Дархан Кәлетаев: Жастар арасындағы маңызды нәрсе - жұмыссыздық

Уақыты: 2019-02-18 Көрлімі: 1085 Сипаттама

Бүгінгі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәл...

481022.jpg

Бүгінгі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жастарды қолдау мақсатында жасалып жатқан бағдарламаларды айтып өтті. 

Үкімет сағатында министр жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуді қарастырып жатқанын айтты.


«Маңызды мәселе – жастар арасындағы жұмыссыздық. Ресми статистика бойынша, соңғы 15 жылдың ішінде жастардың жұмыссыздық деңгейі 10 % төмендеген. Соңғы үш жылдың ішінде жұмыссыз жастардың саны 92 мыңнан 81 мыңға дейін, яғни 4,1% -тен 3,9% азайған. Жалпы, Қазақстандағы жұмыссыз жастар деңгейі ТМД елдері арасында ең төменгі болып саналады. Солай десек те, біз жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешіп тастадық деп айта алмаймыз. Мұны ашық айтуымыз қажет. Бұл мәселенің шешімін жастардың түрлі санатын жұмыспен қамтудың жол картасы аясында қарастырып жатырмыз», - деді Кәлетаев Жастар саясатына арналған Үкімет сағатында.

Жиында министр жастар арасында суицид, ажырасу сияқты проблемалар бар екенін де айтты.

Министр Осы аптада Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастарды пәтермен қамтамасыз етуге арналған жоба туралы да айтып өтті.

«Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер қарастырылған және ол жалға алу тәртібімен іске асырылады. Осы бағытта қамтылатын санаттарды даярлап, өкілетті органдарға, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкенттің әкімдіктеріне тапсырдық. Менің ойымша, осы аптаның барысында жастар санаттарын келісімнен өткіземіз», - деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, пәтер алуға үміткерлердің жас аралығы анықталған. Бұл тұрғыда 29 жасқа дейінгі деңгей айқындалды, себебі заңнамаға сәйкес, жастар санаты 29 жасқа дейін белгіленген. Сонымен қатар, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс.

 «Бізде балдық жүйе ескерілген. Ұсынылған мезім бойынша пәтер 3 жылға беріледі, осыдан кейін комиссия шарттың мерзімін ұзартуды қарастырады. Бұл бағдарлама бойынша жас отбасы пәтер алған кезде тұрғын үй банкінде бірден есеп-шот ашуы тиіс. Ал кезекке тоқталсақ, аталған қалаларда жастар кем дегенде 3 жыл тұруы керек. Әзірге, осының барлығы жобада ұсынылды. Енді, сәрсенбіге дейін өкілетті органдар тиісті жауабын береді», - деді Дархан Кәлетаев.

 Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Астана мен Алматыда 350, ал Шымкентте 300 пәттер салынатынын жеткізді. 

«Шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болады. Қазіргі кезде үш қаланың әкімдіктерімен жобаны пысықтап жатырмыз», - деді М. Жайымбетов. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын айтқан еді. 



Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті
    Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберетінін айтты