Ақиқатты айтқан Артықбаевқа хат

admin2 2018-07-07 1 ℃ Қысқаша

Жақында Абай.кз ақпарттық порталында(27.02.2018ж.) "Қиыр жайлаған қызайда қазақ тарихының кі...

maxresdefault.jpg

Жақында Абай.кз ақпарттық порталында(27.02.2018ж.) "Қиыр жайлаған қызайда қазақ тарихының кілті бар" атты мақала жәрияланды. Тарихи деректерге негізделіп жазылған мақаланың айтар  ойы орамды, уәжі дәлелді шыққан. Әрине тарих ғылымдарының докторы, профессордың аузымен айтылып, қолымен жазылған мақалаға баға беру оңайға соқпайды. Десе де көп жылдардан бері қызай тарихымен айналысып жүргендігім себепті мақал жөнінде азды-көпті өз ойымды бөліскенді жөн көрдім.

Сөз басында анамыз Қызайдың ата-тегіне аз-кем тоқтала кетейік. Қызай анамыз ұлы жүздің атақты биі Бәйдібек бидің төте ұрпағы, оның күйеуі Шағыр батыр найманның матай руынан тарайды. Матайдың үлкен ұлы Келдәулет би аталық хан ордасында  аталықтық қызмет атқарған. Уақыт өте келе өзінің Келдәулет деген аты аталмай мәнсап аты аталықпен аталып кетеді. Келдәулет би аталық өзінің Құттыболат деген ұлының шаңырағында дүниеге келген немересі-Шағыр батырға Бәйдібектің күндей қызы Күнбикені құда түсіп алып берген. Күнбикенің анасы-Домалақ Ана. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" демекші шарапатты  Домалақ Ананың тәлім-тәрбиесін көрген Күнбике найман елінде өнегелі келін, ардақты ана атанып, есімі елге "Қызай" атымен кең таралып кетеді. Күнбикенің Қызай атануы туралы неше түрлі болжам айтылады. Ол мәселе айтылып-жазылып жүрген нәрсе болғандығы себепті мұнда тоқталуды жөн көрмедік. Ал осы Қызай анамыздан өрбіген ұрпақ өсе келе Саманы төре сайлап, өз алдына төрелі ел болады. Қазіргі кезде негізінен ҚХР, ШҰАР-ның Іле аймағын мекендейтін қызайларды былайғы жұрт қызай елі деп атайды. Олардың санын  біреулер 500 мың десе, енді біреулер 800 мыңға дейін жеткізеді.

Осы жолдардың авторы қызай тарихы туралы оншақты жылдан бері ізденіп келеді. Неше рет Талды-қорған барып, Аякөз асып қызай тарихына қатысты деректер жинауға ат салысты. Әрине әр сапарға тарихшы ғалымдар, тағлымды қарттар, ойы орамды жастар қатысып отырды. Сондай сапардардың бірін  2010 жылы ұйымдастырдық. «Қызай Ана» атты кітап жазған, қызай тарихы мен шежірелерін жинастыруда ересен зор еңбек етіп жүрген ағамыз Жақып Жүнісұлы, ақын Жаңатай Қабдыкерімұлы және мен үшеуіміз тарихи құжаттарда немесе тарихи жыр-шежірелерде қызайға қатысты аты аталып, түрі түстелетін Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысындағы бірқыдыру өңірлерді аралап, жер-су аттарын түгендеп, ескі заман ескерткіштерін суретке түсіріліп, шежіре-дастандардан хабары бар көнекөз қариялармен жүздесіп қайтқанбыз. Осы сапардан "Аруақтар басына үшінші рет зиярат" атты сапар естелігін Жақып Жүнісұлы ағамыз жазып, оны қытайдағы қазақ баспасөзінде жәриялады(ҚХР, ШҰАР, Іле айдына жұрналы, №5(177), 2010 ж., 79-111 беттер ).  Осы сапар барысында Қызай ананың, Құдайназар батырдың бейіттерін тұрақтандырдық. Тағы да  тарихи дәлелдер, дәйекті уәждер керек болғандығы себепті мақалада бұл тема қамтылмады. Шағырай әулиенің, Сыбанбай бидің бейіттері туралы мәлімет берілді. Сапар барысында Алакөл маңындағы шоғырлы орналасқан жүздеген қызай күмбездері мен бейіттері суретке түсірілді. Сапар соңында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Майқапшағай шегара бекетіндегі(Екі ел арасындағы бейтарап аймақтағы) Есенгелді бабамыздың басына барып құран оқыдық. Әрине  шегара қызметкерлерінің рұхсатын алу оңайға соққан жоқ.

Қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы 1725 жылғы Бұланты-Білеуті  маңындағы сұрапыл соғысқа Есенгелді бабамыз небәрі 17 жасында қатысқан. Бабамыз Абылай ханның ақ туының астында Қабанбай батырдың қолбасшылығында небір қиян-кескі соғыстарға қатысқан. Арқа даласын жаудан азат ету үшін  арпалысты. Аякөз азат етілгенде оны алғаш қызай елі мекен етті. Мамырсудағы қазақ-қалмақ келіссөзінде Абылай хан мен бітімге келген қалмақ нояндарын аста-төк дастарқанымен күтіп алды. Ілгері жылжып Зайсан өңірін жау қолынан тазартып Қозы маңырақ, Қой маңырақ деген жерлерді мекен еткен Есенгелді бабамыз шамамен 1885 жылдары 76 жасында қайтыс болады. Шабамын деген жауын шауып, аламын деген жауын алған батыр бабамыз ата-қонысы, өзінің кіндік қаны тамған Қызай тауына ел жайлатсам деген жалғыз арманын арқалап ол дүниеге кетті. Қытай-Қазақ шегарасының қақ ортасындағы бейтарап аймақта жатқан батыр бабамаздың күмбезі кезіндегі шегара бөлісінде бір нүкте болып саналған да сол заманғы хаттамаларға Есенгелді күмбезі деп түскен. Төбешіктегі жарты күмбез әлі де мен мұндалап, тарихи миссиясын атқарып тұр. . Маған батыр бабамыздың аруағы күні-бүгінге дейін күнді-түнге жалғап ел шегарасын күзетіп тұрғандай сезіледі де тұрады. Жатқан жерің жәйлі болсын батыр бабам.

Жоғарыдағы сапардан кейін де неше рет Алакөл, Аякөз  маңын шарлап шықтық, зерттеу жүргіздік. Біздің анықтауымызша Шағыр бабамыз бен Қызай Анамыздың мекен еткен жері қазіргі Барлық тауы мен Тоқта тауы болып шықты.  Автор өзінің "Қызай елінің  байырғы ата-мекені немесе Қызай тауы туралы ізденістер"(ҚХР,ШҰАР, Тарландар жұрналы, №3, 2015ж., 46-57 беттер), "Қызай тауы туралы ізденістер"(  Алатау газеті, №(803) 24.02.2017)  және "Ер Қаптағай"(ҚХР.ШҰАР. Іле айдыны жұрналы, №2(186), 2012 жыл), (Алматы ақшамы газеті, №89(5123), 23.07.2015ж.) атты мақалаларында  Барлық тауының ертеде Қызай тауы, Тоқта тауының Қаптағай тауы  атанғанын жан-жақты дәлелдеген.   1723 жылға дейін яғни "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан" бұрын Төлегетайдың төрт баласы Талды-қорғаннан Аякөзге дейінгі ұлан-ғайыр алқапты мекен еткен. Төлегетайдың бір баласы-матайлар, оның ішінде қызайлар қазіргі Тоқта және Барлық тауларын мекен етсе, Төлегетайдың енді бір баласы-садырлар Барлық тауының шығысындағы Майлы-Жәйір тауларын мекен еткен.  Жоңғар хандығының батысында, Қазақ хандығының шығысындағы жау өтінде отырған садырлар М.Тынышпаев айтқандай Жоңғардың бірінші соққысын қабылдайды. Ата-қонысында бейқам жатқан Майлы батыр өз атында аталатын, күні-бүгінге дейін жәйлаудың төресі саналатын Майлы-Жәйір тауынан осы жолы айрылады. Бұл шамамен 1716 жылдарға тура келеді. Ал 1723 жылғы   "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада" ата- қонысынан айрылған матайлар, оның ішінде қызайлар Балқаш көлінің шығысымен босып отырып Балқыш көлінің оңтүстік батысындағы Итішпес көлі маңын паналап, "қайың сауып" күнелтеді. Босқан елдің алды Арал көліне барып тірелеледі.   Сол заманнан қалған бір белгі-Арал көлі маңындағы бір төбе күні-бүгінге дейін Матай төбе деп аталады.

1725 жылғы Ұлытаудың етегіндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің сағасында, 1728 жылғы Итішес көлінің маңында болған сұрапыл шайқастарда қазақ қолы қалмақты ойсырайта жеңеді. Бұл шайқастар жөнінде арнайы кітаптар жарық көрді. Ес жиып, еңсесін көтерген қазақ қолы Арқа даласын жаудан азат етуге бел шеше  кірісті. Матай Бөрібай батыр 1742 жылдың қыркұйек айында майор Карлл Миллермен Сарысу өзені маңында өз ордасында кездескен. 1699 жылы туылған Бөрібай батыр 1756-60 жылдары  Сарысу өзені бойындағы қазақ-қалмақ қақтығыстарының бірінде қайтыс болады.  Есіл ерінің ерлігін ескерген халқы оның сүйегін Қожа Ахмед Яссави Кесенесіне апарып арулап жерлейді. 1742 жылғы кездесуге найманның атақты биі, саршинасы Қара би де(қызай) қатысты деп жазады орыс тарихшылары. Қара бидің азан шақырып қойған аты  Есіркеп. Қара би бабмыз да шамамен 1756-1760 жылдары жоғарыда аталған Сары су өзені өңірінде қайтыс болып, сүйегі Қожа Ахмет Яссави кесенесіне жерленеді. Азан шақырып қойған аты бойынша тас ескерткішке Есіркеп би деп жазылған. Толық мәліметті қазақтың Қара биі атты мақаладан аласыз(ҚХР,ШҰАР, Тарландар жұрналы, №1, 2015ж., 8-15 беттер).  А.И.Левшин «Киргиз-казачьих немесе киргиз-кайсацтардың ордалары мен далаларын суреттеу» атты еңбегінде Сарысу өзені маңында Қараның тауы(гора Кара), Қараның көлі(озеро Кара) және Қараның құмы(пески Кара) деген Қара би бабамыздың атымен аталатын жер-су аттарын жазып қалдырады. Жаудан азат етілген Арқа даласын алғаш наймандардың мекен еткенін, арғындардың найманнан кейін Арқаға келгенін Машһұр Жүсіп жазбалары да растайды. Просессор, тарих ғылымдарының докторы Ж.Артықбаев Абай.кз ақпараттық порталында жәриялаған "Қиыр жайлаған қызайда қазақ тарихының кілті бар" атты мақаласында қызайға қатысты біраз жер-су аттарын келтіреді. Онда  Жолымбет ауылы мен Есенгелді өзендерінің аттары аталады. Мұндағы Жолымбет пен Есенгелді Құдайназар батырдың бел балалары. Олар ағайнды үшеу болған: жолымбет, Есенгелді және Сұлтангелді. Ал Қараменде батырға келер болсақ, ол Тәңірбердінің немересі. Шежіре бойынша төмендегідей: Тәңірберді→Тоқсан→Қараменде.

Тәңірберді→Құдайназар→Есенгелді.

Есенгелді батыр мен Қараменде батырлар замандас, аталас  туыс болғандығы себепті бір өңірді мекен етті деп кесіп айтуға болады.

ҚХР, ШҰАР-ның Іле өңіріне танымал, сол өңірде алғашқылардың бірі болып мектеп салдырған, тегі қызайдың торғай руынан тарайтын Жабықбай ақалақшыға(1874-1958) қатысты мына әңгімені айта кеткенді жөн көрдік. Жәкең 1955 жылы КСРО-ның ҚХР, ШҰАР Құлжа қаласындағы консулдығына барып, ауыл-аймағымен, шамамен 300-400 отбасы бөлінбеі-жарылмай Қазақстанға көшуге дайын екендіктерін білдіреді. Жазбаша өтінішінде Жәкең ата-бабасының байырғы ата-мекені деп Торғай даласын көрсетеді. Өтінішті қабылдап алған консул 3 айдан соң жауап қатады. Бұл өте ертедегі тарих екен. Содықтан да ол жерлердің сіздердің байырғы мекендеріңіз екендігін немесе байырғы мекендеріңіз емес екендігін анықтай алмадық. Сол себепті де сіздердің көшулеріңізге жоғарғы жақтан рұхсат етілмеді деп жауап береді консул. Міне біз бұдан қызайдан тарайтын торғай руының  Торғай атты даланы мекен еткенін көреміз. Сондай деректердің бірі Шыңғыс тауда қызайдың торғай руынан шыққан Тоқпанбет атты батырдың атындағы жайлаудың кездесуі дер едім.

Жалпы алғанда 1723 жылға дейін Қаптағай(Тоқта) тауы мен Қызай(Барлық) тауларын мекен еткен қызайлар 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада" ата-қонысынан айрылып, Балқаш көлінің шығысымен босқан халық Сыр өзені бойын жағалап Арал көліне дейін жеткен. Ал 1725 жылдан басталған қазақ қолының жауға деген қатты тойтарыстары қалмақта солтүстікке ығыстырады. Балқаш көлінің батысынмен жылжыған наймандар Арқа даласын азат етуде көп күш көрсетеді. Қазіргі Қарағанды, Целиноград  облыстарын, Торғай даласын біраз жыл мекен еткен матайлар, оның ішінде қызайлар, Шыңғыстау мен Аякөзді жаудан азат етуге ат салысады. Жау колынан азат етілген Аякөзді алғаш болып қызай мекен етеді. Қабанбай батырдың қол астында жауды өкшелей қуған Есенгелді батыр өзіне мәңгілік тұрақты Зайсан өңірінен тапты.

Жамбыл Артықбаевтың "Қиыр жайлаған қызайда қазақ тарихының кілті бар" атты мақаласы өте сауатты жазылған. Мақалада келтірілген қызайдан шыққан батырлардың атымен байланысты жер-су аттарын толық қолдайтынымды осы мақалам арқылы білдіргім келді. Кезінде орыс отаршылдарының зорлықты күшімен өзгертілген жер-су аттарын анықтап, олардың байырғы аттарын қалпына келтіру  рухани жаңғырудың басты бір нышаны деп білемін. Сол себепті Максимовка ауылының бұрынғы аты-Бармақ батырды, Семеновка ауылының бұрынғы аты-Қараменде әулие аттарын қалпына келтіру кезек күттірмес маңызды шаралардың бірі деп есептеймін. Ақмола дегенде менің көз алдыма қазақтың сайын даласы, сайын дала да алыстан мұнартып көрінетін аппақ моласы көз алдыма келеді.  Ал Целиноград дегенде сайын далада жер  жыртып жүрген орыстың тракторлары, жалаңаш кеуделі  мұжиктері көз алдыма естейді. Осының өзі санадағы сансыз сұраққа жауап болар деген ойдамын.

Райыс қажы Әріпжанұлы,

Химия ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: Abai.kz

Jebeu.kz


«ДАДА ҚОРҚЫТ КІТАБІ» ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОРҚЫТ ЖАЙЫНДАҒЫ АҢЫЗ ЖЫРЛАРЫ
Кері қайту