Қазақ заңдарының Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңымен тарихи сабақтастығы

admin2 2018-01-25 377 ℃ Қысқаша

Шыңғыс хан жүргізген мемлекет реформасының басты шараларының бірі мемлекеттің бас әд...

zhingiz-han.jpg 

Шыңғыс хан жүргізген мемлекет реформасының басты шараларының бірі мемлекеттің бас әділетшісін (Әділет министрін) тағайындау болды. Шыңғыс хан Моңғол мемлекетінің алғашқы бас әділетшісі (Дээд заргач) етіп өзінің "алтыншы інісі"[1] Шихихутугты тағайындағанда оған:

"Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруың шарт, Шихихутугтың менімен келісіп шешіп, аққағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын (жарлық заңдарын, - З.Қ.) ұрпақтан ұрпаққа дейін ешкім бұзбайтын болсын" [2] деп жарлық берген екен.

Шыңғыс хан жарлығымен Шихихутуг белгілеген "Көк дәптер" кейін әлем тарихында "Монголын Их засаг хууль" ("Монгольская Великая Яса" немесе "Ұлы Жасақ" ("засаг" - "билік", "өкімет" деген мағына беретін тунгус-моңғол сөзі)) деген атпен әйгілі болды. Тарихи деректерге қарағанда "Көк дәптер" 1210,  1229 жылдары шақырылған ұлы құрылтайда толықтырылып, одан әрі де жалғасып отырған. Бірақ әзірге дейін көк дәптердің түп нұсқаы табылған жоқ.

Біздің бірінші болжамымыз бойынша, "Көк дәптер" Моңғол империясының заңды мұрагері Хубилай құрған Юань патшалығы ордасында сақталуы мүмкін. Бірақ Қытайды билеген моңғол әулетінің соңғы ханы Тогоонтөмөр 1368 жылы Бэйжиңнен (Пекин) қуылғанда қаған ордасы өртенген еді. Қытайлар 1372, 1380, 1381, 1392, 1410, 1414 жылдары Моңғол державасының бұрынғы астанасы Қарақорымды алты мәрте от-жалынға орады. Сондықтан "Көк дәптер" не осы ойрандардың бірінде өртенді, немесе Қытай архивінің  бір түкпірінде әлі де бұйығып жатуы ықтимал деп ойлаймыз.

Екінші болжам. "Ұлы жасақта" бұл заңның орындалуын бақылап отыру ұлым Шағатайға тапсырылсын делінетін бап бар. Оның үстіне бір жағынан Хубилай, екінші жағынан Ариг-Бөк, Хайду аралық жаугершілік кезінде Ариг-Бөк Хайдудың көмегімен Қарақорым ордасындағы басты құжаттарды ол кезде Хайду билігіндегі Іле, Жетісуға өзімен бірге алып келуі мүмкін. Әкесінің жүктеген заңды міндетін орындау үшін де «Ұлы жасақ»-тың түп нұсқасы немесе бір нұсқасы Шағатай әулетіне сақталуы шартты мәселе. Сондықтан ұлы заңның бір нұсқасы Орталық Азияның бір түкпірінде сақталып жатуы да ғажаб емес.

"Ұлы жасақ" заңының өз түп нұсқасы табылмағанымен ғалымдар оны "Моңғолдың құпия шежіресі", "Чингис хааны билэг сургаал", Рашид ад-Диннің "Жылнамалар жинағы" және А.Жувейнидің "Әлемді жаулап алушының тарихы", Марко Полоның мәліметтері арқылы зерттеп негізгі сырын там-тұмдап шеше алды. Қытай ғалымы Ли Зуфин "Шыңғыс ханның жаңа өмірбаяны" атты еңбегінде, Ұлы жасақты сегіз бөлімге жіктеп көрсетеді. Оның жіктеуі бойынша "Ұлы Жасақ": 1) Жалпы ережелер, 2) Халықаралық қатынастар заңы, 3) Үкімет және қарулы күштер туралы заң, 4) Қылмыстық заң, 5) Әскер туралы заң, 6) Азаматтық заң, 7) Сауда туралы зааң, 8) Әдеттегі тыйым ережелерінен құралады. Қытайлық моңғол ғалымы Б.Сайшаалдың "Ұлы жасақты" мүшелеп талдау логикасы одан да тереңірек. Ол ұлы заңды конституциялық 3 бап, қаған билігі туралы 4 бап, әскер және соғыс туралы 14 бап, азаматтық заңға тән 8 бап, төтенше заңдық 1 бап, халықаралық қатынас жайлы 4 бап, қаражат туралы 5 бап, сауда-саттық туралы 2 бап, жол және қатынас туралы 2 бап, діни наным туралы 3 бап, отбасы жайлы 2 бап, қылмыс заңы 7 бап, барлығы 6 бөлім 54 баптан тұрады деген қорытындыға келген. Ал Шыңғыс ханның атамекеніндегі төл моңғол ғалымдары Ли Зу Финнің әдеттегі тыйым ережелерін азаматтық заң ережелерінің бір бөлімі деп есептеп Ұлы жасақты жеті топтамаға бөледі.

Berke-Khan.jpg

Қалай дегенмен "Ұлы жасақ"ортағасырлық универсалдық заң рөлін атқарды. Өйткені қазіргі демократиялық қоғам өмірінде тараптық рөл атқаратын барлық ережелер ұлы жасақта жинақталған. "Ұлы жасақ" тек Шыңғыс ханның аузынан шығып Шихихутугтың қолымен жазылған жаңа туынды емес, ол ежелден Моңғол үстіртін мекен еткен түркі, тунгус, моңғолдық мемлекеттер тұсында өмірге келген ежелгі заңдық ережелердің ең бір сыналған элементтерінің жинағы болып табылады. Мысалы "Ұлы жасақта" хан, қағандар құрылтай арқылы мұрагерлік жолмен сайланатын, "ер адам басын елін қорғауға әрқашан дайын тұруға міндеттейтін" Хұн-түркі заманынан қалған үрдістер сол күйінде енгізілді. "Ұлы жасақтың" "Хан және мемлекет билігі туралы" бабында "Хандар ел, аймақ және әулеттің өкілдері қатысқан құрылтайдан сайланады. Бұл ел аймақ ханы және мемлекет қағанының қай-қайсысына қатысты[3] деп көрсеткен. Ұлы жасақтағы "15 тен 60 жасқа дейінгі әрбір ер адам әскери борышын атқаруға міндетті" деген бап Моңғол мемлекетінің әскери-бюрократиялық сыр-сипатын көрсетеді.

"Ұлы жасақтың" "жайылым жер" туралы бабы ежелгі Кидан заңдарын еске түсіреді. Көк дәптерге түскен бір жарлықта "Аң, құстың өсіп-өну тоқсаны мезгілінде оларды рұхсатсыз аулауға қатаң тыйым салынады"[4] деп көрсеткен. Ал "Ұлы жасақтағы" "Көшкен жұрттың ошақ орнына және өзен суға зәр сындыруға тыйым салатын" ережесі түріктерден қалған этикалық салт. Ежелгі заңның бұл ережесі кейін мұсылман діни ережелерімен ұштасып, түркі халықтарының арасында моральдық дәстүрге айналды. Мысалы қазір қазақ халқында "Әділетсізге ерген суға сиеді (жамандыққа барады)" деген мәтел бар.

Түркілерден келе жатқан қылмыстық заңның кейбір ережелері "Ұлы жасақта" өз жалғасын тапты. "Хан және елін дінін, салт-санасын сатқандар, басқаның некелі зайыбына қол салғандарға ант ұрсын айтып, басын алатын" ежелгі түріктердің қылмыстық ережелері "Ұлы жасақта": "Кісі өлтіргендер, сатылған құлдар, еркекпен еркек ара жыныстық қатынас жасағандр (gomosexualist), қара басын қорғап соғыс алаңын тастап кеткендердің басы алынсын" деген жаңа ережелермен толықтырылды.

"Ұлы жасаққа" сауда-саттық туралы жаңа ереже енгізілді. Онда былай деп көрсеткен: "Саудагерлерді жан-жақты қорғау керек. Олар алғаш рет ұтылса көмектесу, екінші рет ұтылса ұтылғанын төлету, үшінші рет ұтылса басы алынсын" деп көрсеткен. Өйткені Шыңғыс ханның айналасындағылар үкіметтің қаражат қоймасы табыстан құралатынын сол кезде-ақ сезген.

"Ұлы жасақ"-та көрсетілуі бойынша "Дін басылары және олардың үмбеттері (немесе діни қауым) әдеттегі және кедендік түрлі салық төлемінен азат етілген". Ұлы жасақтағы "Елші, жаушыларға ерекше құрмет көрсетілуі шарт, олардың абыройын аяққа басуға тыйым салынады". Жасы үлкендерді сыйлап, әлсіздерге қол ұшыңды бер әсіресе "Оқымыстылар және оқып үйренуді пір тұтқандарға (бяцалгагчид) ерекше құрмет көрсету" туралы баптар елдің өсетіндігінің белгісі еді.

"Ұлы жасақ" заңында "Моңғол ұлысы қаған билігіне әлемді бас ұрғызған мемлекет болып табылады" деп көрсетеді. Моңғолдар Ұлы жасақта атап көрсеткендейін дүниенің тең жартысына иелік еткен ұлы держава құрды. "Ұлы жасақ" заңы моңғолдар билік жүргізген барлық өлкеде біркелкі қолданылды. Сөйтіп "Моңғолдың Ұлы жасағы" жалпы дала заңына айналды.

Шыңғыс хан інілерімен ұлдарын иелік құрған шет аймақтарға аттандырарда ұлы ордада қалыптасқан салтты қайда да болсын бұлжытпай орындалуын талап етті[5].

Шынымен Моңғол империясы қаншама ішкі қайшылықтарға толы болғанымен "бөрі арығын білдірмей" 1368 жылға дейін 140-150 жыл салтанат құрды. Ал Жошы-Қыпшақ державасы 260 жыл (1225-1490 жж.) салтанат құрып өз тұғырынан ұлттық сегіз мемлекет түлетіп ұшырады. Ирандағы Ел-хандар әулеті 120 жыл билік құрды. Осы уақыттарға дейін қайда болмасын Шыңғыс әулеті құрған ордаларда "Ұлы жасақ" заң ережелері үстемдік етіп ел арасында тыныштық орнаған еді. Осыған байланысты мұсылман жиһангері Әбілғазының мына бір сөзін келтіргім келеді. Ол былай деген екен: "Шыңғыс хан тұсында бұл елде, Иран мен Тұран арасында шынайы тыныштық орнады. Осы аралықта төбеңе алтын қойып таң атқаннан күн батқанға дейін жүрсең де ешқандай қауіп жоқ еді".

Империя құлаған соңғы уақытта да Шыңғыс хан әулеті билік жүргізіп келген елдерде "Ұлы жасақ" заң ережелері жазылмаған заң, салт ережелері ретінде қолданыста болды. Амеркандық профессор Марта Скотт "Моңғол билігінің ең ұзақ жалғасқан белгісі моңғолдар жасаған Яса заңы қазақтар арасында дәстүрлі заң жүйесі етіліп қабылдағаны болды" дейді (Olcott Marta B., The Kazakhs Institution press, Stan ford. USA. 1987, p.6) .

Бірақ уақыт өте келе империя заңының көптеген элементтері жергілікті тұрмыс заң ережелерімен қайшылыққа ұшырады. Мысалы "Ұлы жасақ" бойынша "Аспанда тәңір бір, жерде қаған бір", "Соғыс олжасының негізгі бөлегі" және "Иелігіндегі жұрттан алынатын салық орталыққа жолданады" деген  сияқты көп теген ережелер ХІҮ ғасыр соңында қалыптасқан жағдайға сай келмеді. "Ұлы жасақ" бойынша "Моңғол билігіне өткен қауым тек әскери-көшпенді жағдайда өмір сүруі тиіс" еді. Бұл салт Алтын Орданың ханы Береке, Ақ Орданың ханы Мүбәрәкқожа, Иранның Ел-ханы Газанның тұсында-ақ қолданыстан шыға бастады. Жаңадан ұлттар, ұлыстар бой көтерді. Аталған жағдай империя құламай тұрып-ақ "Ұлы жасақты" реформациялауды талап етті. Бұл үрдіс империяның ұлы қағаны Хубилай (1266 ж.) және Иранды билеген Газан ханның (1304 ж.) кезінен басталды. Рашидад-Диннің дерегіне жүгінсек, Газан ханел өміріне, мемлекет үрдіс-салтына қырықтан астам жаңа элементтер қосыпты. Бұл тарихта "Газан хан реформасы" деп аталады.

Берке хан.jpg

Қыпшақ және Орыс князьдықтарына билік еткен Бэрх (Береке) ханның мемлекеттік реформасының да өзіндік сипаты бар. Берекехан 1260 жылдардан-ақ Бэжиндегі Хубилай билігінен бас тартты. Еділ бойындағы қалалардың табанын қалатып онда сауда және қолөнер орталықтарын салғызды. Елдің екінші астанасы Бэрх-сарай қаласын тұрғыздырады…

Бэрх ханның тұсында 1257 жылы салық реформасы қолға алынды. Осы мақсатпен Алтын Орда билігіндегі жерлер де адам санағы жүргізілді.

Алтын Ордадағылар мұсылман дінін қабылдауына байланысты "Ұлы жасақ" заңының кейбір ережелері мұсылмандық салт,ережелерімен толықтырылды. Сөйтіп Жошы-Қыпшақ ұлысын билеген әрбір хан заңдық реформаға өзіндік жаңалықтарын қосты.

Алтын Орда заманының өзінде "Ұлы жасақ" идеологиясын егізінде Өзбек ханның, Едіге бидің  Низам жүйелері қабылданды. Қазақ ордасында Қасым ханның "Қасқа жолы", Есімханның "Ескі жолы" деп аталған әдет-ғұрып, дәстүр-салтер ежелері өмірге келді.

Тәуке хан билік құрғанХ ҮІІ ғасырдың соңы ХҮІІІ ғасырдың басы Қазақ мемлекеті үшін аса ауыр кезең болды. Бұл жоңғар шапқыншылығымен тікелей байланысты.

Жоңғар билеушілері 1640 жылыТарбағатайда жалпы Моңғол әулетінің ұлы құрылтайын шақырды. Жиынға Халха, Ойрат, Хошууд, Хөхнуур моңғолдары және Еділ торгуудтарының ең жоғарғы лауазымды 28 ірі ноян дары қатысты[6].

Жиынға қатысушылар бұрынғы Шағатай ұлысы, Моғолстан территориясын күшпен біріктіру арқылы бұрынғы "Моңғол империясын қайта тірілту" туралы ойраттардың пікір талабын қолдап моңғол тарихында №2 "Ұлы жарғы" атанған "Моңғол - Ойрат заңы" немесе "Дөчин, дөрвөн хоерын Их цааз" ("Қырық және төрттіктің Ұлы жазасы") деп аталатын жаңа заң қабылдады.

Аталмыш заң: 1) Ойрат-моңғол феодалдарының ішкі алауыздығын жойып, елдің ішкі қатынастарын реттеуге арналса, 2) Бұрын Шағатай, Моғолстан билігінде болған жұрттарды күшпен біріктіру арқылы шығыстан келе жатқан Зөрчид (Шүршіт) шапқыншылығына тойтарыс беруді көздеген еді. Осы мақсатпен Галдан хан басшылығындағы ойраттар 1678 жылдан Түркістан, Турфан, Қашқарда билік құрып, одан әрі Шу асып Сайрамға шабуыл жасады. Аталған шабуыл Тәуке ханның тұсына тап болды. Ойраттар басып алған елді мекендерде "Моңғол-Ойраттың Ұлы заңынның" бұл жытпай орындалуын талап етті. Қазақ хандығы үшін алқымнан алған жауға қарсы тұру үшін елдің ішкі қатынастарын реттеп ана қоймай бірлесіп қимыл жасау, қарсыласының алдында өз елдігін таныту қажеттігі туды. Міне Тәукенің "Жеті жарғысы" осы мақсаттың туындысы. Бұл туралы Г.Спасский "Жеті жарғы" 1670 жылдардың туындысы және ол Қазақтың Тәуке ханының Ойрат қонтайшысы Галданның заңдық ынта шартына қарсылық шарасы еді" – деп  жазады. Бұл сөз жоқ қолдауға тұратын пікір. Өзі Шыңғыс ханның ұрпағы болып табылатын Тәукехан елге ортақ заң жасау үшін ежелгі түркілерден бері жалғасып және Шыңғыс ханның тұсында кемелденген заңдық үрдісті қолданбауы мүмкін емес. Қалыптасқан жүйе бойынша жалпыға тән заң қабылдау хан сайлаумен тепе-тең оқиға еді. А.Левшин,Г.Спасский және кейбір қазақ тарихшыларының пайымдауы бойынша қазақтың "Жеті жарғысы" да "Ұлы жасақ" және "Ойрат-моңғолдың Ұлы жазасы" сияқты әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, салықтық және дін төңірегіндегі қатынастарды реттейтін заң топтамасы болып табылады. Дала заңының әзірге белгілі болып отырған 34 тармағына талдау жасап көрсек оның көптеген элементтері Шыңғыс ханның Ұлы жасағымен дөп келеді. Жеті жарғының заңдық формуласында "Ұлы жасақтың" құрамына ұқсас. "Ұлы жасақ" қоғам өмірінің құрамдас жеті түрлі қатынасын реттесе "Жеті жарғы" да іс жүзінде "Жеті дауды" реттеуге бағытталған. Оларға жер дауы, жесір дауы, құн дауы, барымта, айып-жаза, алым-салық және халықтың мемлекет алдындағы азаматтық міндеттері тыңғылықты алған. Енді осы төңірегінде салыстырмалы түрде бірер талдау жасап көрелік.

photo_63794.jpg

 Ғалымдардың саралауынан өтіп жіктелген "Ұлы жасақ" заңының І-бабында қаған таңба-мөрі және қағанның мәртебесін реттейді. Ал "Жеті жарғыда" әрбір тайпаның өзіндік таңба-мөрі болады. Мал-мүлік кімнің билігінде екендігі таңба-мөрер айқындайды[7] - деп көрсеткен. "Жеті жарғыны" зерттегендердің еңбегінде қазақтың Ел таңбасы туралы айтылмайды. Бірақ әрбір кіші хандықтардың таңба-мөрі болатұра бас билеушінің (ханның) таңба-мөріболмауы мүмкін емес. Таңба-мөр болған, ол "Төретаңба" деп аталған. Таңба-мөрдің "Төре" аталуында үлкен мән жатыр. Жошы ұлысы Ақ Ордадан бастап қазақ хан ордасының туын көтергендер Шыңғы схан-Жошы хан әулетінен тарайтын ұрпақ. Бұл әулеттің қазақ тіліндегі атауы-төре. "Төре" (tore) - тунгус-моңғол сөзі, қазақша "өкімет" немесе "билік жүргізуші" деген мағына береді. "Төретаңба" дегеніміз "Өкімет таңбасы", "Билеушінің таңба-мөрі" деген өз.

Абылай хан ордасының Қытай (Чин) және Ресейге жолдаған хаттарында ханның бармақ басындай өрнекті таңба-мөрі басылған[8]. Орыстың патшалық үкіметі 1822, 1824 жылдары Қазақ хандығын күшпен жойғанға дейін қазақ хандары қолынан төре таңбасы түскен емес. Кейін Кенесары хан қайта жаңғыртты.

"Ұлы жасақтың" екінші бабында "Хан әулеті және қағанның тағайындаған, қолына таңба-мөр ұстаған ресми дамдарының билігіне бағынбаған, оған қарсы болғандардың басы алынсын"[9]делінген. Осымен сабақтас бап "Жеті жарғыда" да кездеседі. Онда "Сұлтан немесе қожаны өлтірсе жеті адамның құны төленейді. Тіл тигізсе бір тоғыз[10], ал егер қол жұмсаса тоғыз үш қайтарылып төленеді[11] делінген. Бұлардыңқай-қайсысы өз  заманында феодалдық билік жүйесін бекемдеуге арналған бір-бірінен айнымайтын ұқсас ережелер.

"Ұлы жасақтың" ІҮ бабында "Қаған мұрагерлікпен жалпы құрылтайдан сайланады, ұлыс ел (аймақ) билеушілеріде аймақтық кіші құрылтайда сайланады"[12] деп көрсеткен. Қазақ хандығы тұсында бұл салт өзгерген жоқ. Тәукенің "Жеті жарғысында" "Жалпы халықтық (мемлекеттік, - З.Қ.) істерді қарау үшін ханның өзі бастап барлықс ұлтандар, тайпа басшылары ел орталығындағы белгіленген мекенде әрбір күз сайын жиналатын болсын[13]д елінген. Мұндай жиындарда ел ханы, жүз ханын сайлау, жорыққа аттану, заң қабылдау сияқты ірі-ірі мәселелерді келісіп шешетін болған. Осындай жиынның бірі 1670 жылы "Жеті жарғыны қабылдау үшін" Сыр бойындағы "Күл төбенің бойында өткен күнде жиын" (немесе ұзаққа созылған, - З.Қ.) десек, енді бірі Ордабасында дүйім азақтың басын қосқан ұлыжиын болса керек. Қазақ хандығында мұндай жиындар әіресе жоңғар шапқыншылығы тұсында жиі өтіп тұрған, дала өмірінде құрылтай шынайы елдіктің белгісі болды.

khan saraii.jpg

Орта ғасырдағы дала мемлекеттерінің негізгі сипаты-әскери феодализм болды және бұл жүйе Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ заңы", Тәукенің "Жеті жарғысы" және басқадай заң ережелері мен заңдастырылды. Аталған заңдар бойынша елдің әрбір ер азаматы елін қорғауға міндетті. "Ұлы жасақтың" ҮІІІ бабында 15-60 жас аралығындағы әрбір ер адам елін қорғауға міндетті[14] деп көрсетсе, "Жеті жарғыда" "Әр жылы күз айында шақырылатын ұлы жиынға қатысушы барлық ерлер бесқаруын асынып келуге міндетті, қарусыз келгендер дауыс бере алмайды және жасы кішілер ондай адамдарға жол беруге міндетті емес"[15] деп көрсеткен. Екі баптың мағнасы бірарнадан шығып тұр. Мұны ерлер үшін жалпыға бірдей әскери міндет деп қарауға болады. Онсыз ортағаырлық дала мемлекеті өмір сүруі мүмкін емес еді.

Елдіктің бір белгісі елдегі азаматтық қатынастардың тұрақтануы. "Ұлы жасақтан" "Жеті арғыға" дейінгі заң кодекстерінде бұл мәселеге ерекше мән берілген. "Ұлы жасақтың" үшінші бабында "Әке өсиетін орындамаған бала, ағаның ақылына көнбеген бауырлар, қосағына сенбестік танытқан ерлер, ерін сыйламаған әйелдер, некеге тұрмай жатып әйел адамның арын ашқан ерлер, қызын айттырған күйеуді жат санаған қайын, ағалар інілерін, інілері ағаларын сыйламағандар, туысын жат санаған нояндар, өз қолында байлық мүлкі болатұра мемлекеттің дүние-мүлкіне қол сұққандар көбейсе ел шаңырағы шайқалып, жауыңа тізе бүгуге мәжбүр боласың. Аталған жәйттерге қатал тыйым салынсын"[16] делінген. Азамат заңының бұл кодекстер іе желгі түркі дәуірінен келе жатқандығын біз жоғарыда айтқанбыз. "Жеті жарғыда" бұл мәселе туралы қатарынан 5-6 бапта атап көрсетілген. Жарғыда "Еріне қиянат жасаған әйел, әйеліне қиянат жасаған ерлер, баласына қиямет жасағаната-ана, некеге тұрмаған әйел затына зорлық жасаған ер, бөгденің некелі әйеліне қол салған ер өлім жазасына кесілсін…әйел затын қорлаған адам одан кешірім сұрауға тиіс, егер әйел заты өкпесін кешірмесе төлем төленсін" делінген[17]. Әрине мұнда келтірілген баптар әуелі азаматтық және қылмыстық заң ережелеріне жатса, екінші жағынан мұнда қоғамдық этикалық нормалар айқын байқалады. Аталған нормалар, әсіресе оның әйел затына байланысты азаматтық ережелері қазақ даласында кәміл сақталып келдіде соңынан мұсылман діні ғұрпына байланысты тіптен ширығып қатая түсті.

Даланың ежелгі заң ережелерінің бір ұштасатын тұсы ат-көлік жайлы ережелері. Өйткені көшпенділер үшін ат-көлік "ер қанаты" ғана емес, ел қанаты. Көшпенділер ат көліксіз өзін-өзі сақтап қалу мүмкін емес еді. Шыңғыс ханның Ұлы жасағында "Ат-көлік туралы" (Агтнытухай) ерекше ережелер бар. "Онда ат ұрлағандар ғана емес, арғымақ атын басқа ұрғандардың басы алынсын" деген ереже бар[18]. Моңғолда бүгіндері тура мұндай заң болмағанымен халық арасында этикалық норма ретінде сақталған. "Жеті жарғыда" ат көлікке байланысты бес тармақ көрсетілген. Мысалы "Айбына ат алатын ашылған ұрлық заты үш тоғыз есе қайтарылып, төленсін"  делінсе, мал ұрлығы туралы "әрбір түйеге қосалқы бір түйе, әрбір жылқыға түйе, ал әрбір қойға жылқы қосылып төленсін, ал ұрланған әрбір 100 түйе 300 жылқы немесе 1000 қойға тең" деп көрсеткен[19]. "Ұлы жасақта" осы сияқты азаматтық этикалық норманы белгілейтін шарттар көп кездессе "Жеті жарғыда" мұсылмандық этикалық нормалар басым. Мысалы, онда "Құдайға қарғыс айтқандар таспен атылсын", "Күйеуінің алдында оның арын төккен әйел әшкереленіп күйеуі оны өлтірсе айып жоқ"[20]. "Христиан дініне берілген кәпірлердің аты аталмасын" деген сияқты шарт ережелерін атап көрсетуге болады. Бірақ мұндай шарт "Жеті жарғыда" болды ма,  жоқ әлде қолымызда оның жазба нұсқасы болмағандықтан зерттеушілер қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы өмір салтынан алып жарғы бабы деп жапсырған қосымша болар. Олжағы бізге белгісіз. Әйтеуір "Жеті жарғы" Қазақ хандығының (мемлекет) өзіндік жүйелі алғашқы заңы екенін де дау жоқ.

Егер әрбір ұлыстың басқаның заңына бағынбайтын өзіндік заң-ережелері болса ол оның ел болғанының басты белгілерінің бірі. "Жеті жарғы" осынау елдіктің белгісі, бірақ қазақтың жалғыз заңы емес. "Жеті жарғының" қайнары тым тереңде жатыр.

"Жеті жарғы" Есім ханның әдет-ғұрып, салт-сана заңдары ("Қасым ханның қасқа жолы") және "Есімнен келген ескі жолдың" жалғасы десек, Ә.Х.Марғұлан "Қасым ханның қасқа жолының" негізі сонау ортағасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған "яргу" (jargu) заңынаналынған" деп жазды[21].

Қазақ заңдарына әсіресе Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңының тікелей әсерін атап өткен жөн. Өйткені Қазақ мемлекеті жоқта туған құбылыс емес, ол ежелгі Түркі дәуірінен бастау алып, Шыңғысхандық моңғолдар кезеңінде ірі реформациядан өтіп, Алтын Орда тұсында қайта сыналған мемлекеттік салттың тікелей жалғасы, мемлекеттіліктің қазақтық реформациядан өткен туындысы. Ал қазақ хандары Жошы ханның тікелей ұрпақтары. Мұндай династиялық билік қашанда өзіндік алғаш бастау алған ежелгі салтын сақтамай қоймайды. Сондықтан "Жеті жарғыны" "Ұлы жасақ" заңынан бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Бұл турасында "Бұл заңдар ("Жеті жарғының" құрамдары, -З.Қ.) мазмұны жағынан сонау Орыс хан, Қасым хан, Есім хан, қала берді моңғолдық "Жасақ" заңы үлгілерінен құрлған[22] - деген С.Зимановтың пікірі орынды. Біздің Тәуке ханның "Жеті жарғысы" Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңының Қазақ даласында туған кіші нұсқасы және Қазақ мемлекетінің әлем тарихына қосқан үлесі болып табылады.

Қазір біздің қолымызда Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы, қағанның өсиет қағидаларының моңғол, орыс, француз, тіліндегі алты түрлі мәтіні (Ли Зуфин, Сайшаал, Рене Груссе, Мишель Хоанг, кореялық профессор Ким Жон Рэ, Ішкі моңғолиялық Сайшаал, Ринжингава) тұр. Егер қаржы көзі табылып жатса осы мәтіндерді қазақ тіліне аударып, ғылыми алғысөз жазып кітап етіп жарыққа шығарсақ, қазақ тарихын зерттеуге құнды материал болар еді.


 c2b46a6244a61e9cfe43ae55852cdfa4.jpg



[1]. Шыңғыс хан Кереит Уаңхан екеуі бірлесіп 1198 жылы алғаш татар Мэгужин-сүлтіге қарсы аттанған қанды қақтығыс алаңынан алты-жеті жас шамасында табылған тегі татар ұлына Өлун ежен қойған ат. Өлун ежен Шихихутугты өзінің алтыншы ұлына балап "қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай" өсірген Шихихутуг әйгілі қолбасшы, Моңғол  мемлекетінің тоғыз төресінің (өрлөг) бірі болған. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша "Құпия шежіренің" және Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" (Великая яса) заңының авторы. Шыңғыс хан үкіметінің алғашқы бас әділетшісі болған және елге еңбегі сіңңген 88 адамның 16-сы болып аты аталған, Шыңғыс ханмен бірге шығыс жорығында болып Жуңду үшін шайқасқа қатысқан. Хорезм жорығында да қаған ағасымен бірге болған. Өгөдей қаған  тұсында Хань мемлекетінің Жуңжай аймағының әкімі болып тағайындалады. 1236 жылы Шихихутугтың басшылығында дүйім қытайда алғаш рет жан санағы жүргізілді. Осынау санақ негізінде қытайдың 110 түмен отбасы есепке алынған. Шихихутуг Өгөдей қаған тұсында дүниеден өткені жайлы дерек бар, бірақ ұрпағы туралы мәлімет жоқ.

[2].  Монголлын нууц товчоо. 203 бап.

[3] . Сайшаал. Чингис хааны товчоон. Дэд дэвтэр, 498-б.

[4].  Бұл да сонда. 501-б.

[5]. Лувсанданзан. Алтан товч. 136-137-б.

[6] . Голстунский К. Монголо-Ойратские законы 1640 г. дополнительные указы Галдан Хунтайджи и законы, составленные для Волжских халмыков при Халмыцком хане Дондук-Даши. - СПб., 1880, С.1-2.

[7] . Левшин А.И.Описание киргиз-казахских или киргиз-кайсацких орд и степей. с.364;  Сибирский вестник. Х. ІХ. СпБ.,  сс.185-188;  Султанов Т.И. Кочевые племена  приаралья в ХҮ-ХҮІІ вв. Вопросы этнической  и социальной истории. - М., С.64.   

[8]. Мұқаметханұлы Н. Чин патшалығы тұсындағы қазақтардың төте моңғол жазуын қолдануы туралы.

[9]. Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд боть, 491-492-бб.

[10].  "Тоғыз" айыбы Хұн дәуірінен басталады. Шыңғысханның "Ұлы жасақ" заңында ерекше мән-мағынаға ие болып, соңынан жалпы далалықтар үшін айыптың негізгі түріне айналды. Тоғыздың "аттан басталатын", "түйемен басталатын", "алтын-жамбымен басталатын" бірнеше түрі болған.

[11]. Левшин А.И. Описание киргиз-казахских или киргиз-кайсацких орд и степей. С.368.

[12]. Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд боть, 492-б.

[13]. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. С.321.

[14] . Сйшаал. Чингис товчоон. Дэд боть, 493-б.

[15].  Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. С.321.

[16] . Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд боть, 491-б.

[17]. Левшин А. Описание киргиз-казахских или киргиз-кайсацких орд и степей. С.370-372.

[18]. Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд боть, 499-б.

[19]. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. С.320.

[20] . Бұл да сонда. С.319.

[21]. Қазақ совет энциклопедиясы. Т.6, 542-б.

[22]. Зиманов С.З., Өсеров Н.У. "Жеті жарғы жайлы". 135-б.

     

      Зардыхан Қинаятұлы

«Көшпенділер мемлекетінің мәдени дамуы»

атты конференция үшін. Алматы,  2006 ж.

     Дереккөз: "Таризқа көзқарас"

       Jebeu.kz



АБАЙДЫҢ МАҒАУИЯҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
Қазақ даласындағы мемлекеттік өркендеудің сабақтастығы

Ұқсас тақырыптар