Шыңырауға қауға салғанда...

Уақыты: 2022-07-11 Көрлімі: 310 Сипаттама

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»Әбіш Кекілбайдың «Шыңырауы» – басқа шығармалар...


Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әбіш Кекілбайдың «Шыңырауы» – басқа шығармаларынан бөлек тұрған дүние. Бұл жерде әңгіме «Шыңырауды» жазушының өзге шығармаларынан артық санауда емес, әңгіме, қазақша айтқанда, порымының бөлектігінде. Оқи­ғасы негізінен қауға қабар түбі жер бетінен екі жүз қадам құдықтың ішінде өте­тін «Шыңыраумен» театр сахнасында кездескен режиссер Монбланның ете­гінде тұрғандай (К.С.Станиславский) қиналары анық болса, қолында «құс ұш­қан биіктен де, тышқанның інінен де, төбеден де» (Л.Н.Гумилев) қарай бе­ре­тін кинокамерасы бар режиссер үшін де көркем қисынын таппаса оңайға соқпайды.

Кез келген классикалық шығарма сияқ­ты «Шыңырауға» да әр оқырман, әр көрермен өз көзімен үңіледі, автордың шыңыраудың түбіне көмген идеясын мехнаттанып өзі табады. Ол идея режиссер шерлі болмай, шері толқымай экранға шыға қоймайды. «Шыңырау» менің білуімде, Жаңабек Жетіруовтың көкірегіне шер-шемен боп қатқалы он шақты жылдың жүзі болса керек. Осы уақытта, әрине, режиссердің басына неше түрлі шешім келді – сүйсінді, күйінді, айныды, толқыды, толғатты, қызды, суыды... Идея ақыры, соңғы үш төрт жылдың көлемінде жетілді, пісті, етек-жеңін жинап, көркем кино шығарма болып жарыққа шықты. Кино алғашқы кадрлармен-ақ еліктіріп, баурап әкетеді. Қап-қара болып шайқалып жатқан теңіз фонында фильм титрлері теріледі де келесі кадрлар жусан, жантақ, сүттіген, шағыр сияқты тобық қаққан шөп өскен сарғыш дала көрністеріне ауысады. Киіз үйдің уықтары түгел жабылмай, киізі ала-құла тасталып, керегелері де қапталмай, арса-арса болып көрсетілуі – Еңсептің қиюы қашқан тірлігінің, жыртық-жамау тұрмысының белгісіндей болса, киіз үйдің ішіндегі өмірді сырттан түсіріп, рентген сәулесіндей тесе қарауға қолайлы. Бар дүниені ұмытып, жатырындағы шаранасының әр қимылын аңдып, мейірге бөккен ана сияқты Еңсеп те бар денесі құлаққа айналып жерге жабысып жатып алып дем алмай, зарыға тың тыңдайды, жүздеген метр тереңдегі қара түнектен хабар күтеді. Қу мекиен даланың бір тұсына күрек шаншып, айлап жер қазғанда су шықпай, қашты-ау деген үміті қысыр боп шықса ақадал еңбектің еш кетіп, тілек кесілу деген сол. Фильмде Еңсептің су іздеу сәттері – әр шөптің тамырын шайнап дәмін алуы, күміс жүген сүйретіп сыңғырынан хабар күтуі, үйір-үйір жылқы айдап, жер бетіне берілер шалажансар тербелістің ырғағына құлақ салып, 70-80 аспаптың ызы-қию үнінің арасынан фальш үнді сезе қоятын абсолютті музыкалық есту қабілетіне ие дирижер сияқты толып жатқан әдістерді қолданып зарығуы құдықшы кәсібінің құпияларын ашардай түсірілген. Ата-бабасынан құдық қазуды кәсіп қылған Еңсепке байып кетпесе де ұсақ жандық мал бітеді. «Алдыңа келгенді алалама, қанша берсе де місе тұт, ақысы аз деп ешкімнің бетін қайтарма» деген әділ әкенің өлер алдындағы өсиетін ұмытып, тек байдың айтқанын тыңдап, байдың малына ғана құдық қазуға көшкен Еңсептің бір күні басынан бақ таяды. Құдық қазған сайын келіп тұратын жүз қаралы тұсақ та тиылып, кедейліктің ауылының қисық ұшқан түтіні көріне бастайды. Ұйқысы бұзылған Еңсеп ат тұяғының дүбірі естілсе елеңдейді, бейсауат аттылы көзіне құдық қазуын сұрап келе жатқан адам болып көріне бастайды. Бұл қырсық шалудың басы еді. Осы кезде сол өңірде құдық қазатын қарақалпақ пайда болады. Ол Еңсептей емес жұрттың бергенін алады, соған шүкіршілік етеді. Құдық қаздыратындар соған ауады, Еңсеп елеусіз қалады. Ынсапты ұмытқанының кесірінен қолына қараған ағайын, бала-шағасының несібесінен қағылады. Бірақ... Дала кезген Еңсептің көкейінде бір арманы бар еді. Әбіш Кекілбаевтың дарқан дарыны Еңсепті сүймен, күрек ұстаған жай қара күш иесі емес, үлкен суреткер дәрежесіне көтереді. Өмірдің реалистік көрінісінен көркем шығарма тудырған жазушы генийі режиссерлерге алақаны күс-күс Еңсепті күй атасы Құрманғазы сияқты мелшиген қара тастан қайталанбас ғажайып көркем мүсін тудырудың хас шебері Микеланжело сияқты өнер алыптары дәрежесіне көтеруге мүмкіндік береді, жол көрсетеді... Режиссер Жетіруов, Еңсеп рөліндегі актер Алдабек Шалбаев, қою­шы-оператор Ибрагимов Рифхат (осы жол­дарды жазып отырғанымызда Рифхат ақы­реттік өміріне аттанды деген қаралы хабар жетті...) Еңсеп бейнесінің көркем образ болып шығуына көп еңбек сіңірген. Еңсептің арманы бұған дейін ешкім қазба­ған, анау-мынау құдық қазушының белі шы­дап, жігері жете бермес, артында аңыз бо­лып қалар суы сарқылмас құдық қазу еді. Еңсеп ол арманына жетті де, бірақ қалай жетті?..

Маңғыстау құдықтары туралы мәлі­мет­тер Геродоттың жазбаларында кезде­седі. Нарын құмы мен Каспий теңізінің орта­сында жатқан ауылдар құдық қазса, екі-үш құлаш тереңдіктен су шыға береді. Ал жері тастақ Маңғыстау даласынан су шығару үшін жүз қадамнан екі жүз қадамға дейін қазу керек. Тастақ жерді қайламен, сүйменмен ұрып, босаңсытып алып күректеп тастауға түйе балуанның белі мен білегі керек, асқан төзім, шыдам қажет. Фильмде еңсегей бойлы Еңсептің қарулы қолындағы қайланың жерге қа­далып, тас-топырағымен қопарып тас­тайтын көрністері шебердің қолындағы ұршықтай зырылдап фильм арқауын ширатып отырады. Осы көрністерді композитор Арман Жайымовтың жер қойнауын дүрілдетіп, әлде бір шыңыраудан шығып жатқандай ақырындап қана естілетін музыкасы жан дүниеңізді баурап алып, құрдымдағы судың булыққан дүбірі мың сан тамырды кернеп келіп, жарыла атылып, жолындағысын жайпап кетер сұрапыл тасқынға ұласарын түйсігіңізге жеткізеді. Еңсепке төнген әлдебір алапатты сезген сіз де тамағыңызға қанжар тақалғандай үрей кешесіз. Режиссер де қимыл-әрекетті асықпай өрбітіп, темпо-ритмді қуаламай, оқиғаларды шебердің өрген он екі өрім дырау қамшысының таспаларындай қиюластырып отырады. Техникалық эффектілер мен компьютерлік графиканы молынан қолданып жүздеген миллион АҚШ долларына түсірілетін шетелдік кинолар көрерменін күрделі технология­лық кереметтері арқасында жауласа $150 мың­ның ар жақ, бер жағындағы қаржы­ға түсірілген Жаңабектің «Шыңырауы» мы­на пәни жалғандағы адам ғұмырының ма­ғынасы туралы көрерменге терең ой салады. Режиссердің өзі қосқан ке­йіп­керлер – Еңсептің ұлы (Асылхан Тө­ле­пов) мен қарақалпақ құдықшының қы­зы Ақмоншақтың (Айжан Жетіру) арасын­дағы сезімнің шынайы махаббатқа айналып, бір-біріне жүректерін ашатын кадрлары – екеуінің Каспий жағасында, сандықтай қайыршақтас үстінде отырып, шексіз, шетсіз далиып жатқан теңізге көз салып отырып ішкі монологтермен тілдесетін сәттері фильмге көркем әр бере түседі. Күміс толқындары күнге ша­ғылысып, баяу тербетіліп жатқан те­ңіз өмірбақи бір болуға серт беріскен қос ға­шықтың нартәуекел деп бірге жү­зер өмір-дариясы, алдындағы телегей-те­ңіз бақыты, қол созған армандары сияқ­ты қабылданады. Режиссер махаббат кадр­­ларын көбіне-көп құшақтасып, айма­ласу арқылы шешілетін натуралды көрініске ұрындырмай, махаббат сезімін экран арқылы жеткізудің лирикалық-романтикалық тілін тапқан. Ресиссер қос­қан тағы бір кейіпкер – мылқау жігіт Оспанға орыстың матросының тельняжкасын кигізуі арқылы қазақ даласының құнарлы қара топырағын жыртып, ата-баба моласын сүріп тастаған жат қанның, қазақ руханиятының қаймағына түскен құмалақ-нәжіс мәңгүрттік қасіретінің ортақ бейнесін шебер бедерлейді. Жо­марттың мылқаулығы – ана тілінен жері­ген, өз рухани құндылықтарын тәрік еткен жанның символдық бейнесі жүгін көтеріп тұр. Актер Мақсат Сәбитов мылқау Ос­панды актерлік паузалар, ғаріп жанның мөлиген, мүләйім көзқарасы арқылы, айналасымен ара-қатынасын қарапайым ғана құра білу арқылы шынайы ойнайды.

Повесте жайлауға бет алған көш­тің Еңсеп трагедиясын ашар керемет сурет­тел­генін білеміз – Еңсеп қазып жатқан құдықтан көз жетер жерде көш кетіп бара жатады. Жайлауға бет алған, сән-сал­танаты асқан көш. Көшті қапталдап жүй­рік мінген жастар жүр. Қызы бар, ұлы бар, бірі қашып, бірі қуып аттың басын жіберіп емін-еркін сайрандайды. Көш – өмір сим­фониясы. Үздіксіз жаңарып, түлеп отырудың белгісі. Жер қойнауының қара түнек тереңінде жүрсе де Жер-Ананың тамырының бүлкілін бағып, жердің әр қабат-қыртысының тынысындағы сәл өзгерісті сезіп отыратын «саққұлақ» Ең­сеп таныс дүбірді естіп көкірегі сыздап, жер­ бетіне шығып, құдық жанында сар­шұ­нақ­ша қаздиып, өтіп бара жатқан көшке қарап тұрады. Еңсеп үшін көш – өтіп бара жатқан өмірі, сағымға айналған жастығы. «Ең болмағанда етікші болсам ғой, ана көштің орта шенінде мен де жүрер едім-ау...» деп жаны құлазиды. (Атақты суретші Ерболат Төлепбайдың «Көш» картинасы бар. Сюрреалистік жанрда жазылған сурет «Шыңырауға» сұранып тұрғандай-ақ...). Көртышқанша қара түнек ызада жер қазып, бар өмірі жер астында өтіп жатқан, ата-бабасынан қалған кәсіптің «қызығы» ұрпағының маңдайына да малға ен басқандай шыжғырылып тұрып басыларын ойлағанда әулетінің пешенесіне жазылғанды өзгерте алмасына көзі бая­ғы­да жетіп, Құдайдың басқа салғанына көн­діккен Еңсеп трагедиясын қоюланды­ра тү­сер осы көш бейнесі қаржы мардымсыз бөлініп, әр тиынды үнемдеумен түсі­ріл­гендігі болуы керек Жетіруовтың филь­міне кірмей қалыпты. Фильмнің көр­кемдік шаңырағын аспандатар көштің кадр сыртында қалуы әрине өкінішті... Еңсеп сүймен мен қайланы кезек сілтеп отырып екі жүз қадам тереңдіктің тасын қопарып келе жатқанда сүймені шақ етіп тақта тасқа тиеді. Бұл кадрлар – фильмнің шырқау шегі. Бұрын-соңды сүймені тиіп көрмеген тақта тастың жерасты дариясына ашылар есік екеніне көзі анық жеткен, табанының астында бұрқырап-сарқырап жатқан алапат өзен барын сезген кезде бойын қуаныш пен қорқыныш қатар буған құдықшының психологиясын актер Алдаш Шалбаев нанымды сомда­ған. Бұрын-соңды ешкімнің күрегі жетпеген терең құдық қазу, ол құдығы жерасты дариясына ұласып, сарқылмас суат көзін ашу – қолына сүймен, күрек ұстап туған құдықшы біткеннің арманы. Бұл сәт – құдықшы тағдырының шешілер сәті. Әбіш Кекілбаевтың Еңсебі сол арманына жетеді, алайда өзі де осы жолда құрбан болады. Әдеби шығармада Еңсеп өлетінін білмейді, тақта тас кенеттен опырылып түсіп, құдықшы қапияда қаза табады. Фильм режиссері де Еңсеппен осылайша қоштасады. Ал егерде... Еңсеп беліне байлаған арқанды шешіп жіберіп, жер­асты дариясына өз еркімен ағып кетсе?.. Ең құнды туындысын салып бітіріп, адам баласы тұрғанша бірге жасар шедеврінен кейін қайталанбас өнер тудыра алмасын түйсінген суретшідей, ең биік шыңын бағындырған альпинистей қалған өмірі­нің мәні жоғын түсініп, айтарын айтып болғанын сезген кезде жарық дүниеде басқа қызық қалмағанына көзі жетіп бұ жалғаннан өз еркімен баз кешсе ше?.. Бұндай шешім фильмнің көркемдігіне қалай әсер етер еді?.. Фильмдегі бір ескерер жайт – Еңсептің сөздері Алдабек Шалбаевтың өз дауысымен емес өзге актердің үнімен дыбысталған екен. Ащы да болса айтайық – дыбыстаушы, белгілі актер ағамыздың онсызда зор дауысын кеңсірігіне бағыштап, қою тембрін одан сайын күңгірлетіп, резонёрлыққа берілуінен – актер сомдаған образ бен оның ауызынан шыққан сөздері мүлдем қиыспай – былғарыға көн жапсырғандай болып шығыпты. Дыбыстаушы дауысы Еңсеп образына үш қайнаса сорпасы қосылмайды, осыдан келіп диссонанс туын­дайды. Құдықшы Еңсеп телевидениеде жарнама оқитын диктордың дауысымен сөйлеп жүргендей әсер береді. Фильмдегі айтылуға тиіс тағы бір мәселе – екінші, үшінші пландағы кейбір рөлдерді актерлік кәсіпке еш қатысы жоқ адамдар ойнауынан кей эпизодтар солғын шыққан. Қарақал­пақ рөліндегі Мұхамеджан Мырзалиев­тың өзге елге келіп, нан табу үшін жарты бәсіне келісіп (халықтың қамын жеп, ынсапты ойлағандықтан аз ғана ақыға келісе берді деп ойлауға болмас) күнкөрісі үшін жүрген жалдамалы адамның психологиясына тереңдеуі кемшін. Бөтен елдің азаматының нанына ортақтасып, нәпақасынан айыру сияқты шиеленісі көп мәселеге бас сұғуға кіріспес бұрын, оң мен солына қарап, Еңсепке көзқарасын ек­­шеп, арақатынас салмағын таразыға салуы ­керек еді. Хиуа хандығы, түрікмендермен арада шауып кету, тонап кету жиі болатын қылышы қайраулы ол заманның қа­зағы қазіргі толерантты қазақтан өзге­леу болған шығар... Әзіл-сықақпен танымал актерді күрделі дүниелерге ара­ластырудың да ерекшелігін ескерген жөн еді. (Сатираның генийі Құдайберген Сұл­танбаев Сәбитжанның рөлінде «Ғасыр­дан да ұзақ күн» спектаклінде әкесі Еді­гейді жерлеу сахнасына шыққанында, Құдай­берген тағы да «Тамашаға» шыға келген­дей көрген көрермендердің ду кү­ліп, қол шапалақтап қарсы алғаны есте.) Қаржы тапшылығынан кәсіби актер­лерді шақыруға мүмкіндік болмағаны да түсінікті... Жалпы, кинорежиссерлерге актердің психотехникасын жетік біле­тін маманның рөл талдау кезінде, түсі­ру алаңында да жанында жүргені артық етпейді. Режиссер шаршап-шалдығып шы­ңырау түбінде отырған Еңсептің көз алдына көбелектей құстың ұшып келіп, қанатын қағып ауада «ілініп» тұратын көрініске терең ой салған. Бұл – сюжет арқауының әбден ширатылып, оқиғаның ширығып, Еңсептің жерасты дариясына ағып кетер алды. Көктемгі жаңбырмен қаулап өсіп, бір апталық қана ғұмыр кешетін көкнәр гүлінің жапырағындай үлбіреген құс – мүмкін, Еңсептің қоштасуға келген жаны. Ешқандай шекара дегенді білмейтін құс – еркіндіктің символы. Мүмкін... мате­риалды өмірдің мехнатынан құтылып, ­рух әлеміне емін-еркін самғар Еңсептің өзі... Қалай түсінсеңіз де, фильмнің сапа­сын таразыға салар болсаңыз осы көбелек­тей құс пілдің салмағындай көркем ой-сал­мақ қосар еді...

Фильмде Еңсептің Сұпы әулиенің жерасты мешітіне келіп Аллаға жалбарынып, әке өсиетін тәрік етіп, қол кү­шін бұлдап, көкірекке нан пісудің неге апа­­рарын түсініп, байлық қуу мен ар-ождан тазалығын таразылап, асылығына өкініп, күңіренетін сәттері өте әсерлі шық­қан. Тауды үңгіп, төбесінің биіктігі екі құлаш­тай, кей тұсына тақта тастар қаланған, сақиналап тірек-бағандар қойылған жер­асты мешітін оператор Рифхат Ибра­гимовтың көзімен көріп отырғанда кө­не Грекия ғимараттары еске түседі. Осы орай­да, Сәтімжан Санбаевтың «Аңызды аңса­ғанда» шығармасында пір Бекеттің Шақпақ шеберге әдеттегідей тас үстіне тас қаламай, тауды үңгіп, тау мүжілгенше тұратын ғибадат үйін салу туралы ақылы еске түседі... Жалпы, фильмнің сәтті шығуында Рифхаттың еңбегі зор. Дауыл тұрған кезде теңіздің аласапыран болып, жартасқа ұрған таудай толқындардың «психопластикасын» дөп табуы, үйір-үйір жылқы жөңкіген кезде безек қа­ғып қатарласа жүгіріп, мың сан тұяқ дү­­бірлеткен жерге құлай кетіп құлағын то­сып, тың-тыңдаған Еңсептің жан дүние­сін бейнелеуде, камераның шыңырау­дың түбінен сықсия қарап, төбедегі оймақ­тай ғана болып көрінетін құдықтың ауызынан кең аспанға көз салуы, Маңғыстаудың қатал табиғатын шығарманың идеясымен, Еңсептің тағдырымен астастыра отырып, аспанды жапқан қорғасындай бұлттарды кино тілінде сөйлетуі ғажап. Режиссер кеш жатып, ерте тұратын, жұмыр жердің төсінде, күн нұрының астында, үйіне келген қонағын құтқа балап, кілем, алашасын тоқып, бір-бірінің жүзін көріп, тілдескенін зор бақыт санап, күнделікті күйбең тір­ліктің қамымен күн кешіп жатқан қара­пайым адамдар мен жер астындағы Еңсеп­тің өмірін алма-кезек көрсете отыру арқылы құдықшы трагедиясын аша түседі. Оператор бұлттың, орай жауған қар аралас жаңбырда қалған түйенің малман­дай болған шудасындай тұтасып тұрған сә­тін дөп басып, қап-қара болып түнерген аспаннан күн көзі сығалайтын оймақтай ғана саңылау тауып ол оймақтай саңылау мен күбінің ауызындай болып қана көз ұшында көрінетін құдықтың ауызын шыңырау түбінде отырып, камерамен «аулап» параллель жүргізетін көрністері керемет. Кейде арқан бойы түнек-қапастан сығырайып қана көрінетін құдықтың ауызы шыңырау түбінде отырған Еңсеп­тің кеудесіне тірелген қара мылтықтың үңірейген ұңғысындай болып та әсер етеді... Әсіресе, сыртта жаңбыр жауып, құ­дықтың ауызынан ішке құйылған жауын астында қалып, үсті-басы балшық-балшық болып сыз қабырғаға жабысып, біруыс болып бүрісіп отырған Еңсептің адам аярлық бейнесін беруде актер мен оператордың жұмысы керемет үйлесім тапқан. Актер Алдабек Шалбаев та Еңсептің қанша тырбынса да ішер асқа, киер киімге жары­май, кедейліктен кіжініп өтер өмірін, барын­ша адал болып, біреудің ала жібін атта­май әділ болып қу кедейлікпен өмірден өт­кен әкесіне де опа бермеген жалған дүние­нің бабын қайтсе табарын білмей, тақуа­лық пен байлық деген екі оттың ортасын­да шыбын жаны қиналған трагедиясы­на тереңдей алған. «...Ал... өзің адал бол­дың екен, кедейліктің қорлығына шыдап бақтың-ақ екен... сөйтіп, екі кез кебінге оранып бұ дүниеден өттің екен... артың­да қалар ұл-қыздарыңның жазығы не... олар неге сен сияқты, сенің әкең сияқты қу кедей болуы керек... құдықшылық кәсібін бұлдап адал еңбегіне он шақты тұсақ үстеме қосып көріп еді... оны да Құдай көп көрді... үйленетін ұлыңа, «әке атымен өтетін» қызыңа жиған жаукөз байлығың жоқ... әке деген атың ғана... көзіңе айтпаса да, қар жауған қабағынан, томсырайған түрлерінен көрініп тұратын ұл-қызыңның наласынан ауыр не бар әке үшін...» сияқты сана ағымында ажалдан қашқан Қорқыттай ағып бара жатқан сорлы әкенің ішкі жан азабын Алдабек Шалбаевтың көзінен оқып, тұрмыс деген қайқы бас сұр жыланның Еңсепті бәрібір шағарын түсінген көрерменнің жаны қоса шырқырайды...

Еңсептің баласы Жомарт қара­қал­пақтың қызы Ақмоншақты алып қашары белгілі болған сәтте көрермен әрине, атқа міңгесіп қашып бара жатқан қос ғашықты көз алдына елестеткен болар. Алайда тосын шешімге барған режиссер бұл жерде де тазыдан бұлтарған қояндай алдырмайды – Жомат ғашығын қайықпен алып қашады... Әбіш Кекілбай шығармасында жерасты дариясымен ағып келген Ең­септің қауғасы толқынға тербеліп кәрі Каспий төсінде қалқып жүреді. Оны кездестірген балықшылар ауға балық мол түсіп, олжалы ораламыз деп ырымдайды. Қауғаның телегей теңіз төсінде жүзіп жүруі мықты символ – Еңсептің өзі өлсе де артында қалған туындысы күн сәулесі шағылысқан дария төсінде тербеліп, шек­сіз кеңістікке шығып, еркін жүзіп жүр­гендей әсер беретін еді. Режиссер қау­ғаны жағаға шығарып тастайды. Қыз алып қашқан баласы жағада жатқан қауғаны көріп әкесінің қайтыс болғанын біледі. Егерде, құдықшының баласы Жомарт әкесінің көзі, құдықшылар әулеті Қараштар кәсібінің белгісі – қауғамен айдын төсінде кездескенде қалай болар еді...

Бірде пейіштің кәусарындай сылдырап, бір жұтуға ынтық еткен, бірде бу­лығып, қылғынып естіліп, төбеқұйқа­ны шымырлатқан жерасты дариясының тыл­сым үні гректердің Сиренасындай сый­қырлы үнімен арбап, жадылап ақыры Еңсепті ертіп әкетті. Қарулы қол соңғы сілтеніп, күс-күс алақаннан сүймені сусып, табан асты опырылып кеткен Еңсеп ышқынуға да үлгермей дария-түнек­ке ағып бара жатты... (Бұл кадрларды кө­рер­мен көрмейді, режиссер түйсігіңізге таң­балайды.) Еңсеп бұл өмірде өз миссия­сын орындап кетті – шөл даладан құдық қазып, аптап ыстықта кенезесі кеуіп келген жолаушы болсын, жануар болсын шөлін қандырар кәусар су шығару діни таным тұрғысынан келгенде де зор са­уап. Құдықшы еңбегіне алдына азын-аулақ мал түскені болмаса ерен еңбектің атағы – құдық қаздырған байдың намына тиесілі. Бұл жолы, Еңсеп қазған құдық ел аузында «Еңсеп өлген» атаумен қалды. Еңсеп өзі өлсе де артында өлмес іс қалдырып кетті. «Еңсеп өлген» құдығы жерасты дариясы құрғамайынша суалмайды. Ал жерасты дариясының суы ғасырлар бойы ағып жатса керек. Қорыта келгенде, Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырауы» табиғилығымен, ұлттық бояулары қанық­тығымен құнды. Қамшының сабындай қысқа өмірде байлыққа құнықпа, айналаңнан алуды емес беруді ойла, күнәсіз пенде жоқ, тәубеге кел, артыңда атыңды жақсы ісіңмен қалдыр деген ой айтады. «Шыңырау» фильмі оннан астам халықаралық кинофестивальдарға қатысты. Қытай мен Түркияның кино сау­дасында көп фильмнің ішінен «Шыңы­рауды» таңдауы да тегін емес. Жанабектің «Шыңырауын» қазір Түркия халқы тамашалап жатыр.

 

Асылбек ИХСАН

Дереккөз: Egemen Qazaqstan


Пікір жазу
  • Отанға оралған қандастар жаңа облыстарға қоныстануы мүмкін
    Мұратбек Тесебаев: «Абай жолы» романын радиода 80 cағат бойы оқығанмын

    Ұқсас тақырыптар