Ақжарда «Ұлы дала ұрпақтары» мемориалдық саябағы ашылды

Уақыты: 2018-08-07 Көрлімі: 1433 Сипаттама

Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, шекара шебіндегі Ақжар ауылында «Рухани жаңғыру»...


1533617140_article_b_1500_.jpeg

      Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, шекара шебіндегі Ақжар ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы зор, тәрбиелік мәні мол шара өтті. Бұрынғы аудан орталығында Қараша баба ұрпақтарының ұйытқы болуымен салынған «Ұлы дала ұрпақтары» атты мемориалдық саябақ ашылды.

     Жаңа демалыс орнының  ашылу салтанатында сөз алған Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы Сәумен Жақаев ішінде субұрқағы, балаларға арналған алаңы бар саябақты салу идеясын аудан әкімі Ділдабек Тәжібаев айтқанын, нысан мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында бой көтергенін айтты. Аумағы тай шаптырым жерді алып жатқан саябақ ішіне осы өңірді сан ғасыр мекен еткен рулардың, сол рулардан шыққан ту көтеріп, қол бастаған, сөз ұстаған батырлар мен билердің ұлағатты сөздері де жазылыпты. «Бұл саябақты туған жерге, өскен елге тағзым ретінде әрі кейінгі ұрпақ өткенін, шыққан тегін ұмытпасын деген оймен салдық. «Ақтабан шұбырындыдан» бері қарай Тарбағатайдың тау-тасында, сай-саласында сүйегі қалған, ашаршылық азабын тартқан, қуғын-сүргін көрген, колхоздастыру кезінде қырғынға ұшыраған жерлестерімізге естелік болсын деп мемориалдық тақта орнаттық. Осы аймақты жайлаған әр рудың таңбасын басып, белгі қойдық. Ұлы адамдардың сөздерін жаздық. Саябақты келешекте одан әрі дамыта береміз», - дейді игі істің басы-қасында жүрген, Ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, «Тұлпар» ат спорты клубының директоры, Ақжар ауылының тумасы Сержан Омарбеков.

    Елдің қиыр шетінде, Қытаймен шекарада орын тепкен Ақжар ауылындағы шараға әйгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған, ақын Алмас Ахметбекұлы мен белгілі журналист, қаламгер Қайнар Олжай да арнайы келіпті. Шара барысында Қараша жайында қысқаша баяндама жасаған Алмас Ахметбекұлы оның әйгілі қолбасы Қабанбайдың тете ағасы ретінде бір дәуірде, бір аймақта өмір сүріп, Алакөлден Сыр бойына дейін шегінген, шұбырған ел-жұртын жаудан қорғағанын, немерелері Жаңқар мен Жәуендірдің Дарабоз атанған батырдың сардарлары болғандығын тілге тиек етті. «Шығыс өңірі жарқырап күні шығатын, елімізге жарық пен жылу тарататын мың өзені бұрқыраған Шығыс қана емес, сонымен қатар халқымыздың ақыл-парасатының, елдік рухының да шығысы. Оған XVIII ғасырдағы отан азаттық күресін Қабанбай, Көкжал Барақ, Қожаберген, Ер Жәнібек, Ақтанберді, Шыңқожа, Құттыбай, Байғара, Ақтайлақ,, Дәулетбай, Жаңқар, Жәуен сынды билер мен батырлардың есімімен айтылатын ерліктерді айтуға болады. Отаршылдар қарсыласын құлату үшін басына соққы жасайды. Шығыс - қазақ рухының, қазақ азат идеалының, қазақ мәдениетінің басы еді. Жау қазақты басқа соқты. Шығыс есеңгіреп қалған еді. Бүгінгідей шара рухты бабаларын тану, олардың ерлігін дәріптеу, тұлғалық бейнелерін түсіну үшін қажет», - деді ақын.  
   Тарбағатай ауданының тумасы Қайнар Олжай шалғайдағы ауыл-аймақтың маңайы бос жатпай, осылай абаттанып, гүлденіп тұруы керектігін, бұл дала қиратуға емес, гүлденуге арналған дала екендігін атап өтті. «Бабалар ұлы даланы тегін қорғаған жоқ. Ұрпақтар еңбек етсін, ел болсын деді. Ауылдардың әр шетін осылай саябаққа айналдырып, адамдарға қолайлы, тұрмысқа лайықты қып жасасақ нұр үстіне нұр емес пе?! Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік деген жақсы бастама. Мемлекеттің қаржысы жетпей жатқан жерлерге кәсіпкерлер, ауылдан шыққан азаматтардың көмектесуі құптарлық дүние. Бар ақшаны басып алып, шет елде тайраңдап жүруге болмайды. Осы даланың байлығымен келген дәулет осы даланың игілігіне жұмсалуы қажет», - деді белгілі журналист.

    Саябақ ашылғаннан кейін Қараша бабаға арнап қатым түсіріліп, құран бағышталды. Түс ауа жұрт бәйге төбеге жиылып, көкпар мен ат жарысын тамашалады. Кеш батуға жақындағанда Ақжар тұрғындары «Айтайын арғы атамыз Қарашаны» атты республикалық айтысты көруге асығып, орталық саябаққа қарай ағылды. Ашық далада, аспан астындағы сөз додасына азулы ақын Ринат Зайытов, Мейірбек Сұлтанхан, Фархат Маратұлы, Оңғар Қабден бастаған, Гүлнұр Зұлқаршын, Манарбек Сатыпалды, Нұржан Қайратұлы, Жасұлан Мақаев, Гүлжан Ықылас сынды айтыскерлер қатысты. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған сөз бәсекесінде: 
   Түгелбектей саяхатшы шыққан жер, 

   Түгел шарлап жердің бетін айналған,

   Велик мінген Түгелбектер мың артық,
   Гелик мініп елді ұмытқан байлардан, - деп Тарбағатайдың арғы-бергі тарихын түгендеген Сырдың ақыны М.Сұлтанхан айтысқа үлкен дайындықпен келгенін аңғартып, бас жүлдені иеленді. «17 ақын шыққан жерден келдім, 17 округіңді шулатқалы, - деп жыр төккен тісқаққан ақын Ринат Зайытов 1-орынды еншіледі. Зайытовқа әжептәуір қарсылық танытып, тіпті кейбір тұстарында басымдығын байқатқан Тарбағатайдың тумасы Манарбек Сатыпалды мен «Құшақ-құшақ қағазды жидырады, Осылайша жігеріңді құм қылады» деп құжат жинаудың жырын сөзіне тұздық еткен Алтайдың ар жағынан келген 18 жастағы айтыскер Гүлжан Ықылас екінші орынға лайық деп танылды. Фархат Маратұлы мен Оңғар Қабден үшінші орынды қанжығаларына байласа, Гүлнұр Зұлқаршын арнаулы сыйлықпен марапатталды.

    Азамат ҚАСЫМ, 

    Шығыс Қазақстан облысы

   Суретті түсірген – Хамза СӘТИЕВ

   Дереккөз: «Егемен Қазақстан»

   Jebeu.kz



Пікір жазу
  • «Нұр Отан»-да жұмыс істеу «Ұлттық компанияларда» жұмыс істеумен тең болады
    Мұхамедиұлы һәм шынайы болмыс

    Ұқсас тақырыптар