Қайрат пен Бүлдіршіннің паспорттары жасалатын болды

admin2 2018-07-04 17 ℃ Қысқаша

16 маусым күні Алматы облысы Шелек ауылында тұратын Керімхан Намазханқызы тұйықсыз қай...

IMG_3894.JPG

16 маусым күні Алматы облысы Шелек ауылында тұратын Керімхан Намазханқызы тұйықсыз қайтыс болған еді. Керімхан Намазханқызының күйеуі Әли Сылқымбайұлы мен үлкен ұлы Қайнар Әлиұлы 2017 жылдың күзінде Қытайға барып елге қайта алмай қалған. Қазір марқомның артында кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы мен 95 жастағы қайын атасы және 87 жастағы енесі қалған. Бұл туралы ақпарат abai.kz ақпараттық порталында жарияланған.

IMG_3890.JPG

20 маусым күні  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рақым Айыпұлы, бірлестік мүшесі Тұрсынәлі Тілеуше қатарлы азаматтар осы үйге хал сұрап барған. Ақпарат құралдарында айтылғандай Керімхан Намазханқызы қайтыс болардан бұрын ҚР азаматтығына құжаттар өткізейін десе күйеуі Қытайда болғандықтан өткізе алмапты. Осы аралықта 12 жастағы қызы Бүлдіршіннің Қытай паспортының уақыты бітіп, 16 жасар Қайраттың паспортының уақыты бітуге таяған екен. Жебеу мүшелері қос қарияға материялдық көмек көрсетіп, паспортының уақыты біткен екі баланың паспортын Қытай консулы арқылы қайта жасатып беруге, Қытайдағы Әли Сылқымбайұлы мен Қайнар Әлиұлын елге қайтару туралы Консулдық арқылы хат жіберуге уәде беріп қайтқан еді.

c1536e3c-5f5c-40f9-8986-8b8df3e92c43.jpg

21 маусым күні аталған мәселелер бойынша «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі Алматыдағы Қытай Консулдығына хат жазып кіргізген. Қытай Консулдығы Қайрат пен Бүлдіршіннің паспортының жасап беруге келіскендіктен, 3 шілде күні немере әпкелері Гүлзат Есмолда екеуін Алматыға алып келіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ғимаратындағы қонақ үйге қонып шықты. 4 шілде тәңертең «Жебеу» РҚБ-ның төрағасы Омарәлі Әділбекұлы мен Жебеудің алқа мүшесі Құрмет Қабылғазыұлы  құжаттарын реттеп, Қытай Консулдығына кіргізді. Қытай Консулдығы Қайрат Әлиұлы 16 жасқа толғандықтан, паспортының 20 күнде дайын болатындығын айтса, Бүлдіршіннің де паспорты жасалатындығын, бірақ кәмелет жасқа толмағандықтан біраз уақыт алатындығын айтып, құжаттарын қабылдап алды. Сонымен бірге Қайрат пен Бүлдіршін әкесі Әли мен ағасы Қайнарды елге қайтару жөнінде Қытай Консулдығына өтініштерін жазып өткізді.

IMG_3896.JPG

Көптен бері шешілмей келе жатқан шаруаларының беті бері қарағандай болғанына риза болған Гүлзат Баймолда «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен барша көмек қолын созып, тілеуін тілеген ағайынға алғысын білдірді. Гүлзат Баймолданың айтуынша қазіргі таңда осы отбасындағы Сылқымбай ата мен Шәкен апа төртеуіне өзі қамқор болып отыр екен. Гүлзат Баймолда Сылқымбай атаның үлкен ұлы Баймолданың қызы. Ол кісінің де күйеуі Қытайда қалып, келе алмапты. Қазір Сылқымбай атаның отбасында Гүлзат өзінің екі қыз, әке-шешесімен бірге қос қария мен қос бүлдіршінге қарайласып жатқанын айтты. Бүлдіршін Әлиқызы жаздық демалысында қосымша сабақ алып жүрсе, Қайрат үйде Сылқымбай атаның жүріп, тұруы қиын болғандықтан Гүлзатқа көмектесіп, атасына қарап жүрген көрінеді. Осыған дейін арасында Шелек ауылының әкімдігі осы отбасына арнаулы күтуші қызметкер жалдапты деген ақпарат шыққан еді. Осыған байланысты қойған сұрағымызға Гүлзат Баймолда Шелек ауылдық әкімдігінің бұл үйге хал сұрап келгенін, құжаттық жағынан қандайда бір көмектер қажет болса көмектесетіндігін айтып, арнайы қызметкер жалдағанын теріске шығарды. Енді Қытайдағы Әли Сылқымбайұлының тезірек келіп, отбасын аман-есен өзіне тапсырсам екен деген тілегін жеткізді. Қайрат пен Бүлдіршіннің паспорттары шықса, төртеуін ҚР азаматтығына өткізуге құжаттар жинайтындығын айтты.


Жебеу мүшелері бұл кісілерді сабырға шақырып, алдағы уақытта мәселелерінің шешім табатындығын айтып, балаларға еш уайымсыз сабақтарын жақсы оқуды тапсырды. Өздері сияқты құжаттық жақтан қиналған басқа отбасыларға көмектесуге дайын екендерін айтып, Қайрат пен Бүлдіршінге жаздық демалыстарында оқитын кітаптар беріп, ауылдарына шығарып салды.

Керімхан Намазханқызының қырқы нәзірі 24 шілдеде екен. Құдай қаласа, оған дейін Қайраттың паспорты дайын болып қалар деген үміттеміз. Әли мен Қайнардың да елге оралып, бір отбасының қауышуына да көп уақыт қалмаса керек.

a18ce299-d643-43f9-b72a-99d24c55c56d.jpg

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 

 


Дархан Кәлетаев Қоғамдық даму министрі болып тағайындалды
Кері қайту