Назарбаевқа Түркі кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді

Уақыты: 2019-05-27 Көрлімі: 1282 Сипаттама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Түркия Республикасының Сыртқы істер министр...

401686bb248a855b28dbb9199d3d2461-sm.jpg

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді.


Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтаудың және оны әрі қарай нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

– Түркия бізге тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап қолдау көрсетіп келеді. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз бір-біріне өте жақын. Екі ел арасында визасыз режім енгіздік. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Осы бағыттың жалғаса түсетініне сенімдімін, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі аясында мемлекетаралық байланыстарды дамытудың қажеттігін айтты.

– Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі түркі халықтарының арасындағы байланыстарды дамыту және нығайту мақсатымен құрылған болатын. Бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Мен жан-жақты қолдау көрсетемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

М.Чавушоглу Елбасыға ризашылық білдіріп, жақын арада Түркияға келу туралы Режеп Ердоғанның  шақыруын жеткізді.

– Сіздің Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің және «Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде Қазақстан халқының игілігі жолындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып жатқаныңызға қуаныштымыз. Сіздің Қазақстанды өркендету және екі жақты қарым-қатынастарды дамыту ісіне өлшеусіз еңбек сіңіргеніңізді жақсы білеміз, – деді Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі.

Кездесу барысында тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылады.


Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Бейбіт Атамқұлов: Қазақстан - Түркия тауар айналымы 50 пайызға өсті
    Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан БҰҰ бітімгерлік миссияларын қолдайды