Президенттің жұмыс сапары: Алматыда қандай өзекті мәселелер бар?

Уақыты: 2022-11-16 Көрлімі: 278 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Ел Президе...

221116200111824a4002285i.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Ел Президенті өңір жұртшылығымен кездесіп, аймақтың жетістіктері мен өзекті мәселелері жайлы сөз қозғады. Әсіресе, аймақтағы ауыз су және баспана мәселесі, жол-көлік жүйесінің қолайсыздығы, балабақша мен мектеп жетіспеушілігі, емханалар мен ауруханалар ғимараттарының ескіруі, ғылым және технология мәселелеріне баса назар аударды. Сонымен қоса Қаңтар оқиғасына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдері мен Үкіметке қандай тапсырма берді? Жақын болашақта оңтүстік астана қалай дамиды? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалын, аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 


Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы қала жұртшылығымен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде қаланың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мәселеге тоқталып, басым бағытта атқарылуы тиіс жұмыстарды атады. Сондай-ақ ол өңір «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілгенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, ең алдымен қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Өйткені, жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25%-дан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі.

«Бүгінгі таңда Алматы «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты түрде дамуда. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 %-ға өскен. Алайда, қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа Заң қабылданатынын айтты.

Ауыз су және баспана мәселесі

Мемлекет басшысы ауыз су және баспана мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы мәселені шешу үшін алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғы іске қосылмақ. Наурызбай, Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салынады. Бұл 150 мың адамды ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса ол жастар үшін ең өзекті мәселе баспана екенін тілге тиек етіп, еңбек жолын енді бастаған жастардың бірден пәтер сатып ала алмайтынына қатысты пікір білдірлі. Осы өзекті жайтты шешу тікелей мемлекеттің басты міндеті екенін еске салып, баспана тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуды тапсырды.

«Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тиімді тәсілдер ойластырылу керек. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс.

Жастар үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 %-ға арттыру қажет. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет»,– деді Мемлекет басшысы.

Жол-көлік жүйесіндегі кемшіліктер

Президент Алматының жол-көлік жүйесіне де арнайы тоқталып өтті. Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіреді. Осы тұста ол транзиттік жүк тасымалын Үлкен Алматы айналма жолына ауыстыруды ұсынды.

«Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайтуды ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда Алматыда 136 саябақ бар екенін атап өтті. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді тапсырды. Сонымен қоса 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек.

Балабақша және мектеп жетіспеушілігі

Мемлекет басшысы Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет екеніне тоқталды. Ол шұғыл түрде балабақша санын көбейту керек екенін айтып, бұл мәселені 2025 жылға дейін шешуді тапсырды. «Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 %-ын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының мәліметінше, Алматыда оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті мектептерде де орын тапшылығы жоғары болып отыр.

«Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Менің тапсырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Емханалар мен ауруханаларды жаңарту жұмыстары

Президент Алматыда емханалар мен ауруханалардың әбден ескіргенін жеткізді. Сонымен қоса ол тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайтынын тілге тиек етті. Әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, ескілерін жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек екенін жеткізді.

«Қазір Алматыда 55 мыңдай мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 13 мыңы еркін жүріп-тұра алмайды. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулігі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, ауруханалар мен емханаларды, білім беру және спорт мекемелерін осы талапқа сай ыңғайлау қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Бейнебақылау жүйесін дамыту

Мемлекет басшысы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқарма жүйесін цифрландыру мәселелеріне арнайы тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қылмыстың бестен бірі Алматыда жасалған. Осы тұста ол әкімдікке 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тағы бір маңызды бағыт – бейнебақылау жүйесін дамыту. Бүгінгі таңда Алматыда 128 мыңнан астам жеке бейнебақылау камералары орнатылды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі арқылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрылғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым және технологиялар мәселесі

Мемлекет басшысы Алматы ғылым мен білімнің орталығы екенін атап өтіп, ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Заманауи қоғамда отандық ғылымды дамыту - өзекті мәселелердің бірі. Алайда ғылым саласында жас мамандар өте аз. Отандық ғылымды дамыту мақсатында Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құрылатынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Ғылым академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды көптеп тарту қажет.

«Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жасарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан Ғылым Академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімдірек етуге септігін тигізуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бастама – Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Президент әйелдердің құқығы жөнінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және еңбек саласындағы кемсітушілікті жою бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын айтты. Бұдан бөлек, ол еліміз ұлттық мүддені қорғауға, әлемде бейбітшілікті, өзара сенім мен ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған белсенді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. «Халықаралық мәселелерде Қазақстан әрқашан Біріккен Ұлттар Ұйымының әмбебап қағидаттарын сөзсіз қолдайды. Қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайларда БҰҰ-ның рөлі бірнеше есе артып келеді. Оған балама жоқ екеніне сенімдіміз», – деді Президент.

«Қаңтар қасіреті» сынақ қана емес, үлкен сабақ болды

Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті. Қаңтарда бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайтынын айтты. Сонымен қоса ол ауыр қылмыс жасамаған және арандап қалған жандарға кешірім берілгені дұрыс дей келе, қанды оқиғадан қаза болғандардың жақындарына тағы да көңіл білдірді.

«Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кездесу соңында еліміздің дамуына ерен еңбегімен үлес қосып жүрген бірқатар алматылық азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында алдымен, ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысы алматылық студенттермен және жас ғалымдармен кездесті.

Кездесу барысында сапалы әрі қолжетімді білім беру ісін дамыту мәселесіне тоқталды. Еліміздің жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын бөлудің маңыздылығы мен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне лайықты көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

Фото: akorda.kz

Айта кетейік, ол кеше «Changan», «Chery», «Haval» маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысқан болатын.

Фото: akorda.kz


Пікір жазу
  • Жол апатына тосқауыл бар
    ОСК Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады

    Ұқсас тақырыптар