Ұлт ұстазы ұлықталды

Уақыты: 2022-09-05 Көрлімі: 230 Сипаттама

Ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай және Тіл ме...


Ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай және Тіл мерекесі аясында «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Әділетті Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тарихи тұлғаның дәл туған күнінде ұйымдастырылған алқалы жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ зиялы қауым мен әдебиетшілер қатысты, деп Егемен Қазақстанға сілтеме жасап хабарлаймыз.

Ұлт руханияты жолында орасан еңбек етіп, мол мұра қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының тағы­лымы қашанда өзекті. Мерейтой қарсаңындағы айтулы іс-шара да ғалымның мұра­сын жаңа Қазақстанда мемле­кет­шіл, идеологиялық, ғылыми интел­лек­­туалдық, мәдени танымдық ізде­нісін, тәжірибесін, әлеуетін таны­­мал ете түсуді мақсат етіп отыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­зия ұлттық университетінің рек­торы Ерлан Сыдықовтың моде­ра­тор­лығымен өткен ғылыми конфе­ренцияға АҚШ, Мажарстан, Түр­кия, Өзбекстан, Башқұртстан мен Ресейден ғалымдар атсалысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек­тің айтуынша, елімізде гумани­тар­лық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атында­ғы мемлекеттік сыйлық тағайын­да­лады. Одан бөлек ағартушы атын­дағы төсбелгі әзірленеді.

«Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасын табады. Бірқатар ауқым­ды жоба іске асып жатыр. Бү­гінде ағартушының құрме­тіне арналған мерейтойлық марка, монета шығарылып қолда­нысқа енді. Енді, Үкімет тарапы­нан «Ахмет Байтұрсынұлы төс­бел­гісі» жыл соңына дейін әзір бо­лады. Одан бөлек, Ахмет Байтұр­сынұлы атындағы гумани­тарлық ғылым саласы бойын­ша мемлекеттік сыйлық тағайын­далады. Ұлт ұстазының ғылыми шығармаларын халықаралық дең­гейде дәріптеу мақсатында таң­да­малы еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылып, жыл соңына дейін шығады», деді министр.

Сондай-ақ ол Ахмет Бай­тұр­сынұлының мерейтойына орай Парижде конференция өткізу жоспарда бар екенін хабарлады.

«Сонымен қатар Ыстанбұлда да конференция өтпек. Одан бөлек Анкара қаласында ұлт ұстазына ескерткіш қою мәселесі оң шешімін тауып отыр. Жыл со­ңына дейін ресми түрде ашылады деп отырмыз», деді С.Нұрбек.

Ал Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойға орай 12 томдық толық шығармалар жи­нағын басып шығармақ. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Дәурен Абаев айтты.

«Ұлы ағартушының 12 томдық толық шығармалар жинағы рес­публикалық, облыстық мемле­кеттік кітапханаларға тараты­лады. Алдағы уақытта тұсауке­сер рәсімін өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар Ахмет Байтұр­сын­ұлының өмірі мен қызметі тура­лы толықметражды көркем фильм түсіріліп, ол да таныстырыла­тын болады.

Ахаңның есімі республика көлемінде 1 ауылға, 200-ден астам көше мен 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген. Жыл басынан бері тұлғаның есімі Жамбыл облысының Қордай ауданы білім бөлімінің №51 орта мектебіне және Шу ауданы білім бөлімінің Жамбыл атындағы гимназиясына, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының №9 орта мек­тебіне, Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гим­на­зияға және Шығыс Қа­зақ­стан облысының Шемонайха ауда­­нындағы көшеге, сонымен қатар Қостанай халықаралық әуе­жа­йына берілді», деді министр.

Сондай-ақ ол осы айда ұлт ұс­­тазының мұрасын жас маман­дар­ға насихаттау, кітапхана мәртебесін көтеру мақсатында Ахмет Бай­тұр­­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­тутының өкілдері мен Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуші ғалым­дар бас қосатын дәс­түрлі рес­пуб­ликалық «Жас кітап­ха­на­шы­лар IV слеті» өткізілетінін атап өтті.

Одан бөлек, биылғы «Алтын домбыра» республикалық ақын­дар айтысын да Ахмет Байтұр­сынұлына арнап өткізу жос­пар­ланып отыр. Ал Алматы қала­сында орналасқан музей-үйінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ұлт тұлғасының мерейтойы қай салада да ой таразылайтын уақыт еке­нін атап өтті.

«Егер Абай адамзат ақыл-ойының алыбы, Алаштың абызы болса, Ахаң ұлттық рухтың сардары. Сондықтан бүгін – ұлттық рух­тың, Алаш аманатының тойы. Ахмет Байтұрсынұлын, жалпы Алаш ардақтыларын ұлық­тауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көптеген іргелі іс атқарылып жатыр. Ақпарат саласы да Ахаңның мерейтойы қарсаңында бірқатар жоба бастады. Деректі фильмдер түсірілді, баспасөз беттерінде де зерттеу мақалалар жазылуда. Мә­селен, бір ғана «Egemen Qazaqstan» газетінде Ахмет Байтұрсынұлына арналған 40-тан аса материал жарық көрген. Жалпы, барлық газет-журнал осы жылды Аха­ңа арнады. Алда өтетін Astana media week халықаралық жиынында да ұлт ұстазына арналған тақы­рып ұйымдастырамыз. «Үр­кер» шығармашылық байқауы­ның үлкен аталымы да Ахмет Бай­тұрсынұлының атымен атау жоспарланып отыр. Бұл – ойдың тойы. Ахаңның еңбегі мен мұрасы – біздің, әсіресе қалам ұстаған қауымға үлкен тағылым болуға тиіс. Мемлекет басшысы да биылғы Жолдауында журналис­тер өз елі мен азаматтарына шынайы жанашыр болу керектігін айтты. Бүгінгі алқалы жиынға үш бірдей ведомствоның басшысы қатысып отыр. Ал Ахаң еліміздің тұңғыш министрлерінің бірі, бірақ ол министр болғаны үшін тарихта қалған жоқ. Ахаң саналы ғұмырын ұлтқа арнағаны үшін, Алашқа қалтқысыз қызмет еткені үшін, жұрттың жолында жанын құрбан еткені үшін тарихта қалды. Сондықтан ойдың тойында Ахаңның аманатын тағы бір ой таразысына салайық», деді министр.

Рухани іс-шара барысында ҰҒА академигі, тарих ғы­лым­дарының докторы, Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сыды­қовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» ғылыми-та­нымдық кітабы таныстырылды. Жаңа жинақ «Художественная литература» баспасынан 3 000 данамен жарық көрді. Яғни барлық өңірлік кітапхана мен университет қорын толықтыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ кітапты қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде аударып, басып шығару жоспарлануда. Айта кетейік, философиялық сұхбат сти­лінде жазылған еңбек жуырда ғана ресейлік көрмеге қойылған.

Ғылыми конференцияда баяндама жасаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының директоры Кенже­хан Матыжанов мерейтой қарса­ңында Ахаңның бес томдық акаде­миялық толық жинағы дайын екенін айтып, сүйіншіледі.

«Біз бұған дейін де Абай, Жам­был шығармаларының үш томдық академиялық басылымын дайындаған едік. Олар институттың сайтындағы электронды кітапханаға жинақталды. Ал биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, қаламгер шығармаларының терең текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жа­рақталған бес томдық акаде­миялық толық жинағын оқыр­манға сүйіншілеп ұсынып отыр. Мұнда ғалымның ХХ ғасыр басында араб әрпінде жарық көрген кітаптары мен баспа­сөз материалдары, архив құ­жаттары мен тәуелсіздік кезеңін­де әлденеше мәрте басылып шық­қан жинақтарындағы шығар­малары өзара жолма-жол салыс­тырылып, алғаш рет жүйе­лі текс­тологиялық саралаудан өткі­зілді. Аталған жарияланым­дарда әрқилы себептермен өзгер­­тілген, алынып тасталған мәтін­дік айырымдар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Бес томдық академиялық басылымды әзір­леу барысында Ахмет Байтұр­сынұлының осы уақытқа дейінгі жинақтарына енбеген оқу құ­ралдары мен мақалалары, кейбір архив құжаттары жинаққа тыңнан қосылды», деді институт директоры.

Сондай-ақ ол академиялық басылымның басты жаңалығы ретінде бұрынғы  жинақтарда жарық көрмеген «Шаруалық өзге­рісі» (көлемі 107 беттен тұратын қолжазба), «Жазу мәсе­лесі» (Шәкәрім ақсақалға жауап), «Алаш азаматтарына», «Кө­ңіл айту», «Шорай ислам», «Алаш азаматтарына» (босқын қырғыз­дарға жәрдем беру туралы), «Дәйекші», «Өрбу», «Қазақ хал­қына», «Еркін дала», «Тағы да жер жайынан», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «Мұсыл­мандар үшін Петербурда болатын кеңес жиылысы», «Торғай һәм Ырғыз үйезінің халқына», «Аза­мат серіктігінің жалпы жиы­лысы», «Заявление т. Ахмета Бай­турсунова», сондай-ақ Қызыл­орда мұрағатынан табылған «А.Байтұрсынұлының арызы» сынды әр тақырыпта жазылған мақалалары, үндеу хаттары, арыз-шағымдары табылып, алғаш рет осы жинақта жарияланып отырғанын айтты.

«Алайда бұл жинақтың электронды нұсқасы ғана әзірленді. Баспадан шығару ісі әлі шешімін таппай отыр. Екі жыл бойы айтып келе жатсақ та, басылуына қолдау көрсететін тарап табылған жоқ», дейді К. Матыжанов.

Айта кетейік, мерейлі күнде Қа­лам­герлер аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерт­кішіне гүл қою рәсімінен бас­талған жиын А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдегі ұлт ұстазы музейіне барып, көрме тамашалаумен жалғасты.

Маржан ӘБІШ

Дереккөз: Egemen.kz

Пікір жазу
  • Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам - Президент Жолдауының толық мәтіні
    Ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытудың ұлттық орталығы құрылады

    Ұқсас тақырыптар