Қытайда жеңіс туын желбіреткен қазақ балалары

Уақыты: 2022-08-02 Көрлімі: 438 Сипаттама

Қытайда өткен химиядан халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері Мадияр Қасымалы мен Санжар Бисенәлимен сұқбат...

Қытайда өткен химиядан халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері Мадияр Қасымалы мен Санжар Бисенәлимен сұқбатты el.kz-ке сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. Снимок.JPG

Елімізде жетістікке жетіп, халықаралық жобаларда белсенділік танытып жүрген жастарымыздың саны артып келеді. Биыл да жемісті жыл болды деп айтуға болады. Себебі, жақында Қытайда өткен халықаралық пәндік олимпиадада қазақстандық 23 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді. Жыл сайын дәстүрлі форматта өтетін олимпиада биыл пандемияға байланысты онлайн өтті. Олимпиадада химия пәнінен қатысып, алтын медаль алғанМадияр Қасымалы мен күміс медаль иеленген Санжар Бисенәлимен сұқбаттастық. 

Олар Қытайдағы олимпиадаға қатысу үшін 2 жылдан аса уақыт дайындалған. Сонымен қатар, өткен жылы Жапонияда өткен химиядан халықаралық олимпиадаға қатысып, екеуі де күміс жүлдесін иеленді. Мадияр Қасымалы Қарағанды қаласының №1 Білім-инновация лицей-интернатының түлегі. Ал, Санжар БисенәлиНазарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Биыл екеуі де 11 сыныпты тәмәмдады. 

«Химияға деген қызығушылығым 7 сыныптан басталды. Түрлі ерекше дүниелерге қызыққандықтан, химия пәніне деген қызығушылығым да артты. Ол кезде мен Алматы облысына қарасты Есік қаласындағы Білім-инновация лицейінде оқыдым. Кейін Қарағанды қаласындағы Білім-инновация лицейіне ауысып, сол жақта химияны тереңдетіп оқыдым. Химия менің салам, менің бағытым екенін түсініп, осы бағытты қолға алып, түрлі сайыстар мен олимпиадаларға белсенді қатысып жүрмін. Болашақта жоғары білімді де осы бағытта алу мақсатым бар», – деді Мадияр.  



Мадияр мен Санжар  химия бағыты бойынша жоғары білім алып, болашақта осы салада көптеген жаңалықтар ашуды көздейді. 

«Химияға пән ретінде емес, хоббиім және жұмысым сияқты қарадым. Мектепте ғана емес, үйде бос уақытымда тек химияның есептерін шығарумен айналыстым. Тіпті, уақытымның қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалатынмын. Мектепте ең алғаш химия сабағы пән ретінде қосылғаннан бастап, үлкен қызығушылықпен және ынтамен оқыдым. Негізінде химияны жеке өзім үйрене бастадым, түсінбеген жерлерімді ұстазымнан сұрап алатынмын. Түрлі олимпиадаларға қатысып, онлайн тесттер тапсырып жүрдім. Осылайша, қабілетім мен білімімді арттырдым. Түрлі республикалық олимпиадаларға қатысып алтын медаль алдым және Менделеев олимпиадасына екі рет қатысып, күміс және қола жүлде иелендім», –  деді Санжар.

Онлайн форматта өткен олимпиадада 9 түрлі есепті шешу тапсырмасын орындаған. Оны шешуге 5 сағат уақыт берілген. Мадиярдың айтуынша, биылғы есептер өткен жылғы есептерге қарағанда оңай болды. Дегенмен, тапсырмаларды жүйеліорындау оңай емес екенін айта кетті. 

«Олимпиадағы тапсырмалар теориялық 55-60 беттен тұратын ауқымды есептерден тұрды.  Жарыста негізгі дүние – жылдамдық. Сондықтан жылдамдық таныта біліп, есепті тиімді тәсілмен шығару арқылы уақытты үнемдедім. Осылайша, барлық берілген тапсырмаларды белгіленген уақыттың ішінде шығарып үлгердім», – деді Мадияр. 

Халықаралық олимпиадаға 83 елден келген 320-дан астам оқушы түрлі пәндер бойынша бақ сынады. 23 медаль алған қазақстандық оқушылар үшін бұл үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, жарыста жүлделі орын алған оқушыларға Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай-ақ, білім гранттары мен ақшалай сыйлықтар берілді. Санжар мен Мадияр олимпиададан кейін, қайда оқуға түсетін жоспарлары мен арман-мақсаттарымен бөлісті.

«Білім грантын пайдалана отырып, Назарбаев университетіне химия саласы бойынша жоғары оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Бакалавриатты Қазақстанда оқысам, магистратура бойынша шетелде оқығым келеді. Осылайша, әр елдің білім саласының ерекшеліктерін салыстыра отырып, түйін жасаймын. Химия бағыты бойынша зерттеу жүргізіп, жас болсамда үлкен жобаларды қолға алсам деймін. Химиядан сабақ беріп, халықаралық олимпиадаларды ұйымдастырып, жетекшілік ету ниетім де бар», – деді Мадияр. 

Санжар шетелде білім алып, білімін Қазақстанға келіп бөлісуді армандайды. 

«Мемлекеттен берілген білім грантын пайдаланбауым мүмкін. Себебі, жоғары білімді Америка университеттерінен алуды жоспарлап отырмын. Олимпиададағы жетістігім үшін берілген қаржылай сыйақыны да шетелге оқуға дайындық үшін және құжаттарымды әзірлеу үшін жұмсаймын. Қазіргі таңда отбасыммен бірге құжат жинауды бастап кеттім. Оқу бітірген соң, Қазақстанға келіп жинаған білімімді  басқалармен де бөлісемін», - дейді Санжар.

Санжар мен Мадияр сегіз қырлы, бір сырлы балалар. Олар сабақты жақсы оқып қана қоймай, түрлі аспаптарда ойнайды және спортқа да етене жақын екен. Санжар қазақтың ұлттық аспабы домбыраның құлағында ойнайды. Қазақтың «Ата толғауы», «Балбырауын» және «Адай» күйлеріншерте біледі. Ал, Мадияр футбол, баскетбол және теннис үстелінде жақсы ойнайтынын және фокус өнеріне де қызығатынын атап өтті. Тіпті, түрлі фокустарды үйреніп, өз өнерін жақындары арасында көрсетіп жүреді екен.  

Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Дереккөз: EL.KZ 

Пікір жазу
  • Қазақстанда ауылды дамыту тұжырымдамасы жасалады
    2024 жылы бүкіл Қазақстанда 5G қолжетімді болады

    Ұқсас тақырыптар