Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылық етеді

Уақыты: 2018-01-01 Көрлімі: 243 Сипаттама

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылық етеді2018 жыл Қазақстан үшін сәт...

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылық етеді

2018 жыл Қазақстан үшін сәтті басталуда. Әлемдік саясатта Қазақ Елінің мәртебесі мен беделінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз. Өйткені, БҰҰ Қазақстанға әлемнің  бейбітшілігі мен  халықаралық қауіпсіздікті қамтамасызды етуді сеніп тапсырып отыр. Кез келген елге сеніп тапсыра бермейтін үлкен жауапкершілікті жұмысты мойынына алған Қазақтан, қаңтардың 1-нен 31-не дейін тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындауға кірісті.  Бұл ақжолтай жаңалықты Jebeu.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Айта кетейік, төраға Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша Кеңестің атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша және Қауіпсіздік Кеңесі әрдайым қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді.

ҚР СІМ өкілдерінің мәліметінше, 2 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айында төрағалықтың бағдарламасын қарастырып, қабылдайды деп күтіледі. "Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері болып табылмайтын БҰҰ-ға мүше елдер, баспасөз бен Үкіметтік емес ұйымдар үшін Кеңес жұмысының бағдарламасы туралы брифингтер өткізіледі. Қазақстанның бастамасымен Кеңестің тұрақты емес мүшелері ретінде екі жылдық мерзімге сайланғанына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің байрақтарын ресми түрде орнату рәсімі өтеді", - делінген сыртқы ведомство хабарламасында.

Мұнымен қатар, 18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді.

19 қаңтарда "Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру" тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады.

Ал 25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде "Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі" тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары өтеді.

Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында Кеңесте Сирия, Либия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастары өтеді. Төрағаның бірқатар қарарлары мен мәлімдемелерінің қабылдануы жоспарлануда.

2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған "Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас" атты саяси жолдауында көрсетілген. Олар жетеу: I) ядролық қарусыз әлемді жақындату; II) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; III) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; IV) терроризмге қарсы күрес; V) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері;VI) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету; VII) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету жоғары халықаралық мәртебе болып табылады, себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.

Jebeu.kz


文章评论

    共有条评论来说两句吧...

    用户名:

    验证码:

Жаңа жылдан бастап Қазақстан азаматтары тіркеуге тегін тұрады
Тимур Құлыбаев «жыл бизнесмені» атанды