АСҚАР МАМИН: АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 90% АСТАМЫ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 2019-08-05 Көрлімі: 180 Сипаттама

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласы...

5d4404fd1083d.jpg

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді.

ҚР Үкіметінің басшысы әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И. Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, темір жол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

ҚР Премьер-Министрі кеңес өткізді, онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Арыс қаласын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарының қорытындысы шығарылды.

Қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.

ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Б. Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар, кеңес барысында өңірлердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының басшылары сөз сөйледі.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты», — деп А. Мамин, «бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысқанын» айтты.

ҚР Үкіметінің басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған барлық отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көпқабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.

Өңірлер бекітілген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет.

Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елді мекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауы керек.

Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауы тиіс.

А. Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, «Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын» атап өтті.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі


Пікір жазу
  • Астана процесі: Тараптар Сириядағы оқ атуды тоқтатуға уағдаласты
    Президент Асқар Маминге еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру жөнінде тапсырма берді