұруы керек.
Және бір түйіні, Коржовалардан қайыр болмаса, ел болып, жұрт болып, мемлекет болып, көші-қонның Отандастар қорын құру ауадай қажет.
Қазір не көп, сан түрлі қорлар көп. Ал мынау солардан шоқтығы биік, мүддесі биік тағдыршеш Қор болуы тиіс. Бұл қорға қолғабыс етер күш – игі жақсылар, қазіргі дәулеттілер, ұлтқа жаны ашитын фирмалар, банкирлер болғаны абзал. Елге оралған ағайынға жылу беру ата-бабамыздың адамгершілік дәстүрі. Жылу беру – қайыр-садақа емес, ағайынның жанын жылыту, ұясын жылыту деген ұғым. Сонда ертең сен жаурасаң, ол сені жылытады. Ұлттың бірлігі, бауырмалдығы осындайдан құралады.

***

Жақында «Жалын» баспасы менің «Ай мен Айша» атты романымның бірінші кітабын басып шығарды. Рахмет. Бірақ қаламақы төлейтін сыңайы жоқ. Өйткені қарызға батып, қаржысыз отыр. Таралымның біраз бөлігін өзім сатып ақша табуым керек көрінеді. Бар шығарғаны 2000-ақ дана.
Камал! Енді егер Көк базарда «самопал» арақ сатып, бөтелкесін өткенге де, кеткенге де ұсынып, зарлап тұрған кемпірлердің қатарынан мені көрсең – таң қалма. Әрине күлерсің. Күле бер. Кітабымды сатып тұрамын, атасына нәлет! Бірақ менікі «самопал» емес. Арым таза. Тек бір қаупім бар: сатып алушылар менің кітабымның мұқабасын сипалап көріп тұрып, қасымдағы «самопал» сатқан көршіме бұрылып кете ме деп қорқамын.
Солай, бауырым. Кітап дүкендері толған Мәскеу баспаларының неше алуан «өнімдері». Ішінде бірен-саран құндылары да бар. Ал негізінен «секс» туралы бейәдеп кітаптар.
Қазір Қазақстан имансыз идеология құралдарының еркін аймағына айналды. Кейбір бұзық газеттер, «КТК», «ТАҢ», «ЗІ канал» сияқты телеарналар адамды мәңгүртке айналдыратын айла-амалдың нешеме түрін туындатып жатыр. Адамды өлтірудің, аздырудың, қатігез қанішерліктің, жәлептіктің алуан түрін қарша боратып тұр.
Тіл туралы жаңа Заңның иісі бұлардың мұрнына бармаған сыңайлы. Сенбесең, теледидарыңның тілін басып көр. Газеттердің бәрі жабыла басатын телебағдарламаларға көз сал. Бұларда қазақ тілінде байсалды, парасатты әңгіме атымен жоқ. Көз алдау қылып қазақша бір елтең-селтең би, татымсыз әнсымақтар беріп қояды. Баланы алдағандай. Халықты қалай алдарсың…


***

 

…Көне Египет папирусына жазылып бізге жеткен асылдарға көз сал. Не жазылған? Бұл дүниеден өткен адам о дүниеде Құдірет алдында жауап беріп тұр:
– Мен адамдарға арамдық, қиянат жасамадым.
– Мен малды қыра берген жоқпын.
– Мен қаріп-қасірді қорлаған жоқпын.
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын.
– Мен зинақорлық жасаған жоқпын.
– Мен таразыдан жеген жоқпын.
– Мен сәбилердің тамағын тартып алған жоқпын.
– Мен ағын суға бөгет салған жоқпын.
– Шындықты бұрмалап күнәкар болған жоқпын….
Бұл дүние – бәріміздің уақытша мейманханамыз. Сағаты соққан сәтте біз екеуміз не деп жауап берер екенбіз, Камал?
Біздің шоңдарымыз не деп жауап берер екен?
Халықтың үлесін, кәрі-құртаңның зейнетақысын, еңбекқорлардың еңбекақысын жеп жатқандар не дер екен?
«Табиғаттың қатесін түзейміз» деп өзендерді тоқсан тоғыз жерінен буып тастағандар не демек?
Таразыдан жеп жатқан тасбақалар аз ба?
Қу дүниеге бола бірін-бірі өлтіріп жатқандар аз ба?
Сәбилердің несібесін тартып алып жатқандар ше?
Отыз алты миллион малды қырып салып, тамтығын ғана қалдырғандар ше?
Шындықты бұрмалаушылар көдеден де көп.
Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде ондай қулық өтпейді.
Құдіреттен күшті ешкім жоқ.
Қазақтың батыр Бауыржаны: «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», – деді.
Сен не дер едің, Камал?
Тірілер ойлансын…



Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Цифрлы Қазақстанда мұғалімдердің міндетті емес міндеттемелері қашан алынады?
    Құлдық құлықтан қашан құтыламыз? Немесе «Көпшілікке түсінікті болу үшін...» делінетін түсініксіз ә